Оңтүстік Корея Қазақстанға жер серігін жасап беруге ниетті

Кореялық зауыт бір жолда жүздеген газ құю бекетін орнатуға дайын. 

Оңтүстік Корея Қазақстанға жер серігін жасап беруге ниетті

"Ұлы дала елі" мен "Таңғы жұпар елінің" арасындағы  экономикалық әріптестік бағдарламасының аты да ерекше – "Самал жел". Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында осы бағдарламаны жемісті жүзеге асырудың тетіктерін талқылаған басқосу өтті. 

Қазақстан тарапынан сөз алған индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев қазақстандық өндірушілер Оңтүстік Кореяға химия және тамақ өнеркәсібінің, мұнай мен металдың 40 түрлі өнімін ұсынуға дайын екенін атады.  

"Екі арадағы тауар айналымын ұлғайту үшін арнайы жұмыс тобын құруға дайынбыз. Жыл басынан бергі  айналым көлемі 3,5 млрд АҚШ долларға жетіп отыр. Оның ішінде экспорттың үлесі 1,7 млрд доллар. Қазақстан аумағында Корея капиталына құрылған 500-ден астам өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр", –  деді  вице-министр.

Кореялық делегацияның басшысы, сауда, индустрия және энергетика вице-министрі Ким Йонг-Рэ өздері салған 4,6 млрд долларлық инвестицияның  арқасында 46 жоба қолға алынғанын атады. Оның ішінде Алматы қаласындағы үлкен айналма жолдың құрылысы да бар. 

Қайырбек Өскенбаев кореялық әріптестеріне Қазақстанға инвестиция салу арқылы Орталық Азия көлемінде маңызы бар жобаларға атсалысуға болатынын жеткізді. "Астана" халықаралық қаржы орталығы арқылы Тынық Мұхиттың Қытай жағалауында орналасқан Ляньюньган терминалын тасымал бекеті ретінде пайдалану ұсынылды. "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық бағдарламасының мүмкіндіктері мен "Батыс Қытай – Батыс Еуропа"  құрлықаралық дәлізінің Қазақстан аумағымен өтетіні де тілге тиек етілді.

Сөз арасында Ким Йонг-Рэ Қазақстанға арнап жер серігін жасауға болатынын айтты.

"Біздің бірінші ұсынысымыз жер серігіне қатысты. Қазақстанның жер серіктерін жасауға бағытталған нақты жоспарларын білгіміз келеді. Олардың ақпарат тарту жиілігі орташа бола ма әлде жоғары болуы керек пе? Осы мазмұндағы ақпарат берсеңіздер. Бұл жобаға тендер өткізген кезде сіздердің бізбен әріптестік орнатуға қаншалықты қызығушылық танытатындарыңыз да маңызды. Қолдау болса, біз бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз. Бүгінгі келісімдердің өміршеңдігі үшін сіздерді Сеулге шақырамыз. Бүгінгі байланыстың жалғасы сол жақта көрініс тапқаны керек",– деді Оңтүстік Корея өкілі.

Делегация басшысы Қазақстанға арнап  газ құю бекеттерін шығарғысы келетіндерін де айтты. Біздің тарап тапсырыс бере қалса, кореялық зауыт бір жолда жүздеген бекет орната алатын көрінеді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу