ОПЕК+ отырысының кейінге қалдырылуы мұнай бағасына ықпал етті

2024 жылы әлемдік нарықта "қара алтынға" сұраныс азайып, ұсыныс артуы мүмкін. 

ОПЕК+ отырысының кейінге қалдырылуы мұнай бағасына ықпал етті Фото: inbusiness.kz

 

Әлемдік биржаларда Brent маркалы мұнай бағасы сәрсенбіден бері төмендей бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Эталондық маркалы мұнай бағасы барреліне 81,7 долларға (-0,9%) дейін құлдырады. Бұған жаһандық нарықтағы бірнеше фактор ықпал етті. Оның біріншісі - АҚШ Энергетика министрлігінің мәліметі.

Мұнай қоры артып, баға құлдырап кетуі мүмкін

Оған сәйкес, Құрама штаттардағы коммерциялық мұнай қоры өткен аптада көбейіп, 1,2 млн баррелден асып түсіп, 8,7 миллион баррельге жетті. Коммерциялық жанармай қорлары 0,7 миллион баррельге өсті. Бұған дейін ол 0, 2 млн баррельге төмендейді, деп болжанған болатын.

"Қара алтын" нарығына кері әсер еткен келесі фактор – ОПЕК+ кездесуінің шегерілуі. Бұған дейін жиын 26 қарашаға жоспарланған еді, алайда күтпеген жерден 30 қарашаға ауыстырылды. Ал Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, одақ елдері алдағы айларда мұнай өндіруді ұлғайтуға келіседі деген алаңдаушылық барын мәлімдеді.

"Сәйкесінше, 2024 жылы әлемдік мұнай нарығында сұранысқа қарағанда ұсыныстың артуы мүмкін, бұл бағаны төмендетеді. Қазірдің өзінде мұнай бағасы 0,9% құлдырады", – деп хабарлады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.

ОПЕК+ өндіріс шектеулерін ұзартуы мүмкін

Ал Financial Times басылымы керісінше, ОПЕК+ өндіріс шектеулерін ұзартуы мүмкін, деп хабарлады. 

"ОПЕК+ елдері арасында жетекші мұнай өндіруші Сауд Арабиясы мұнай өндіруге ерікті шектеуді кем дегенде келесі жылдың көктеміне дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыруда", – деп жазады Financial Times жеке дереккөздеріне сілтеме жасап.

Еске сала кетсек, Сауд Арабиясы 1 шілдеден бастап мұнай өндіруді тәулігіне 1 млн баррельге дейін қысқартты. Осылайша, көрсеткіш тәулігіне 9 млн баррельді құрады. Бұл соңғы жылдардағы ең төменгі меже. Сауд Арабиясының энергетика министрі ханзада Абдулазиз бен Сальман бұл қысқарту 1 айға енгізілгенін мәлімдеген болатын, кейін  өндіріс көлемін қысқарту жыл соңына дейін жалғасатын болды.

"ОПЕК+ мұнай өндіруді тәулігіне 1 миллион баррельге дейін қосымша қысқарту мәселесін талқылап жатыр. Мұнай өндіруші елдердің өндіріске жаңа шектеулер енгізуді қарастыруының басты себебі – өткен аптада мұнай бағасының бірнеше айдағы ең төменгі деңгейге дейін төмендеуі", – деп хабарлады Financial Times.

Араб мұнай өндірушілері энергияны "қару" ретінде пайдаланбасына кім кепіл?

Ал, АҚШ президентінің энергетика мәселелері жөніндегі аға кеңесшісі Амос Хокштейн араб мұнай өндірушілері энергияны қару ретінде пайдаланбайтынына сенім білдірді.

"Мұнай тауарға айналғаннан бері ол кейде "қару" ретінде қолданылып келеді. Біз бұған алаңдаймыз және оны алдын алуға тырысамыз. Өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы ынтымақтастық соңғы екі жылда энергетикалық күйзелістердің алдын алу тұрғысынан өте маңызды болды", - деді БАҚ-қа берген сұхбатында Амос Хокштейн.

Ангола мен Нигерияның мұнай өндіру бойынша жоспары басқа

Бұған дейін ОПЕК+ кездесуінің африкалық өндірушілермен келісімге келе алмауы салдарынан кейінге шегерілгені туралы ақпарат тараған. Бұл тұста Reuters агенттігі жуырда келісімге мүше елдер бір ымыраға келетінін хабарлады.

"ОПЕК+ африкалық мұнай өндірушілермен 2024 жылға дейін өндіріс көлемін қысқарту бойынша ымыраға келуге жақын", – деп хабарлады Reuters агенттігі.

Агенттік ақпаратынша, бұған дейін Ангола мен Нигерия "қара алтын" өндірісін арттыруға тырысқан. Алайда мүше елдер мұнымен келіспей, кездесу күні 26 қарашадан 30 қарашаға шегерілді. Салдарынан бұл жайт мұнай бағасының күрт төмендеуіне әкелді.

Лондонның ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнайдың қаңтардағы фьючерстері барреліне 81,78 долларды құрады.

Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) электрондық саудада WTI маркалы қаңтар фьючерстері осы уақытқа дейін 0,28 долларға (0,36%) төмендеп, барреліне 76,82 долларды құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу