Ресей ГМО-сиырлар өсіре бастады. Қазақстан қорғана ала ма?

5133

Республикада осы салаға нақты жауап беретін құрылым да жоқ көрінеді.  

Ресей ГМО-сиырлар өсіре бастады. Қазақстан қорғана ала ма?

Әлемде өткен ғасырдан бері үй жануарларын қолдан өсіруге және клондауға әлденеше рет талап жасалуда. Алайда көрші Ресей одан әрі құлаш ұрып, геномы өзгертілген сиырларды өсіруге кірісіпті.

ТАСС агенттігі кеше "Свердлов облысында генетикалық модификацияланған тұңғыш бұзау дүниеге келгенін" жария етті.

Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, солтүстік көршінің, атап айтқанда Оралдың ғалымдары сиырлардың геномын өзгертуге үйренген. Нәтижесінде, гені редакцияланған бұзау туылды. ГМО-сиырлардың мүйізі өспейді екен (мүйізсіз сиырлар көбірек сүт береді деп есептеледі, әрі бірін-бірі мүйіздемейтіндіктен шағын үй-жайда көбірек сиырды ұстауға жол ашылады), тіпті оның сүтінің құрамы да өзгеше болады.

"Оралдық ғалымдар Ресейде тұңғыш рет бір жасуша деңгейінде сиырдың геномын өзгертуге мүмкіндік беретін технологияны әзірлеп шықты. Өзгерту үшін біз 3 нысананы таңдап алдық. Бұлар – сиырлардың лейкозға бейімділігі, мүйізінің өсуі, оның сүтінде аллергия тудыратын ақуыз-белоктың болуы. Осылайша, қазіргі кезде біз сиыр геномын өзгертетін технологияны әзір еттік. Бұл – алғашқы эксперименттік бұзау", – деп мәлімдеді Ресей Ұлттық академиясының Орал федералдық аграрлық ғылыми-зерттеу орталығының жетекші аға қызметкері, биология ғылымдарының докторы Анна Кривоногова.

Орталықтың баспасөз қызметі хабарлағандай, зерттеу барысында ресейлік ғалымдар сиырдың бастапқы жасуша-клеткасына аденовирус енгізу арқылы оның геномын өзгертуге ұйғарыпты. Зеңгі баба түлегінің генін редакциялайтын жүйе де дәл сол аденавирус арқылы ендірілген. Вирус ол өзгерістердің сиырдың кейінгі ұрпағына берілуін қамтамасыз етеді екен.

РҒА Орал федералдық аграрлық ғылыми-зерттеу орталығы тек мал шаруашылығында ғана емес, сондай-ақ өсімдік шаруашылығында жаңа технологияларды әзірлеу және енгізу, сол арқылы халықты азық-түлікпен молынан қамтамасыз ету үшін құрылған. 

Оның құрамына Қазақстанмен іргедегі Челябі, Қорған, Екатеринбург қалаларындағы ұқсас 5 ғылыми орталық та кіреді.

Бұл хабар бірқатар қазақстандық сарапшыларды тіксінтіп отыр.

Сарапшы-аудитор Асхат Бейсекеев осы мәселеге биліктің назарын аудартып, хат жазды. Ол АШМ басшысынан өсімдік және мал шаруашылығында, олардың қайта өңделген өнімдерінде тіркелген гендік-модификацияланған организмдердің (ГМО), трансгендік ағзалардың қазақстандық тізілім-реестрінің, ең құрығанда қарапайым тізімінің бар-жоғын сұрастырды.

Айта кету керек, осыдан бірнеше жыл бұрын депутаттар мен мамандар "ГМО туралы" жеке заң жобасын әзірлеген болатын. Ол сол бойы қабылданбай қалды. Оның орнына Президент Н. Назарбаев 2014 жылғы 17 қаңтардағы "Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты жолдауында ГМО-ны дамытуды ұсынды.

"Біз аграрлық ғылымды дамытып, сынақтық аграрлық-инновациялық кластерлер құруымыз қажет. Уақыт көшінен қалмай, табиғи азық-түлік өндірумен қатар құрғақшылыққа төзімді гендік-модификацияланған өнімдер өндірісін де жүргізу маңызды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қалай болғанда, әлі күнге дейін Қазақстанда ГМО-сиырларға, олардың еті мен сүтін елге әкелуге тыйым салатын заң жоқ.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бұл мәселе "Тұқым шаруашылығы туралы" заңында ғана көрініс тапқанын қаперге салды. Заңның "Тұқымдарды өндiру мен пайдалануға қойылатын талаптар" деп аталатын 13-бабында "1. Ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң тұқымдары, гендік инженерия (генетикалық жағынан түрлендірілу) негізінде алынса, оларды өткізуге және егу (отырғызу) үшiн пайдалануға тыйым салынады" деп қана жазылған.

"Алайда Қазақстан аумағында тіркелген гендік-модификацияланған, трансгенді организмдер (ГМО) желісінің тізілімін не тізімін жүргізу бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзыреті жоқ", – деп қысқа қайырды АШМ басшысы.

Әлемде ГМО-сы бар азық-түлік өнімдері көбейіп барады. Қазіргі заманда дүниежүзінде өсірілетін бүкіл сояның 77%-ы, жүгерінің 32%-ы, мақтаның 80%-ы, рапстың 30%-ы – трансгендік болып табылады. ГМО дақылдарды өсіруге АҚШ, Бразилия, Аргентина, Үндістан секілді негізінен халқы көп 24 елде ресми рұқсат етілген.

Гендік модификация экономикалық тұрғыдан тиімді. Ондай дақыл тыңайтқышты, пестицидтерді, жанар-жағармайды, адам еңбегін мейлінше аз шығындауға мүмкіндік береді. Ең бастысы өнім шығымдылығын арттырады. Бұл азық-түлікке сұраныс ұлғайған заманда аса маңызды. Сондай-ақ ГМО ауыл шаруашылығы дақылдарын климаттық өзгерістерге, зиянкестерге төзімді етеді. Олардың кейбірі егілген егістікке тіпті көкқасқа шегіртке де тимейтін көрінеді, жемейді. 

Трансгендік өнімдердің ауқымы мен ағыны барған сайын артуда. Ал олардың адам ағзасына қауіпсіздігін кепілдендіретін ғылыми дәйектемелер жоқ. Сондықтан Еуропалық Одақ өндірушілерді, импорттаушыларды "ГМО бар өнім" және "ГМО жоқ өнім" деп таңбалауға міндеттеді. Оны бұзғандар жазаланады.

Енді міне, Ресей ГМО-малдар өсіруге ден қойды. Демек "ГМО туралы" заңына ел Парламенті қайта оралса жөн. Депутаттар құлағына "алтын сырға".

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу