Өрт қауіпсіздігі аудитінің мәселесі "күйіп" тұр

3779

Бұл жүйеде мүдделер қақтығысы бар, осының салдарынан бизнестің әр оныншысы аудиторларға жүгінеді, ал аудиторлардың 100 қорытындысының тек екеуі ғана теріс болады.

Өрт қауіпсіздігі аудитінің мәселесі "күйіп" тұр

Өрт аудиті институтына өзгеріс қажет. Еліміздегі 170 өрт аудиторлық компания қызметіне қауіп дәрежесі жоғары 11,6 мың кәсіпкерлік субъектісінің тек мыңға жуығы ғана жүгінген.

Басқаша айтар болсақ, жекеменшік аудиторлар қызметін тек әрбір оныншы кәсіпкер ғана пайдаланады және аудиторлар тексеріс жағдайының 98%-на оң қорытынды жасайды. Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіш аудит танымалдылығының төмендігін ғана емес, сондай-ақ мүдделер қақтығысы бар екенін көрсетеді. Яғни бизнесмен аудитор қызметін төлеу арқылы өзіне қажет қорытындыны алады.

Бейсенбі, 12 сәуір күні "Атамекен" кәсіпкерлер ұлттық палатасында өткен өрт қауіпсіздігі саласындағы аудитті жетілдіру мәселесі жөніндегі жиналыстың қысқаша қорытындысы осындай болды.

Еске сала кетер болсақ, 2015 жылдың 1 қаңтарында өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау қызметі мемлекеттік бақылауға балама ретінде аудиторлық институттарға берілді. Бұл шешім кәсіпкерлік қызмет жағдайын түбегейлі жақсартуға қатысты заңжобасы аясында қабылданған болатын.

Күмәнді аудит

"Осы уақыт ішінде аудит қорытындысы бойынша 1324 тұжырымдама берілген, оның ішінде тек жетеуі ғана нашар болған. Бұл статистика біршама күмән тудырады. Заң бойынша бір рет тексеруден өткен нысанды қайта тексеруге болмайды. Сондықтан мұндай жағдайда тексерудің мәні де болмайды", – деп атап кетті ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің бөлім бастығы Рүстем Ысқақов.

Ведомство мәліметі бойынша, оң қорытындыға жасалған сараптама тексерушілер жұмысының дұрыс жүргізілмегенін көрсетеді.

"Биылғы ақпан айында Ақмола облысындағы қала құраушы кәсіпорынды тексеріп, 108 заң бұзушылықты анықтадық. Ал екі апта өткеннен кейін бұл ұйымға аудит оң тұжырымдама берді, бұл шындыққа мүлдем сәйкес келмейді", – деді шенеунік.

Осы жылдың наурыз айында Қарабатан вахталық кентінде қайғылы жағдай болып, өрт кезінде жатақханада жеті жұмысшы қайтыс болды. Мемлекеттік комиссия құрылыс салушының әкімшілігі нысанды өрттен қорғау жөніндегі ұйыммен келісімшарт жасағанын көрсетті. Ал тексеріс қорытындысынен белгілі болғандай, уақытша жатақханаларда өрт қауіпсіздігі талаптары өрескел бұзылған.

Атап айтар болсақ, топтағы контейнерлердің нормативтік саны асып кеткен, эвакуация жолдары қатты жанатын материалдардан жасалған. Сонымен қатар ұйым өрт қауіпсіздігі саласында тексеру жүргізуге тіркелген, тап қазіргі уақытта өрт салдарынан адам қайтыс болу фактісі бойынша айыпталып жатқандар қатарында.

"Өрт сөндіруші" АҚ-тың өндіріс жөніндегі вице-президенті Сырым Ғаббасов Қазақстанда адам өліміне әкелген қайғылы жағдайлар туралы еске салып өтті.

"2016 жылы Almaty Towers-тегі батут орталығында болған өрт алты студенттің өмірін жалмады, ал 2017 жылдың шілде айында Астанадағы "Хайвилл" тұрғын үй кешеніндегі өрт салдарынан бір отбасының төрт адамы қайтыс болды. 2018 жылдың наурызында вахталық кенттегі өрттен жеті жұмыскер қайтыс болды. Аталған фактілер, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі саласындағы көптеген заң бұзушылықтар осы саладағы мемлекеттік қадағалауды күшейту керектігін, қолданыстағы азаматтық қорғау заңының аудиторлардың оң қорытынды беруіне қатысты жағына сөзгерту енгізу керектігін көрсетіп отыр", – деді баяндамашы.

Ол Кемеровтағы қайғылы жағдайдан кейін Ресейдің ТЖМ адам көп жиналатын көпфункциялы кешендерде өртті қадағалауды айтарлықтай күшейтіп, ғимаратты жобалау мен салуда өртті қадағалауды қайтару керектігін ұсынғанын айтып кетті.

Жекеменшік өрт қызметтерінде жабдық жоқ

"Бұл қызметтерді ақылы негізде көрсететін ұйымдардың жауапкершілігі туралы мәселе шешімін табу керек. Ең бірінші бұл мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерге (МЕӨҚҚ) қатысты. Өздері қызмет көрсететін кәсіпорындарға өртті ескерту – мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің басты міндеттерінің бірі", – деп атап кетті Сырым Ғаббасов.

Бүгінгі күні Қазақстанда 170-ке жуық МЕӨҚҚ тіркелген, оның 54-інде өрт сөндіруге шығатын техника жоқ. 2017 жылы ТЖ комитеті 155 МЕӨҚҚ-ге тексеріс жүргізді, олардың тек 83-інде ғана толық дайындық бар. Бұл жалпы санның 53%-ы. Жартысы өртті ескерту және алдын алу міндеттерін орындауға дайын емес екендерін көрсетті.

"Заңға сәйкес, бұл ұйымдар еліміздің мемлекеттік өртке қарсы қызмет жоқ стратегиялық маңызды нысандарында өрт қауіпсіздігінің кепілі болып табылады. Оларға жасалған тексеріс нәтижесінде 1200-ден астам заңбұзушылықтың бар екені анықталды. Оның басым бөлігінде қажет өрт техникасының саны мен оқытылған жеке құрам жоқ", – деді "Өрт сөндіруші" вице-президенті.

Қазіргі қолданыстағы аттестацияның ережесі МЕӨҚҚ қызметін көрсеткісі келетін ұйымдардың меншігінде өрт көлігі мен қызметкерлердің болмауына мүмкіндік береді. Осыған байланысты бұл қызметтердің қазіргі біліктілік талаптарын күшейту және аттестациядан қайта өту ұсынылды. Осылайша нарықты талапқа сай келмейтіндерден тазаланбақ.

Жобаларға сараптама жасауды мемлекеттік бақылауға қайтару керек

Өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметі қауымдастығының құрылтайшыларының бірі Виктор Кан Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігінің өртке қарсы қызмет комитеті тізімінде 169 мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет тіркелгенін, алайда олардың жалпы саны немесе өрт техникасының саны туралы бірде-бір мәлімет жоқтығын айтты. Өрт қауіпсіздігі саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясат олар арқылы жүргізілмейді, сонымен қатар олармен өкілетті орган тарапынан жұмыс жүргізілмейді.

"Бұған дейін бірыңғай өздігінен жұмыс істейтін өрт бөлімшелерінен құралып, белгілі бір әкімшілік ауданда өртті сөндіру мен бақылауды ескерту міндеттерін орындаған мемлекеттік өртке қарсы қызмет қазір мемлекеттік өрт бақылауы (МӨБ) мен "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" ММ деген екі қызметке бөлінген. Олардың қазіргі атқаратын міндеттері мен мақсаты бір емес.

Мемлекеттік өрт бақылау мекемесі кәсіпорындар мен ұйымдардағы өрт қауіпсіздігінің нормаларын, ережелері мен стандарттарын бақылауды жүзеге асырады. Ал "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" мемлекеттік мекемесі өрт сөндіру мен аварияны жоюды іске асырады. Әртүрлі ғимаратта отырады, бұл екі қызметтің арасында өрт қауіпсіздігіне қатысты қандай да бір ортақ мүдде мен саясат жоқ. Оған қоса, олардың бөлінуі қыметтердің бір-біріне қарсы болуына әкелді.

"Соңғы уақытта мемлекеттік өрт бақылау мекемесі сыбайлас жемқорлық болуы ықтимал дегенді сылтауратып, өрт қауіпсіздігінің талаптарының бұзылуын, сондай-ақ нысандарды салуды бақылауды ерте бастан оңай және үнемді түрде алдын алуға болатын жобаларға сараптама жасаудан әдейі немесе қасақана "кетіп" қалды. Шын мәнісінде, мемлекет құрылысты жобалау мен салудағы заңбұзушылық пен кемшілікке жауап беруден сытылып кетті. Салынып біткен нысандарды қабылдау комиссиясына қатысу кезінде баспалдақ торының енін ұлғайту, өртке қарсы кедергілер салу және тағы басқаларды іске асыру мүмкін емес. Құрылыс нысандары өрескел заңбұзушылықпен тапсырылады, ал ол қайғылы жағдайларға әкеледі. "Транспорт тауэр" және "Абу-Даби Плаза" кешендеріндегі болған ірі өрт осының айқын көрінісі", – деп түйіндеді Виктор Кан.

Сондай-ақ ол елде экономикалық, өндірістік, логистикалық және басқа да арнайы аймақтардың кеңінен таралғанын атап кетті. Алайда әртүрлі нысандардың басын біріктіріп арнайы немесе еркін экономикалық аймақтарды құрғанда, өртке қарсы қызмет бөлімшелерімен өрттен қорғалмайтын едәуір үлкен өндірістік аумақ ұйымдастырылады.

Аудит сұранысқа ие емес

Алматыдағы "Файкон LTD" ЖШС-ның жобалау және сараптама жөніндегі бас инженер-менеджері Владимир Зернов компания өрт қауіпсіздігі саласына аудит жүргізу сертификатын алғашқылардың бірі болып алғанын айтты.
"Үш жылда бірде-бір аудит жасаған жоқпыз. Неге дейсіз ғой. Себебі заңнамалық базаның жетілмегендігі басты себеп болып отыр. Не басшылар не аудиторлық ұйымдар қызығушылық танытып отырған жоқ. Ал кәсіпкерге өрт қауіпсіздігі қызметкерлері бір жыл бойы тексермесе болды. Егер белгілі бір уақытта инспектор келіп, тегін тексеретін болса, аудит үшін келісімшарт жасаудың не қажеті бар? Біздің ойымызша, аудиттің мақсатының өзі заң жүзінде дұрыс құрылмаған. Ол тексеріс жасамайтындай етуге жасалған. Сонымен қатар аудиттің тәуекелі жоғары нысандарда жасалатынына назар аударған жөн, сонда тәуекел-қаупі шамалы нысандар қайда кетті? Бұл нысандар назардан тыс қалды, ал бұл дегенің кем дегенде 100 адам отыратын имарат, ол жерде де өрт болады ғой", – деді инженер.

"Атамекен" КҰП төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов қорытындылай келе, аудит, жобалу, автоматтандыру сияқты өнімдердің қажеттілігін айқындап алу керектігін айтты.

"Аудит жүргізуде мүдделер қақтығысының бар екенін байқап отырмын. Бұл жерде үшінші тарап, мысалы, сақтандыру компаниясы болу керек. Егер аудит жасаушы нашар тұжырымдама беретін болса, онда сақтандыру құны жоғары болады. Кәсіпкер мен аудит жасаушының тікелей жұмыс істеуінде күмәнді жақтар бар. Міндетті аудит жүргізу мәселесін ашып алу керек, мұның кәсіпкерге шығын келтіру қаупі бар. Ал аудиторларға бұл бас ауыртпайтын бинес болуы мүмкін", – деді спикер.

Гүлназ Ермағанбетова, Майра Медеубаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу