Оралда саябақтағы кафенің мүліктері ұрланып кеткен

1522

Оларды техноломбардтан тапқан кәсіпкер қайтара алмай отыр. 

Оралда саябақтағы кафенің мүліктері ұрланып кеткен

Оралдық кәсіпкер Тілек Ғұбашев өзіне тиесілі дүниелердің ұрлануына техноломбард иесі мен тәртіп сақшыларының да қатысы бар деп шағымданып жүр. Түсіндіру үшін айта кетсек, оның қала саябағы аумағында жұмыс істейтін екі кафесі болады. Жаз бойына карантин болғандықтан кафелер жабық тұрған. Алайда, тамыздың 1-і күні оны тексеруге келген Ғұбашев жаздыгүні клиенттердің отыруына арналған  үстелдер мен отырғыштарының (лавка) жоғалып кеткенін көреді. Кафеде жалпы саны емен ағашынан жасалған он үстел мен жиырма отырғыш жетіспейтін болып шықты. Ең қызығы, үстелдер логотипімен тұрған және оларды өте ауыр болғандықтан, жабық аумақтан елеусіз алып өту еш мүмкін емес еді.

Кәсіпкер дереу саябақтың күзетшісіне барып: "Сен осы жерде тұрсың, бұл жерде бір емес, бірнеше адам ұрлық жасаған, сен қалайша көрмейсің?",  – деп сұраған. "Ол өзінің жұмысы менің мүлкімді емес, саябақ аумағын күзету екенін айтты. Кафе менікі болғанмен, ол саябақ аумағында емес пе? Мен оның жалға алу ақысын тұрақты төлеп тұрғаным жоқ па?",  – дейді Тілек Ғұбашев. Ал саябақ әкімдігі оған кәсіпкерлермен арадағы келісімшартта бизнес нысанының иелері мен жалға алушылардың жеке мүлкін күзету қарастырылмағанын айтып, бұл күзетшінің міндетіне кірмейтінін алға тартады. 

Тілек Ғұбашев бұдан кейін полицияға хабар беріп, олар оқиға орнында болып, саусақ іздерін алып кетеді.

Дегенмен, арада бірнеше күн өткенде кәсіпкер дүние-мүлкін өзі табады. Ол таныстарынан қаладағы техноломбардтың әлеуметтік желідегі парақшаларында осындай үстелдер мен отырғыштардың сатылып жатқанын естиді. Қараса, тура өзінікі, логотиптеріне дейін тұр!. Бұл жөнінде дереу тергеушіге хабарлайды.

Белгілі болғандай, бұл техноломбардтың иесі Виктор Нин деген азамат екен. Қалада тұрғындардан техника, басқа да бұйымдар қабылдайтын үш нүктесі бар. Бастапқыда заттардың жартысы басқа техноломбардтағы інісінде тұрғанын айтқан Нин кейін оның онлайн түрде сатып жібергенін, оны білмей қалғанын айтып, айнып шығады. Интернет арқылы сатылғандықтан, клиенттің нөмірін де білмейді-мыс. Бұдан бөлек, оның Ғұбашевқа тиесілі заттарды сатқан адамның мәліметтерін бермек болған уәдесі де желге ұшқандай жоқ болған. Қазіргі күні Виктор Ниннің телефондары өшірулі. 

Осы жайдың бәрін саралай келген Тілек Ғұбашев қылмысқа полицейдің де, техноломбардтың да қатысы болуы мүмкін деген ойға келеді. Себебі ізі шыққан дүниелер тергеушіге хабар берісімен сатылып кетеді.

Техноломбард тарапынан да тергеудегі істің ашылуына көмектесейін деген ниет жоқтың қасы. 

Өкінішке қарай, саябақ басшылығы да бұл мәселеде "сүттен ақ, судан таза" қалып отыр.

"Егер кәсіпкердің жалға алған нысан басшысымен келісімшартында расымен де оның мүлкін күзету жөнінде көрсетілмеген болса, оның талабы орынсыз болып саналады. Мүлік құны форс-можор жағдайларда өтелуі мүмкін. Пандемия табиғи апат, бетін қайтара алмайтын, ықпал ете алмайтын төтенше жағдай болып табылмайтындықтан, форс-мажорға жатқызылмайды. Бұл жерде кәсіпкерлер үшін нысанын күзететін жеке күзетші ұстағаннан басқа амал жоқ", дейді белгілі заңгер Дарья Ұлжағалиева.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу