Орталық Азия лидерлері Ауғандағы дүрбелеңге алаңдаулы

3308

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан жетекшілері Каспий  жағасында бас қосып, аймаққа төнген қауіп-қатерді талқылады. 

Орталық Азия лидерлері Ауғандағы дүрбелеңге алаңдаулы

Орталық Азияның экс-советтік бес республикасының лидерлері Ауғанстанды жайлаған тұрақсыздықтың шекара асып кетуі мүмкіндігіне алаңдаушылық білдіріп, өз елдеріне төнуі ықтимал қауіп-қатерлерге жауап беру мәселесін талқылады, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі. Осындай шақта ресейлік ауыр бомбалаушы ұшақтар Ауғанстан шекарасы маңында аймақ мемлекеттері қарулы күштерімен бірлесіп,  жаттығулар өткізді.

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан басшылары Каспий жағасындағы Түркіменбашыда бас қосып, өңір проблемалары жайында сөйлесті.

"Ауғанстандағы жағдайды тез арада реттеу– Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мен нығайтудың негізгі факторы",– делінген келіссөздерден кейін таратылған мәлімдемеде.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов келіссөздердің аймақтық ынтымақтастыққа серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар, бес мемлекеттің жетекшісі сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мен қауіпсіздіктің тұрақты аймақтық диалогын құру турасында да айтты.

"Талибан" қозғалысы мен Ауғанстан үкіметінің күштері арасындағы шайқас соңғы кездері, яғни, АҚШ пен НАТО әскерлері соғыс өрті шарпыған елден кетуді аяқтап жатқан шақта ушығып отыр. Тәліптер күтпеген жылдамдықпен шабуылдарды үдетіп,  Ауғанстандағы 421 аудан мен аудан орталығының жартысынан көбін басқарып отыр және де олар провинциялардың астаналарын басып алуға әрекет жасап жатыр.

 "Өкінішке қарай, тәліптер біздің елмен арадағы шекараны түгелдей өз бақылауына алды",– деді Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон жұма күнгі саммит кезінде.

Бұған қоса, Рахмон "Талибан" шабуылдарынан кейін Тәжікстанға ауған армиясының 2000–нан астам жауынгерінің қашып барғанын да атап өтті. "Олардың тәліптерге ешқандай қарсылық көрсетпестен шегініп, позицияларын тастап кеткені таңқаларлық",– дейді ол.

Рахмон, сонымен бірге, Ауғанстандағы "террористік топтардың" Тәжікстанмен арадағы шекара маңына шоғырлануына алаңдаушылық білдіріп, олардың құрамына бұрынғы кеңестік мемлекеттер мен Қытайдан 3000-нан астам содыр кіретінін мәлімдеді.

"Бұл– диверсия, олар терроризм мен үгіт-насихат жұмыстарына жақсы дайындалған. Сонымен қатар, бұлар– біздің аймаққа қатысты ауқымды жоспары бар экстремистер",– деді Рахмон Тәжікстанның Ауғанстанмен арадағы шекарасын қорғауды күшейтуге көшкенін жариялай отырып.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев те Орталық Азиядағы тұрақтылық Ауғанстандағы жағдайға байланысты екенін баса айтты.

Орталық Азия елдерімен қауіпсіздік келісімін жасасқан және Тәжікстан мен Қырғызстанда әскери базаларын орнатқан Ресей Ауғанстаннан төнуі мүмкін кез-келген қауіптен қорғану үшін әскери көмек көрсетуге уәде беріп отыр.

Жұма күні Ресей мен өзбек әскерлері 1500-дей персонал мен 200-дей әскери техника қатысқан бірлескен соғыс ойындарын аяқтады. Бұл маневрлерге Ресейдің батысындағы базадан алыс қашықтыққа арналған төрт Ту-22М3 бомбалаушы ұшағы тартылып, олар Өзбекстанның Ауғанстанмен шекаралас Термез полигонындағы қарулы лаңкестердің лагерлер макетіне соққы беруге машықтанды.

Бейсенбі күні Тәжікстанның Ауғанстанмен шекаралас аймағында басталған тағы бір әскери жаттығуға 2500 орыс, тәжік және өзбек жауынгері, сондай–ақ 500-дей әскери техника қатысып жатыр.

Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде тамыздың 10-на аяқталатын бұл ойындар "жаудың басып кіретін күштерін жою мақсатында бірлескен әрекетке дайындалу" деп сипатталған.

Айта кетсек, Мәскеу Ауғанстандағы жағдайдың ушығуы Ресейдің оңтүстіктегі қорғаныс қанатын тұрақсыздандырып, босқындарды оның Орталық Азиядағы "ауласына" итермелейді деп алаңдап отыр.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу