Оралдағы жаңа мәдениет сарайы һәм халықтың ашуы

2330

Батыс Қазақстан облысының орталығында ампир үлгісінде "Атамекен" көпфункционалды өнер ордасы ашылды. 

Оралдағы жаңа мәдениет сарайы һәм халықтың ашуы

Ғимарат 9,4 млрд теңгеге салынған. Қаражатты "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." компаниялар бірлестігі халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі ретінде бөлген, мұны облыс әкімдігі әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Нысанның ашылуын сынап жатқандар бар. Іnbusiness.kz тілшісі тақырыпқа кеңірек тоқталуды жөн көрді.

"360 градус айналатын сахна"

Әуелі алып сараймен таныстырайық. Нысан жеті блоктан тұрады. Мұнда концерт, көрме, форум және өзге де мәдени-көпшілік іс-шаралар өтеді деп жоспарланған. Негізгі блокта – көрермен залы. Зал 1120 көрерменге арналған, оның ішінде 120 орын екі қапталдағы балконда орналасқан. Осы залдағы басты назар аударар ерекшелік – 360 градус айналатын, көпдеңгейлі сахна. Оның ені 15 метр. Онда оркестрге арналған 400 шаршыметрлік алаңқай да бар.

Жергілікті uralskweek тәуелсіз басылымы өнер ордасының сыртқы көрінісін: "Қатар-қатар бағана тізілген айбарлы нысан бір қарағанда рим империясы дәуірін елестетеді", – деп сипаттайды.

Жаңа ғимараттың жалпы аумағы 19,9 мың шаршы метр. Іргетасы 2019 жылы қалана бастаған. Мердігер мекеме – "Альтаир" компаниясы.

Төменгі қабатта автотұрақ орны, декарациялар шеберханасы мен ас блогының қоймалары бар. Бірінші қабатта 72 орындық кафе, кассалар, кезекшінің бөлмесі, әкімшілік кабинеттер, медицина пункті, сахналық костюмдер қоймасы, киім ілу орны жасақталған. Екінші қабатта әкімшілік кабинеттер, экспозициялық және көрме залы, 50 адамға және 25 адамға арналған мәжіліс залдары мен фуршет залы орналасқан. Үшінші қабатта бірнеше кабинет, әмбебап дайындық залы, 36 адамға арналған конференц-зал, гримм бөлмесі, костюм бөлмесі, сонымен қатар 30 орындық артистерге арналған кафе бар.

"Орал-Ақсай тасжолын жөндеңдер"

Ашылу салтанаты осы айда өтті. Рәсімге Ақпарат және қоғамдық даму министрі А. Балаева, Сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын А. Бақтыгереева, Қазақстанның Еңбек Ері, скрипкашы А. Мұсақожаева, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Б. Хасанғалиев және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының делегациялары қатысып, жылы-жылы пікірлер арнаған. 

– Затаевичтің ұлы далаға келіп, "маған күллі қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді" дегенін бәріміз жақсы білеміз. Ресейден келе жатқан жолаушыға бірінші әнді көрсеткен Жайық елі болса керек. Бұл жерде ұлы Құрманғазы күйшінің ізі жатыр. "Шіркін, Құрманғазыға егер Еуропа музыкасының сауатын берсе, Бетховен, Бах, Паганинилермен қатар тұрар еді-ау" деп армандаған баяндамаларды да тыңдадық. Егемендіктің арқасында талай нәрсенің есігін аштық. Әлемге ұлы даланың ұл-қызының дауысын таныттық. Егемендіктің арқасында Әбіштің сөзімен айтсақ, Қазақстанның Венасы атанған Оралда бүгін көптен армандаған салтанатты өнер ордасының ашылуына жеттік. Бүгін талайымыздың кеудеміздегі ұлы арман орындалған күн, – деді іс-шарада сөз сөйлеген ақын Ақұштап Бақтыгереева.

Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиев өнер ордасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған "сый" екенін айтқан.

Алайда облыс әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазылған пікірлерге сүйенсек, сәулетті нысанның ашылуын оң қабылдамай, ашуланнып отырғандар баршылық. Пікірлер алаңында: "Орал-Ақсай" тасжолын жөндеңдер", "Зауыт, фабрика ашылды дегенді қашан естиміз екен?", "Тамақ өндірістерін неге ашпайсыздар, астық қоймалары неге жоқ, неге керек даңғырлақ ән мен би?", "Үш бөлмелі мың үйдің ақшасы кеткен" – деп жазады желі қолданушылары.

"Брутализм деген ағым бар"

Өнертану докторы (PhD), Ахмет Ясауи университеті қауымдастырылған профессоры Молдияр Ергебеков "бірінші кезекте халықпен санасып, қоғамның негізгі мұқтаждықтарына жауап берілуі тиіс болатын. Кітапхана, театр сынды мәдени ошақтар, әлбетте, өте керек, бірақ оларды арзан бағаға жоғарғы эстетикалық талғаммен жасап шығуға болар еді" деген пікірді ұстанады.

"Қазір "біз жаңа мемлекет құрып жатырмыз, жаңа мемлекеттің жаңа архитектурасы болады" деген тенденция бар. Орталықта болсын, правинцияда болсын нешетүрлі мәдениет ошағы салынып жатыр. Бұл керемет нәрсе. Алайда архитектура тек қымбатқа, бағалы нәрселермен ғана жасалуға тиіс емес. Маңыздысы – оның эстетикалық құндылығы. Арзан заттармен де эстетикалық құнды архитектуралық ғимарат тұрғызуға болады. Мысалы, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде экономикалық дағдарыс болды. Бұл кезде батыста брутализм деген ағым пайда болды. Брутализмнің ерекшелігі – цемент, бетон сынды арзан дүниелермен ғимарат салу және оны әшекейлемей, сол қалпы қалдыру, нәтижесінде қоғамға пайдалы дүние жасау. Британияның ұлттық театры аталмыш стилде салынғанын айта кетейін. Ол күні бүгінге дейін Лондондағы басты өнер ордасы болып есептеледі. Ал енді Қазақстанға оралсақ, бізде мол қаражатқа бір ғана ғимарат салынатыны өкінішті. Тіпті, оның өзі жаңа, замануи эстетикаға ие болса мейлі екен... Сол баяғы біздің дәуірімізден бұрынғы стиль, сол баяғы ион бағандар... Бұл қазір керек емес, әлемдік мода, тенденциядан қалып қойған нәрсе", – деді Молдияр Ергебеков.

Оның айтуынша, нысанның атауына байланысты парадокс нәрсе бар.

"Күлкісі сол, бағандарды ион стилінде, нысанды грек және рим өнерлерін синтездеп жасапты және оған "Атамекен" деп ат беріпті. Мұның өзі парадокс. Егер ғимарат Орталық Азияға тән стилде салынып, соған әлгіндей атау берілсе жарасар еді. Қысқаша айтсақ, бұл жоспарсыз іске асырылған дүние секілді", – дейді Молдияр Ергебеков.

"Өтініш айтуға қақылы"

Бізбен тілдескен Батыс Қазақстан әкімдігінің өкілі "бұл нысанға бюджет ақшасы жұмсалған жоқ" дегенді алға тартады. Алайда Қарашығанақ петролиум оперейтингтің бас директоры Джанкарло Рую "бұл нысан – компания мен облыс әкімдігінің өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы міндеттемелерді бұлжытпай орындауының көрінісі" деп, әкімдікті қоса айтады.

Оның үстіне ғимарат құрылысының жобасы 2018 жылы әкімдікте талқыланған. Қала әкімдігінің өкілдері жобаға өзгерістер енгізуге ұсыныс та айтқан. Атап айтсақ, сол кезде Орал әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев: "Біріншіден, біз оркестрлік алаңқайы бар көп деңгейлі сахнаны қарастыруымыз керек, оның өлшемдері кемінде 400 шаршы метр болуы керек. Қасбетте ұлттық ою-өрнек болуы керек. Барынша кең баспалдақ алаңын жасау қажет", – деп айтқан. 

Демек атқарушы биліктің бұл істен түбегейлі басын алып қашуы орынды болмас. Кәсіпорындарға әлеуметтік жауапкершілік ретінде қандай іс-шаралар атқаруға болатыны жөнінде кеңес бере алатыны анық.

Сондай-ақ заңгерлердің пікіріне сүйене отырып, демократиялы елдің тұрғындары өзіне бірінші кезекте не керек екенін айтуға, өтініш білдіруге қақылы екенін айта кетпекпіз.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу