Оңтүстік Корея Қазақстанда АЭС сала ма? Энергетика министрлігі пікір білдірді

2389

Энергетика министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Алмас Ихсанов Қазақстандағы Корея Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг-соктың елде атом электр станциясын (АЭС) салу ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оңтүстік Корея Қазақстанда АЭС сала ма? Энергетика министрлігі пікір білдірді

Бүгінде елордада Қазақстан-Корея энергетика және ресурстар саласындағы ынтымақтастық семинары өтті.

Жиында елші Ку Хонг-сок Оңтүстік Корея 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 40% қысқартуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

"Бұл елде көмірден энергия алуды азайтып, жаңа және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы жүзеге асады. 2030 жылға қарай Қазақстан да жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15% арттырып, көмір тұтынуды азайтуды көздеп отыр", - деді елші.

Ол бұл мақсатқа жету үшін атом энергетикасын пайдалану маңызды екенін атап өтті.

"Көміртекті бейтараптандыру – шығарындылары нөлге тең энергетикалық жүйеге көшу. Бұл мақсатқа жету үшін жаңартылатын энергия көздері мен ядролық энергетиканы пайдалануды маңызды. Менің білуімше, Қазақстан экологиялық таза атом электр станциясын салу мәселесін қарастырып жатыр", - деді Ку Хонг-сок.

Оның айтуынша, аталған жобаны жүзеге асыруға оңтүстіккореялық компаниялар көмектесе алады.

"Болашақта қазақстандық атом электр станциясының құрылысы басталса, әлемдегі атом энергетикасын пайдалану технологиясы мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету секторында тәжірибесі ең жоғары болып саналатын оңтүстіккореялық компаниялар атом электр станциясының құрылысына қатыса алады деген сенімдемін. Осылайша, біз халықтың энергетикалық әл-ауқатын арттыра отырып, неғұрлым қауіпсіз әрі үнемді атом электр станциясын сала аламыз. Сондай-ақ 2060 жылға дейін Қазақстан Үкіметінің көміртекті бейтараптандыру жөніндегі мақсатты жүзеге асырамыз", - деді Қазақстандағы Корея Республикасының төтенше және өкілетті елшісі.

Бұл ұсынысқа қатысты Энергетика министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Алмас Ихсанов пікір білдірді.

"Бұл мәселе әлі нақтыланып жатыр. Қазақстан Үкіметі аталған жобаға қатысты нақты шешім қабылдаған жоқ. Себебі, жобаның халыққа және экологияға зардабын тигенін қаламаймыз. Бүгінде осы жобаны жан-жақты зерттеп жатырмыз. Сондай-ақ атом электр станцияларын салу бойынша халықаралық тәжірибені де зерттеудеміз", - деді басшы.

Сонымен қатар Алмас Ихсанов бүгінде елдегі электр энергиясының басым бөлігі көмір мен мазут есебінен өндіріліп отырғанын айтты.

"Мысалы, көмір генерациясының үлесі шамамен 70%. Бұл шикізаттың арзан болуына байланысты. Бұл тұтынушылар үшін электр энергиясын қолжетімді бағада ұстап тұруға мүмкіндік берді", - деді директор.

Сондай-ақ ол елде ЖЭК жобаларының үлесін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

Айта кетейік, осыған дейін Корея Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Қазақстанда АЭС салынса, Оңтүстік Корея көмектесе алатынын айтқан еді.

Дәурен Ерболат
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу