Орталық Азия елдерінде басқа барлық валюта қымбаттап жатқанда, аққұла теңге бағасы құлдырауда

6650

Өзбекстанда кейінгі күндері теңгеден өзге шетелдік валюталардың, тіпті Ресей рублінің де бағамы өсіп жатыр.

Орталық Азия елдерінде басқа барлық валюта қымбаттап жатқанда, аққұла теңге бағасы құлдырауда Фото: canva.com

Бұл туралы ӨР Орталық банкі (O'zbekiston Respublikasi Markaziy banki) хабарлады.

Орталық банк өзбек сумына қатысты шетелдік валюталардың жаңа курсын жариялады. Түсіндіре кететін жайт, Өзбекстанда шет мемлекеттердің ұлттық валюталардың сумға шаққандағы жаңартылған ресми бағамы жаңа жұмыс аптасының басында, яғни алдағы дүйсенбіде, 8 шілдеде күшіне енеді.

"Өзбекстанда теңгеден басқа, бүкіл шетелдік валюталардың бағамы өсті. Қазақтың теңгесі тағы -0,10 сумға құлдырап, енді 26,39 сумды ғана құрайды. АҚШ доллары +3,67 сумға өсіп, 12 603,72 сумға жетті. Еуро +40,52 сумға артып, 13 646,05 сум болды. Фунт стерлинг +52,58 сумға өсіп, 16 117,64 сумды, Ресей рублі +0,04 сумға өсіп, 143,21 сумды, Қытай юаны +1,43 сумға өсіп, 1 734,47 сумды, Жапония иенасы +0,29 сумға өсіп, 78,43 сумды құрайды", – деп мәлім етті ӨР Орталық банкінің баспасөз қызметі.

Жалпы, Өзбекстанда да шағын девальвация жүруде. Мысалы, 2023 жылғы желтоқсанда 1 доллар 12 350 өзбек сумына барабар еді. Енді 12 603 сомнан асты.

1 еуро бағасы өткен жылдың соңында 13 415 сумнан бүгінде 13 646 сумға дейін шығандап кетті. РФ рублі былтырғы желтоқсандағы 131-ден 143 сумға дейін қымбаттады. Тіпті Әзербайжанның манаты 2023 жылғы желтоқсандағы 7,218 сумнан бүгінде 7,470 сумға дейін көтеріле алды.

Қазақстанның валютасы былтырғы жылды 27,09 сум межесімен аяқтаған болатын. Содан бері тоқтаусыз өсіп, 2024 жылғы 10 мамырда 28,86 сом белесін бағындырды. Бірақ содан бері тек құлдырап келеді. Әлгінде айтылғандай, 8 шілдеден бастап, Өзбекстанда теңге небәрі 26,39 сум ғана тұратын болады.

Осылайша, алты жыл бұрынғы көрсеткішке дейін құлауға шақ тұр. 2018 жылғы 27 ақпанда Қазақстанның ұлттық валютасы Өзбекстанда 25,6 сумға бағаланған еді. Ар жағында Шығыс Африкадағы Судан деңгейіне түсу ғана қалды. ӨР Орталық банкінің ресми бағамы бойынша 1 судан фунты (SDG) 20,99 сом тұрады. Тіпті Украинаның гривнасы 310,70 сум тұрады. Ол теңгенің құнынан 11 еседен астам қымбат бағаланады.

Өзге елдерде де, мысалы, көрші Қырғызстанда да қазіргі кезде теңге құнын жоғалтуда. Қырғыз Республикасының ұлттық банкінің (ресми атауы "Кыргыз Банкы") мәліметінше, 2024 жылғы 6 шілдеде Қазақстанның теңгесі бар-жоғы 0,1805 сом тұрады. Басқаша айтқанда, қырғыз сомы қазақтың теңгесінен қымбат. Оның үстіне Қазақстанның ұлттық валютасы бұл елде ары қарай құнсыздануда.

Салыстырсақ, таяуда ғана, 2024 жылғы 7 мамырда 1 теңге 0,2018 сомға бағаланып еді. Сол 0,2 межесінен де айрылып қалды, 0,1 деңгейіне түсті. Ар жағында 0 тұр ма?!

Бұл ретте дефолт жағдайындағы Ресейдің рублі 2024 жылдың желтоқсанындағы 0,9679 сомнан 1 сомға дейін арта алды.

Қазақстанның Ұлттық банкі да елімізде ұлттық валютаның басқа барлық дерлік шетелдік валюталарға қатысты құнсызданғанын жасырмады. Ұлттық банктің 2024 жылғы 6 шілдеге белгілеген "ресми нарықтық валюталар бағамында" армян драмы, тәжік сомониі, түрік лирасынан басқасының бәрі теңгеге қатысты қымбаттап шыға келгені паш етілген.

Мысалы, Қазақстанның ұлттық валютасы 1 АҚШ долларына шаққанда 2023 жылғы желтоқсан соңындағы 456,22 теңгеден 2024 жылғы 6 шілдеде 476,27 теңгеге дейін құнсызданды.

Астаналық айырбастау бекеттері 1 долларды бүгін 482 теңгеден сатып жатыр. Яғни, 500 теңге межесі тіпті де алыс қалған жоқ.

Ұлттық банктің өзі бір парадоксқа назар аудартады: АҚШ валютасы елімізде оған деген сұраныстың төмендегеніне қарамастан, құны қымбаттап жатыр. Ал, сұраныс артқанда не болмақ?

"Маусым айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 471,84 теңгеге дейін немесе бірден 5,5%-ға әлсіреді. Бұл ретте Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 251 миллионнан 183 миллион долларға дейін азайып кетті. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 3,7 млрд АҚШ долларын құрады", – деп хабарлады ҚР ҰБ.

Ведомство сарапшыларының түсіндіруінше, теңгенің құнсыздануына бірінші кезекте мемлекеттің Ұлттық қордан қаражаттарды бюджетке алып қою көлемін күрт азайтуы себеп болды. Қордың активтері долларда сақталады, ал, республикалық бюджетте тек теңге қолданылады. Тиісінше, бюджеттің "жыртығын жамау", яғни, тапшылығын толтыру үшін Ұлттық қордың долларлары биржада теңгеге айырбасталады. Биржаның доллармен шектен тыс молығуы теңгенің күрт нығаюына соқтырды.

Ұлттық банктің дерегінше, Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін аталған қордан 2024 жылы:

  • Ақпан айында 609 миллион доллар;
  • Наурыз айында 748 миллион доллар;
  • Сәуір айында 1 миллиард 56 миллион доллар;
  • Мамырда 800 миллион доллар қаржы алынған.

Соның нәтижесінде 1 доллардың бағасы биылғы 24 мамырда 443 теңгеге дейін қатты арзандады. Өйткені Ұлттық банктің сатқан валютасының үлесі биржадағы бүкіл валютаның 21%-ына дейін жеткен. Бұл кезекті рекорд саналады.

Ұлттық валюта осы тірегінен тосыннан айрылып қалды. Республикалық бюджеттің шығындарын өтеу үшін трансферттер түрінде алып қойылып, биржада сатылған Ұлттық қор валютасы өткен маусым айында екі еседейге, 420 миллион долларға дейін кілт азайды. Ұлттық қордан сатылған валютаның үлесі биржадағы жалпы сауда-саттық көлемінің 11%-ын ғана құраған. Бұл теңгенің құнсыздануына соқтырды.  

Осы орайда Ұлттық банк "Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға" ден қойғанын жариялады.

Алайда теңге тым қатты құнсыздана берсе, бұл сөзінде тұрмауы мүмкін. Қазірдің өзінде билік Ұлттық қорға қолын қайтадан мол салуға кері оралды.

"Республикалық бюджетке трансферттер бөлу бойынша Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері негізінде осы айда, 2024 жылғы шілдеде Ұлттық банк Ұлттық қордан 550 миллион долларға дейінгі мөлшерде валюта сатуды жоспарлап отыр", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Тиісінше, өткен айдағы 420 миллионнан осы айда 550 миллионға дейін қайтадан өсуі мүмкін. Бұл фактор теңгенің девальвациясының жылдамдығын шамалы тежейді.

Еліміздің бас банкирі Тимур Сүлейменов теңгенің ары қарай құнсыздануын жоққа шығармады. Оның айтуынша, қысқа мерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне (үрейіне), тоқсан ішінде түскен салық төлемдерінің аз не көптігіне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және ТМД көлеміндегі геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады.

Ұлттық банк "теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді". Әзірге нарыққа интервенция жасауды жоспарлап отырған жоқ.

Қаржыгерлер ахуал алаңдатарлық екенін жасырмады. Теңге барлық дерлік шетелдік валютаға қатысты жаппай құнсыздануда.

"Оның үстіне құнсыздану ары қарай жалғасты. Бұған Ұлттық банктің нарыққа долларлық өтімділікті ұсыну көлемін күрт азайтуы серпін берді. Маусымдағы девальвация қатты алаңдаушылық туғызып отыр. Салдарынан, мұнай бағасының қымбаттауы да теңгеге ешқандай қолдау бола алатын емес. Мұнайдың Brent маркасының бағасы бүгінде баррелі үшін 87 долларға дейін шығандады. Бұл факторды нарық толығымен дерлік елеусіз қалдырды. Нарық ойыншылары тәуекелге бел буды", – деді Alpari сарапшысы Анна Бодрова.

Мемлекеттен бір шара болмаса, ұлттық валютаның қандай түпсіз тұңғиықтарға құлайтыны белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу