Оңтүстік Америкадан жеткен суыт хабар

3326

Бразилияның Шапекоэнсе футбол командасы әуе апатына ұшырады,

Оңтүстік Америкадан жеткен суыт хабар

Бұл қайғылы оқиға Колумбияның Медельин қаласында болды. Боливияның Санта-Крус-де-ла-Сьерра қаласынан Бразилияның Рионегро шаһарына тасымалдаушы ұшақ Хосе Мария Кордова әуежайында 29 қарашада Астана уақытымен таңғы 9.30 бен 10.00 сағат аралығында қону керек болатын. Алайда, ұшақ діттеген жеріне жетпей, Колумбияда апатқа ұшырапты.

Апаттың нақты қалай болғаны туралы әлі ақпарат жоқ, бірақ ұшақтың апатқа ұшырағанын жергілікті әуежай өкілдері мен Колумбияның Медельин қаласының әкімі Федерико Гутьеррес растады.

Бастапқы мәліметтерге қарағанда, араларында аман қалғандар да бар болып шықты. Ұшақ ішінде 72 жолаушы және экипаждың 9 мүшесі болған көрінеді. Жергілікті, яғни колумбиялық полицияның берген мәліметіне сәйкес, ұшақтағы 81 жолаушының бесеуін құдай сақтап тірі қалған. Оның өзінде олардың да ауыр халде екенін айтылады. Ал 76 адам көз жұмыпты.

Бразилияның Шапекоэнсе командасы 2014 жылы 35 жылдан кейін тұңғыш рет Оңтүстік Америка Кубогының жоғарғы дивизионына кірген болатын. Соңғы рет бұл клуб жартылай финалда өз елінде қарашаның 24-інде аргентиналық Сан-Лоренсо командасымен тең ойнағанына қарамастан финалға жолдама алған еді.

Финалдық ойынын осы Медельин қаласында желтоқсанның 1-і күні колумбиялық Атлетико Насиональ командасымен өткізу керек болатын. Өкінішке орай, ол күнге жете алмады.

Спорт клубтарының апатқа ұшырауы жалғыз бұл емес. Естеріңізде болса, 1979 жылдың 11 тамызында Украинаның Днепродзержинск қаласында да әуе апаты болып еді.

Ол кезде 8400 метрлік биіктікте екі Ту-134 әуе лайнері соқтығысып, 178 адам о дүниеге аттанды. Олардың ішінде Өзбекстанның "Пахтакор" футбол командасының 17 мүшесі қаза тапты. Бұл апат - КСРО тарихындағы ең ірі әуе апаты болып тіркелді.

1949 жылдың 14-ші мамырында Италияның Торино командасы Португалиядан елге қарай ұшып келе жатқан кезде, ұшақ тау шатқалына құлап команданың 18 мүшесі қаза тапты.

1960 жылдың 26 ақпанында ағылшындардың Манчестер Юнайтед футбол клубы Мюнхен әуежайынан ұшып шыққан сәтте апатқа ұшырап, 24 адам қаза болды. Ол кезде МЮ Еуропа чемпиондарының кубогы үшін таласта ширек финалдық ойынын өткізіп елге қайтып бара жатқан еді. Ол қарымта матч Белградтың Црвена Звезда командасымен өтіп тең аяқталды. Екі ойын нәтижесімен ағылшындық клуб жартылай финалға жолдама алып, қуанышты көңіл-күймен шыққан еді.

Айта берсек көп. Голландиялық футболшылар Рууд Гуллит пен Франк Райкаардтың өмірлерін құдай ұзақ қып берген шығар. Неге десеңіз, 1989 жылдың 4 маусымында ұшақ қонар сәтте апатқа ұшырап, 23 ойыншы қаза тапты. Абырой болғанда, голландиялық екі жұлдыз ол ұшаққа отырмай қалған екен.

Дания құрамасы да 1960 жылы 16 шілдесінде осындай апаттардың біріне ұшыраған болатын.

Ал осы күні тек бразилиялықтар емес, бүкіл әлем қатты қайғырып жатқаны айтпаса да түсінікті. Біз де қайғыларына ортақпыз. Жандары жәннатта болсын!

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу