"Онлайн сотта айыпкер адвокатымен де сөйлесе алмайды"

1065

Құқық қорғаушылар заңнамаларға бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды.  

"Онлайн сотта айыпкер адвокатымен де сөйлесе алмайды"

Құқық қорғау саласының сарапшылары "Әділ сот" атты онлайн конференция кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) комитеттерінің көзқарасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасы негізінде Қазақстан заңнамаларына өзгерістер енгізуді ұсынды.

Адвокат Светлана Ковлягина қазігі онлайн өтетін сот процестерінде кемшіліктер бар екенін алға тартты.

"Құқығын қорғауға барынша күш салғанымен, мәселесі шешілмеген азаматтардан түскен шағымдарды БҰҰ комитеттік органдары қарастырады. Яғни комитетке жүгінген адамдар бұған дейін соттың барлық деңгейінен өткен. Сондай-ақ, бүгінгі күні пандемияға байланысты сот тәжірибесінде орасан зор проблемалар бар. Қазір қылмыстық істерді сот онлайн режимде қарастырып жатыр. Сот процессі Zoom платформасында онлайн өтетіндіктен, айыпкерлер адвокатымен кеңесу мүмкіндігінен айырылған. Ал интернет сапасы нашар болса, сот кезінде байланыс үзіліп кетіп жатады. Сот отырысын өткізуге 40 минут қана уақыт беріледі деп айтуға болады. Сотқа қатысушылар "зумнан" шығып, қайта қосылуы тиіс. Кейде сөйлеушілердің дауысы естілмей, дыбысы шықпай жатады. Ал айыпкер осы кезде тергеу изоляторында жалғыз отырады. Адвокаттарымен де сөйлесе алмайды. Бұл өте маңызды мәселе. Өйткені қазір елде төтенше жағдай жарияланбаса да, соттар онлайн режимде жұмыс істеуін жалғастырып жатыр. Осыған байланысты шағым өте көп", – деді Павлодарлық қорғаушы.

"Қадір-қасиет" қоғамдық қорының сарапшысы Анар Ибраева БҰҰ комитеттері қабылдаған шешімдердің барлығы елдегі сот әділдігіне тікелей қатысты болып отырғанын мәлім етті. Оның айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты үш комитет шығарған 37 шешімінің барлығы да сот қызметіне байланысты болып отыр. Сондықтан сот жүйесі кемелдендіре түсуі қажет.

Ал Оралдық адвокат Мереке Ғабдуәлидің сөзінше, халықаралық конвенциялар аймақтық келісімдерден жоғары тұруға тиіс.

"Сот пен билік басқа мемлекеттің азаматын экстрадициялар алдында ол еліне барғанда оның өміріне, денсаулығына қауіп-қатер төну, төнбеу тәуекелін біліп алуы қажет. Мысалы Өзбекстан мен Тәжікстанның 31 азаматын экстрадициялаған кезде еліміз Терроризм, сепаратизм және экстремизммен күрес туралы Шанхай конвенциясын негізге алды. Сонымен қатар, Қазақстан тарапы құқықтық көмек көрсету туралы Минск конвенциясын да пайдаланды. Бұл жерде еліміз халықаралық құқық талаптарын дұрыс орындап, заң бұзған адамдарды өз мемлекетінің қолына табыстағандай көрінеді. Алайда Біріккен Ұлттар Ұйымының Азаптауға қарсы конвенциясы да бар. БҰҰ Азаптауға қарсы комитеті әр адамның ісін жеке қарап шыққаннан кейін ғана экстрадициялауды ұсынады. Жоғарыда айтылған азаматтарға қатысты ісінің анық-қанығына әбден көз жеткізіп алғанша, оларды Қазақстан аумағында қалдыра тұру керек еді деп ойлаймын. Осындай халықаралық құқықтар таласқа түскен кезде аймақтық келісімдерге емес, БҰҰ Азаптауға қарсы конвенциясы сынды құжаттарға басымдық берілуі керек", – деп атап айтты заңгер.

"Әділ сот" бейнеконференциясы кезінде құқық қорғаушылар еліміздің заңнамаларына бұдан басқа да бірқатар өзгеріс енгізу қажет екенін де сөз етті.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу