Ортақ Кедендік кодекс: тасымал тасқыны арта ма?

1843

"Тәуекел түбі – жел қайық" дегенмен, алыс-беріс жолға қойылғанша, Қазақстан қанша шығынға батуы керек?!

Ортақ Кедендік кодекс: тасымал тасқыны арта ма?

2016 жылдың 26 желтоқсанында Сан-Петербордағы Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңес отырысында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары Одақтың Кедендік кодексі туралы келісім жобасына қол қойды. Қол қойғанда, Қазақстан мен Ресей, Армения президенттері еш мүдірмегенімен, Қырғызстан басшысы қол қою рәсімінде сәл кідіріп қалды. "Жығылғанға жұдырық", Беларусь президенті Александр Лукашенко алқалы жиынға тіптен келмеді...

Сонымен ЕАЭО Кедендік кодексі, 2017 жылдың 1 шілдесінде күшіне енеді деп жоспарланып отыр.

Жаңа құжатты жасау үш жылдан бері, яғни 2013 жылдың желтоқсан айынан басталған. Алғаш рет бұл процеске тек мемлекеттік органдардың өкілдері ғана емес, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің бизнес-орталарының сарапшылары да қатысқаны айтылады.

2013 жылдың қазанында Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешімімен жасалған Кедендік заңнаманы жақсарту жөніндегі жұмыс тобының құрамында Қазақстан бизнесінің мүддесін қорғау "Атамекен" палатасының басқарушы директоры, кедендік әкімшілік департаментінің директоры Дина Мамашева мен Қазақстандағы кедендік брокерлер/өкілдері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Геннадий Шестаковқа бұйырды.

Дина Мамашева кодексті жасауда Қазақстан мен Ресейдің іскерлік орталары анағұрлым белсенділік танытқанын айтады.

"ЕАЭО Кедендік кодексі туралы келісім жобасының мемлекетішілік келісім беруді өткізу қорытындылары бойынша 2015 жылы Кедендік одаққа мүше елдерден 1500-ден аса ұсыныс түсті. Қазақстан әзірлеген 552 түзетудің 70%-ға жуығы (КҰП пен мемлекеттік органдардың ортақ ұстанымы) қабылданды", – дейді Дина Мамашева.

Ұлттық палата бизнестің бұған дейін талқыланған ұсыныстарын ескеріп, мемлекеттік келісім беру аясында 87 түзетуден тұратын пакетті ұсынған.

Бұл түзетулер қатарында терминдер, алдын ала ақпарат ұсыну, "Қорғас" ШЫХО-ға қатысты түзетулер, тауарларды сыртқы экономикалық қызметтің (СЭҚ) тауар номенклатурасына сәйкес жіктеу, тауарлардың шығу тегі, кедендік құн, кедендік төлем, кедендік бажға қосымша төлем, кедендік төлемдерді қайтару, кедендік төлемдерді төлеу міндеттерін атқаруды қамтамасыз ету бар.

"Ұлттық палата ұсынған түзетулердің 60%-ы қолдау тапты", – дейді Дина Мамашева.

Үш жылдағы жұмыстың қорытындысы бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың Кедендік кодексі (ЕАЭО КК) жобасы 9 бөлімнен, 61 тараудан және 465 баптан тұрады. Мәселен бір ғана тасымалдау құжаты бойынша мультимодальды тасымалдарды декларациялау мүмкіндігі қарастырылған. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға жолда келе жатқан бүкіл жүкке бір ғана транзиттік декларация толтыруға мүмкіндік берілген. Жалғыз шарт – барлық артық жүктеме мен көлік түрлерін ауыстыруға қатысты жеткізу тізбегін ұйымдастыратын, барлық ереженің орындалуын қадағалайтын жауапты тұлға болуы керек. Бұл "Қазақстан темір жолына" ұлттық операторға айналып, мультимодальды тасымалды (теміржол, теңіз, әуе) бір ғана келісім арқылы және бір ғана көлікті құжаттың көмегімен жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.

Алайда таяуда Қырғызстанмен шекарадағы транзиттік алыс-берісте туындаған түсініспеушілікке байланысты өткен жиында Қазақстандағы басты теміржол операторы – "Қазақстан темір жолы" компаниясының лауазымды өкілі Одақ аясындағы ықпалдастық үдерістерінде қыруар қаржы жоғалтып отырғандарын жасырмады. Тіпті тарифті бір ізге түсіру жұмыстары асығыс аяқталған.

"10 қаңтардан бастап, тамызға болжанған мерзімнен ертерек баршамызға ортақ бірыңғай тарифті пайдаланбақпыз. Бұның арқасында тасымал құны 3 есеге жуық арзандайды. Бұл тасымал көркін қыздыруға үлкен серпін сыйлайды деп санаймыз. Бір жылға есептелген 42 млрд теңге шығынды тасымал қарқынының өсімі жабады деп үміттенеміз", – дейді барынша байсалды түрде "ҚТЖ – жүк тасымалы" акционерлік қоғамының президенті Оралхан Құлақов.

ЕАЭО КК туралы келісімге қол қойылғаннан кейін Қазақстан аумағында жобаны іске асыру үшін парламентте ЕАЭО жобасын ратификациялау қажет.

Осыдан кейін Қазақстан Кедендік кодексі жобасы дайындалып, Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімі шығарылады, ЕАЭО КК сілтеме беру ережелерін іске асыруға бағытталған Қазақстанның кедендік реттеу саласындағы заңға тәуелді актілері дайындалады.

Ұлттық экономика министрлігі, қаржы министрлігі және мемлекеттік кіріс комитеті біріге отырып, ЕАЭО КК туралы келісімшарт ережелерін кәсіпкерлік қоғамдастықтарға түсіндіру, оның ішінде өңірлерде насихаттау жұмыстарын жүргізбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу