"Оңтүстік Қазақстан" газеті неге адал емес жеткізуші атанды?

7847

Облыстық басылымның барлық банк есепшоты бұғатталды.

"Оңтүстік Қазақстан" газеті неге адал емес жеткізуші атанды?

Қазіргі кезде Ontustik Qazaqstan атауымен шығып жүрген облыстық бұл газеттің тарихы терең: "Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясына" жүгінсек, ол алғаш бір ғасырдай бұрын Түркістан республикасы Орталық партия комитетініңің органы ретінде "Ақ жол" атауымен 1924 жылғы 26 қарашада басылыпты. Бастапқыда газет Түркістан, Сырдария, Жетісу губернияларына және Қарақалпақстанға тараған. 1925 жылы Қазақ автономиясының астанасы Қызылордаға көшірілгенде газет сол қаладағы "Еңбекші қазақ" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетімен біріктірілген. Ал 1929 жылы республика астанасы Алматы болған соң, Сырдария аймақтық партия комитеті мен атқару комитетінің органы ретінде "Ленин жолы" деген жаңа атауымен қайта жарық көрді.

Ақыры 1932 жылдың көктемінде еліміздің аумақтық құрылымдары қайта қаралып, облыстар құрылда газет қазіргі атауына ие болды. Газеттің негізін Т.Рысқұлов, С.Қожанов, О.Жандосов, О.Исаевтар қалаған екен.

Ол дәуірі әрине, артта қалды. Енді "Оңтүстік Қазақстан" газеті жүз жылдық межесі қарсаңында қиындыққа жолығып отыр: "Оңтүстік Қазақстан" облыстық қоғамдық-саяси газеті редакциясы" ЖШС-ның есепшоты бұғатталып тасталған және ол бірнеше ай бойы тендерлерден сыртқа қалды.  

Ведомство қандай айып тағуда?

Бұған Қаржы министрлігінің 2020 жылғы 26 ақпандағы N91236-02-20 бұйрығы негіз болыпты. Құжатқа ведомствоның уәкілетті тұлғасы Марат Жексембин қол қойған.

Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, басылымға "мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтару" деген айыпталып отыр. Себебі, "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңының 44-бабының 1-тармағына сәйкес, егер жеңімпаз деп танылған әлеуетті өнім беруші белгіленген мерзімде тапсырыс берушіге тиісті мемлекеттік сатып алу туралы келісімшартқа қол қойып, ұсынбаса, онда ол "мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды" деп танылады.

Редакция тендерде жеңіп шыққанымен, белгіленген мерзімде сол шартқа қол қоймаған.

"Заңға сәйкес, "Оңтүстік Қазақстан" облыстық қоғамдық-саяси газеті редакциясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттік сатып алудың жосықсыз (адал емес) қатысушысы деп танылды. Бұл тізімде болу мерзімі бұйрық бекітілген күннен бастап 24 айға белгіленді. Бұйрық қол қойылған күні күшіне енді", – дейді меморган.

Адал емес, яғни жосықсыз жеткізуші атанып, биліктің "қара тізіміне" ену – кез келген кәсіпкер үшін жойқын соққы. Өйткені соның кесірінен бірде-бір мемлекеттік сатып алу конкурсына қатыса алмай қалады. Демек, ұжымын "асырайтын" қаражат таппай, жабылып қалуы да ғажап емес.

Газеттің уәжі қандай?

Қазіргі дағдарысты шақта кез келген ақпарат құралы үшін мемлекеттік қаржыландыруға қол жеткізу – "құтқару шеңберіне" тең. Онда не себепті редакция басшылығы құжатқа қол қоюдан бас тартты?

Мұның мән-жайын "Оңтүстік Қазақстан" облыстық қоғамдық-саяси газеті редакциясы" ЖШС-нің директоры – бас редактор Абай Балажан жария етті. Барлығына облыс әкімдігі жүргізген өзгерістер кінәлі болса керек.

"Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті өткізген мемлекеттік сатып алу конкурсының баға ұсынысына қатысып, біз биылғы 12 ақпанда жеңімпаз деп танылдық. Осы мекеме артынша, 20 ақпанда №74 келісімшартты жіберді. 5 жұмыс күні ішінде оны бекітіп, кері жіберуіміз қажет-тін. Алайда біз келісімшартқа қол қоя алмадық", – деді ол.

Неге? Себебі, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев осы жылғы 30 қаңтардағы қаулысымен "Turkistan Media Holding" ЖШС-ын құрып, "Оңтүстік Қазақстан" газетін сол мекеме құрамына өткізіп жіберіпті.

"Біз келісімшартқа қол қояр кезде "Turkistan Media Holding" ЖШС өз бұйрығымен біздің редакцияның электронды қол қою кілтін алып қойды (ЭЦҚ-ны жойды). Бұл уақытта цифрлық қолымыз еш жерге жүрмейтін. Біз қарсы шығып, жаңа құрылымның – медиахолдингтің заңсыздығын айтып, облыс әкіміне хат түсірдік. Содан кейін құзырлы орган мәселені қайта қарап, 2020 жылғы 1 сәуірде біздің әу бастағы құрылымымызды қайта қалпына келтіру туралы жаңа қаулыға қол қойды. Біз осылайша өз құрылымымызды сақтап қалдық", – дейді Абай Бекназарұлы.

Бүгінде газеттің шығу деректерінде: "Құрылтайшысы – Түркістан облысының әкімдігі. Меншік иесі – "Оңтүстік Қазақстан" облыстық қоғамдық-саяси газеті редакциясы" ЖШС" деп жазылған.

А.Балажан Қаржы министрлігі комитетінің жосықсыз өнім беруші деп тануы салдарынан басылым 7 айдан бері мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатыса алмай жатқанына қапаланады.

"96 жылдан бері үзбей шығып келе жатқан, таралымы тұрғысынан елде алдыңғы орындардың бірінде тұрған (таралымы – 34 мың 755 дана деп көрсетілген) газет редакциясы жыл сайын бюджетке 15–17 миллион теңгедей қосымша құн салығын құятын. Ал соңғы 8 айда бұл көрсеткіш небәрі 5 миллион теңгені құрап отыр. 52 адам жұмыс істейтін мекемеде қызметкерлерге жалақы төлей алмай қалу қаупі туындауда. Бір сөзбен айтқанда, біз келісімшартқа заңды әдейі бұзып қол қоймай қойған жоқпыз. Өзімізден жоғары тұрған органдардың шешімімен электронды қол қою кілтін өткізіп жібергендіктен ондай мүмкіндіктен айырылдық. Кейін елде коронавирус пандемиясы өршіп, карантинге жабылдық", – дейді кәсіпорынның директоры әрі бас редактор Абай Балажан.  

Осыған орай редакция Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан басылымды "мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы" деген тізімнен алып тастауды өтінеді.

Дегенмен, барлығы заң аясында жасалғандықтан оңтүстікқазақстандық журналистерге екі жылдай басқа тәсілдермен өз күнін өзі көре тұруына тура келетінге ұқсайды. Бұл оқиға құрылтайшыларға бизнесті қалай жүргізуге болмайтындығының бір үлгісін көрсетсе керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу