Орталық Азия елдері басшыларының кездесуі қаншалықты маңызды?

3437

21 шілдеде Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуі өтті. Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан көшбасшылары қатысты. 

Орталық Азия елдері басшыларының кездесуі қаншалықты маңызды?

Кездесу барысында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Соның ішінде ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту үшін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісім де бар. Бірақ Тәжікстан мен Түрікменстан бұл келісімге кейін қол қоятынын мәлім етті. Осыған орай Inbusiness.kz бұл жиынның маңыздылығы жайлы бірқатар сарапшының пікірін ұсынып отыр. 

Асхат Қасенғали, саясаттанушы:

"Бұл жаңа формат емес, яғни төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Келесі жылы Душанбеде бесінші мәрте ұйымдастырылады. Бірден айтуға тиіспіз: бұл ұйым емес, бұл қандайда бір одақ емес, бұл консультативтік кездесу, яғни аты айтып тұрғандай, бұл жерде ұсыныстар айтылады және мәселелерді шешу бойынша қандай да бір көзқарастар білдіріледі, сол бойынша болашақта бес мемлекет арасында келісімдер жасалуы мүмкін деген форматта ұйымдастырылады. Бірақ маңыздылығы жоғары. Әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты қазіргі таңда Орталық Азия мемлекеттері өзара ықпалдасуды арттыруға тиіс, ол, біріншіден, экономикалық тұрғыдан. Себебі әлемде геосаяси қақтығыстар ушықты және экономикалық жағдай әлемнің аумалы-төкпелі кезеңінде тұр. Соған байланысты ең бірінші мәселе бұл жерде транзиттік жолдарды ашу, яғни Ресейдің Украинаға соғыс ашуы, ол соғысқа Беларусьтің жанама негізде кірігуі Ресей арқылы өтетін транзиттік жолдарды күрделендірді. Ресей Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік жолдарды саяси "рычагқа" айналдырды. Осыған байланысты енді Орталық Азия мемлекеттері Ресей аумағы арқылы өтетін транзиттік жолдарды басқа аймақтармен алмастыруға мүдделі. Бұның ішінде Қазақстан бар". 

Ислам Кураев, саясаттанушы:

"Орталық Азия елдері ұзақ уақыт бойы бір-бірінен алыстап кетті. Бірақ 2019 жылдан бері мемлекетаралық қарым-қатынастардың белсенді процестері басталды. Бұған әлемдік өзгерістер мен басқа елдердің аймақтық және жаһандық блоктарға қосылуы әсер етті. Орталық Азия әлемдік саясаттан тыс қала алмайды. Сондықтан алға жылжу керек. Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларының барлық сын-қатерлерді түсінуі маңызды. Айта кету керек, мұндай кездесулердің көпшілігі Қазақстанның бастамасымен өткізіліп жүр, бұл маңызды фактор. Сонымен қатар бұл кездесу ОА елдері ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін және осы кездесулердің әрқайсысы тарихи және маңызды факторға ие екенін көрсетеді. Тоқаев, Мирзиёев және Жапаров арасындағы кездесу қазіргі уақытта өте маңызды деп айтар едім".

Талғат Қалиев, саясаттанушы:

"Біздің өңірдегі мәселелерді сыртқы күштерді тартпай-ақ өз бетімізше шеше білуіміз керек. Өйткені Орталық Азия елдері арасында мемлекетаралық қақтығыстар болып тұрды. Тоқаев атап өткендей , мемлекеттер арасында бірқатар шешілмеген даулар бар және шекараны демаркациялап, демилитаризациялайтын уақыты келді. Бұл, әрине, қиын жұмыс, бірақ оны міндетті түрде жүргізу керек және мұндай мәселені болашақ ұрпаққа қалдырмаған жөн. Шартта Орталық Азия елдерінің бір-біріне қарсы әскери күш қолданбау, барлық мәселелерді келіссөздер арқылы шешуі тиіс екені жазылған. Бұл біздің аймақтың шынымен қақтығыстардан ада болады деген үміт ұялатады".

Кездесуден кейін Тәжікстан мен Түрікменстан ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту үшін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қоймады.

Оның мәнін Талғат Қалиев: "Ашхабад әрқашан бейтараптықты ұстанып, көпжақты форматтардан бас тартып жүр. Сондықтан бұл таңқаларлық жайт емес. Тәжікстанға келетін болсақ, бұл елде қазір ішкі саяси процестер жүріп жатыр, сондықтан құжатқа қол қою үшін уақыт қажет сияқты. Бірақ Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан бұл келісімге қол қойғаны өте маңызды, өйткені Қазақстан мен Өзбекстан қазір өңірдің экономикалық тірегі болып табылады", – деп түсіндірді.

Түркі әлемінің даму тарихындағы жаңа дәуір басталды десек болады. Мысалы, 2021 жылдың 14 қарашасында Ыстанбұлда түркі елдерінің мемлекет басшыларының қатысуымен саммит өткен еді. Оның нәтижесі бойынша "Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі" енді бұдан кейін "Түркі мемлекеттері ұйымы" деп ауыстырылған болатын. Бірқатар сарапшы енді түркі әлемі орыс әлемін ығыстырады, Мәскеудің ықпалы кемиді деп жазған да болатын. Ұйымның құрылуы Еуразиялық кеңістікте "жаңа геосаяси өзгеріс" қалыптастырды деп айтқандар да болды.

Ыстанбұлда өткен бұл жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, маңызды ұсыныстарын айтты. Алқалы жиында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстанның Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбан болды.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу