Оңтүстіктің шаруалары ГМО төңірегінде сөз қозғады

3919

Алматы облысының шаруалары құс фабрикалары арзан импорттық сояның ГМО-күнжарасын сатып алып жатқан жоқ па деп күдіктенеді.

Оңтүстіктің шаруалары ГМО төңірегінде  сөз қозғады

Алматы облысының соя өсірушілері алдағы күзде өз өнімдерін өткізетін нарық таппай қалуы мүмкін. Олардың сөзіне сенсек, өңірде белгісіз бір жеткізуші пайда болған. Ол өңірдің құс фабрикаларын арзан ГМО күнжарасымен қамтамасыз етуде. Өздеріңіз білесіздер, гендік-модифицияланған соя органикалық соядан үш есе артық өнім береді. Егер еліміздің диқандары бір гектардан 25-30 центнер астық алса, ал ГМО өсірушілер әр гектардан 70 центнер алады. Осыдан барып одан шығарылатын өнім, оның ішінде күнжара бағасы арзан болады.

"Біздегі соя бағасы бірден арзандап кетті, бұрын бір келісі 140-150 теңге болса, қазір 90 теңгеге дейін түскен. Бұл сырттан тауар келгеннен кейін болып отыр. Калининград облысындағы бір ұйым Аргентинадан күнжара әкеледі екен.  Ал аргентикалық, бразилиялық және АҚШ күнжарасының  90%-ы ГМО  екені белгілі. Бізде осыған дейін бағаның күрт төмендеуі болған емес. Өзіміз тексеріп көрейік деп құс фабрикаларымен сөйлестік. Олармен телефон арқылы сөйлескен кезде ГМО соясын қолданып жатқандарын, бірақ мұны қазір жария етсе, үлкен жанжал туындауы мүмкін екенін айтты. Әрине, нарық заңы бойынша арзанның өтімді болатыны белгілі. Бірақ ұлттық мүддені ұмытпаған жөн. ГМО соясы дегеніміз не? Бұл – өсіп-өнуге тыйым салу деген сөз. Бізді құртып-жою кімге керек екенін түсінбедім", – дейді Талдықорғандағы шаруа қожалықтарының бірінің басшысы Александр Авдеев.

Шаруалардың айтқанынмен ғылыми-зерттеу зертханасының мамандары да келісіп отыр. Ғалымдардың айтуынша, елде ГМО дақылдарын өсіруге тыйым салынғанына қарамастан, өсімдік шаруашылығының гендік өндірмесі бар өнімдері шетелден еш кедергіз-ақ келіп жатыр. Мұның басты себебі – оларды шекара  бекеттері арқылы  өткізуді реттейтін нормативтік құжаттың болмауында. Мамандар елімізде ГМО өнімдері мемлекеттік тіркеуден өтпейтінін айтады.

"Кедендік шекарада сырттан әкелінген өнім тексеріліп, Кедендік одақтың азық-түлік бойынша техникалық регламенті талабына сай  таңбалануға тиіс. Алайда, өкінішке қарай, бізде мұндай жұмыс жүргізілмейді. Сондықтан біздің еліміздің аумағында ГМО өнімі жоқ деп айта алмаймыз", – дейді "Нутритест" ЖШС ғылыми-зерттеу зертханасының маманы Айгүл Шарипиева.

Ғалымдар гендік инженерияның жылдам дамып келе жатқанын, сондықтан онымен қатар даму үшін нормативтік базаны дер кезінде өзгертіп, зерттеудің жаңа стандарттарын енгізу қажет. Бірақ та бұлай болғанның өзінде де мамандар ГМО өнімдерінің жаңа түрі елімізге еш кедергісіз ағылып келіп, біздің дастарханымыздан табылатынына еш күмән келтірмейді.

"Еліміздің аумағында  ПТР (полимеразиялық тізбек реакция – автор еск. ) қолданатын үш стандарт бар.  Мұның барлығы промотор 35-С және терминатор – О сияқты белгілерді анықтауға бағытталған. Бұл – ең көп тараған элементтер және кеңінен қолданып жатқан реттегіш элементтер. Алайда гендік инженерия дамып кетті, осыған байланысты әлемде көптеген реттегіш элемент қолданылуда. Сондықтан еліміздің аумағындағы ГМО өнімдерін толық қадағалау үшін жаңа стандарттарды енгізіп отыру керек", – деп есептейді "Нутритест" ЖШС ғылыми-зерттеу зертханасының маманы Жәмила Серікова.

Қазақстан 2008 жылы Картахенск хаттамасын бекітті. Құжатқа қол қойған елдер биоқауіпсіздікке қатысты халықаралық міндетті сақтап, ГМО организмдерді трансшекералық өткізуді бақылауға алу керек. Картахенск хаттамасының нормаларын іске асыру үшін Қазақстан бірнеше құқықтық актілерді тұжырымдады. Алайда әлі күнге дейін  "Гендік инженерия жұмысын мемлекеттік реттеу туралы" заң  қабылданбай отыр. Алматы облысының прокуратурасындағылар заң болған болса, онда ол жергілікті заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік берер еді деп отыр.

"Бұл мәселе қазіргі уақытта маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Еліміздегі заңнаманың осалдығынан ГМО өнімдері еркін еніп жатыр. Бізде бірыңғай реттеуші орталық пен тиісті нормативтік актілердің болмауы осыған әкеп отыр", – деді өңірдегі бақылау органы маманы Таир Важитов.

Алматы облысының шаруалары "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының облыстық филиалына ұжымдық арыз жазып жіберген. Аграрлар құқық қорғаушылардан тексеріс жүргізіп, соя бағасының түсуінің нақты себебін анықтауды сұрайды.

"Осы мәселеге қатысты облыстық шаруалар одағы филиалының басшысы Ақшабай Керімбековтан шағым түсті. Алдағы аптада дөңгелек үстел өткізуді жоспарлап отырмыз, оған соя өсірушілерді, құс фабрикаларының, ауыл шаруашылық басқармасының басшыларын шақырып, мәселені қарастырамыз. Шаруалар өз өнімін қымбатырақ сатқысы келетіні түсінікті. Бірақ та нарық заңдылығын ескерген жөн. Осы дөңгелек үстел барысында мәселені шешеміз деп ойлаймын", – деді "Атамекен" КҰП-тың Алматы облыстық филиалының директоры Лаззат Шыңғысбаева.

Соя күнжарасы соя дәнінен сығымдап май алу барысында пайда болады. Соя күнжарасы минералдық кешен, амин қышқылы мен ақуызға бай.  Құрама жемді дайындау үшін пайдаланылады, ауыл шаруашылық малдарын азықтандыруда ең сапалы өнім. Соя күнжарасы сіңімді. Елімізде соя күнжарасы құс фабрикаларында көп қолданылады.Күнжараны қорек еткен тауық, күркетауық және басқа да құстар тез семіреді.

"Қазіргі күні біздегі құстың саны 49 миллионға жетті, кәсіпорын әр жыл сайын өндірісті арттыруда. Ал бізде ірі зауыт ретінде тек бір ғана соя зауыты – "Вита-Соя" ғана жұмыс істейді. Ол көп жағдайда осынысын асырап пайдаланып, бағаны көтеріп жібереді. Сол себепті біздің құс фабрикаларымыз күнжараны шетелден алуға мәжбүр. Өздеріңіз білесіздер, өнімнің өзіндік құнының 70-80%-ы жемге байланысты болады. Жем-шөп арзан болса, өнім де арзан болады, әрі тұтынушының да қалтасын қақпайды", – дейді Қазақстан құс өсірушілер одағының басшысы Руслан Шәріпов.

Руслан Шәріповтің айтуынша, әрбір құс фабрикасының өз зертханасы бар, ол жерде жемді зиянды қоспалар мен ГМО-ға тексереді. Ол әзірге ешқандай тәртіп бұзушылық болмағанын айтты.

Алматы облысында 65 мың шаруа қожалығы соя өсіреді, олардың егістігі 125 мың гектар. Мемлекет жыл сайын соя өсіретіндерге бюджеттен субсидия бөліп отыр.

Гүлназ Ермағанбетова, Алия Ахмедиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу