Бұл туралы Садыр Жапаров жергілікті "Кабар" агенттігіне берген сұхбатында айтты.
Ол өз елінің сыртқы борышы 7 млрд долларға дейін жеткені туралы қауесеттерді жоққа шығарды. Оның айтуынша, елдің шетелден тартқан қарызы бұрынғы 4,5 млрд доллар деңгейінде қалды.
"Бұл ақпарат – өтірік! Біздің сыртқы қарызымыз 4,5 миллиард доллар көлемінде қалды. Ол жалған деректі жұмыссыз қалған немесе жасырынып, қашып жүрген жекелеген саясатшысымақтар таратады. Олар елімізге қара күйе жаққысы, әлемге абыройсыз еткісі келеді. Қазіргі кезде біз сыртқы борыштан еш қорықпаймыз. Ал, 2020 жылға дейін алаңдауға негіз болған. 2020 жылы Қырғызстанның бюджеті шамамен 250 миллиард сом, ЖІӨ-міз 700 миллиардтай болған. Қазіргі кезде бюджетіміз 700 миллиард сомға жетті. ЖІӨ-міз 1,5 триллион сомнан асты!" – деді қырғыз лидері.
Шынында, Қырғызстан қарыштап дамып келеді және кейінгі жылдардағы экономикалық өсімі ғаламат. Сондықтан тіпті Дүниежүзілік банк сарапшылары "қырғыз ғажайыбы" туралы айтатын кез жақын қалғанын болжады.
Мысалы, қырғыз елінің жалпы ішкі өнімі 2022 жылы – 7%-ға, 2023 жылы – 9%-ға, 2024 жылдың қорытындысында тағы 9%-ға өсті.
Қалай болғанда, Қырғызстан 2020-2022 жылдары ғана экономикасын екі еселей алды (700 миллиардтан 1,5 триллион сомға дейін).
"Қырғызстанның алтын-валюталық резервтері бүгінде шамамен 6 миллиард долларды құрайды. Салыстырсақ, 2020 жылы 2 миллиард долларға жуық қана болған. Қазіргі уақытта біздің Ұлттық банкте 60 тоннадай алтын жинақталған! 2020 жылы қазынамызда 16 тонна ғана алтын қалған еді", – деді қырғыз көшбасшысы Садыр Жапаров.
Алтын қоры жөнінен Қырғызстан әлемдегі елулікке (48-орын) еркін кірді. Чехия, Сербия, Болгария, Словакия, Ирландия сияқты еуропалық елдерді де артқа тастады.
Осының алдында Жоғорку Кеңес депутаты Балбақ Тулобаев Қырғызстанның бүкіл сыртқы қарызын бір күнде "сөндіре" салуды ұсынған болатын. Президент солай жасай салуға елдің қауқары жететінін растады.
"Бірақ сыртқы борышты бірден өтей салу бізге тиімсіз болып шықты. Өйткені кредиттер 2% сыйақымен 30-40 жылға алынған. Келісімдердің шарттарына сәйкес, егер біз оларды мерзімінен бұрын өтесек, пайыздық үстемеақы қосылып, соны да төлеуге тура келеді. Себебі, бізге кредит бергендер өз ақшасын 30-40 жылға орналастыруды жоспарлаған. Бастапқыда елдің сыртқы борышын бір күнде жауып тастау туралы ой менде де болды. Алайда елімізге тиімсіз екен, демек, оны бекітілген мерзімі бойынша кестесіне сәйкес, төлегенді жөн көрдік", – деді Садыр Жапаров.
Оның айтуынша, жаңа қарыздар көп тартылмайды. Ескісі уақытында өтеледі.
"Біз негізгі сыртқы қарызымыздың соңғысын кесте бойынша 2035 жылы толығымен өтеп боламыз. Сондықтан сыртқы борыш деген біздің мемлекетіміз үшін проблема болып табылмайды. Ал, елдің ішкі нарығынан тартылған ішкі қарыз соммен төленеді. Олар да бізге қауіпті емес. Оларды өтей салудың көптеген тәсілі табылды. Экономистеріміз, қаржыгерлеріміз оларды жақсы біледі", – деп қорытты сөзін Қырғызстан Президенті.
Бұдан бұрын Садыр Жапаров бұрындары қымбат, ірі жобаларға тартылған кредиттердің ұрланғанын мәлімдеген болатын.
Оның мәліметінше, республиканың сырттан алған қарызының көлемі 2020 жылы 5 миллиард долларға жетіп үлгерген.
"Бұл – 30 жыл ішінде қордаланған қарыз. Алайда бертінде ғана қолға алынан Датқа-Кемин жоғары вольтты электр желісін тарту жобасын, Солтүстік-Оңтүстік дәлізін, жылу-электр орталықтарын модернизациялауды қоспағанда, айта қаларлықтай жұмыстар жүргізілмеген. Бірақ осы жобалар да өзін тіпті 40 жылда ақтай алмайды, өйткені жобалық құны 2-3 есе қымбаттап кеткен. Мұнда кредит берген қытай тарапының кінәсі жоқ. Бұған біздің билік пен шенеуніктер кінәлі! Бөлінген қаржы ұрланған, талан-таражға салынған", – деді Садыр Жапаров.
Ол өткеннің қарызын мемлекет енді еш қиналмай өтейтінін, өйткені экономика жоғары екпінмен дамып келе жатқанын ескертті.
"Бейбітшілік пен тұрақтылық әрі қарай сақталса, біз қарызды еш қиындықсыз төлеп тастаймыз. Бірақ естеріңізде болсын, биліктің ірі жобаларға деп алған сол мол берешегін халықтың есебінен – республикалық бюджеттен төлейміз! Сонымен бірге, бұл жобалардың бірде бірі өзін-өзі ақтамайды, шығынды жобалар. Олар үшін алынған астатөк ақшаның бәрі құмға сіңгендей жоқ болған", – деді Қырғызстан басшысы.
Ол қазіргі билік бұған дейін алған әрбір доллар нақты әрі өзін-өзі ақтайтын жобаларға салынғанына сендірді. Мысал ретінде ол "Қамбар Ата-1" алып гидроэлектр станциясының құрылысын атады.
Құны 5-6 млрд доллар тұратын ГЭС құрылысы қазіргі кезде тек Орталық Азиядағы ғана емес, сондай-ақ ТМД көлеміндегі ең ірі бір жоба саналады. Бірақ оны инвесторлар қарызсыз, өз қаржысына салуда екен.
Мемлекет басшысы бұл станция іске қосылған соң 13-15 жылда өзіне салынған қаражатты қайтаратынын хабарлады. Өйткені оның өндірген электр қуаты Қазақстан, Өзбекстан сияқты елдерге де сатылады.
Осылайша, Жапаровтың айтуынша, қазіргі қырғыз билігі жүзеге асырып жатқан әрбір жоба "республикалық бюджет пен халықтың қалтасына еш ауыртпалық түсірмейді".
Өз кезегінде Министрлер кабинеті Қырғызстанның сыртқы борышы бойынша ірі төлемдердің шырқау шегі 2024 және 2025 жылдарға келетінін жариялаған еді.
Мысалы, былтырғы жылдың еншісіне 470 млн долларды төлеу тиді. 2025 жылы 532 млн доллар қарызын өтеуге тиіс. Бұл ел үшін мұның қандай ауқымды сан екенін мынадан байқауға болады. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы Қырғызстан 38 млн доллар сыртқы берешегін "сөндірді".
Сыртқы борыш аталатын асқардың бірінші биік шыңын Алатаудың арғы баурайындағы ағайындар былтыр абыроймен бағындырды. Биылғы жылғы салмақты төлемдерді тауқыметсіз еңсере алса, қарқынды дамушы қырғыз еліне әрі қарай жеңіл болады. Президенттің айтып отырғаны да осы.
Бір ғажабы, Қырғыз Республикасы сырттан тартқан ақшасының үлкен бөлігін – үштен бірін қайтармайды. Оны қайтару да талап етілмейді екен. Қаржы министрі Адылбек Қасымәлиев жария еткендей, Қырғызстан 1992 жылдан бері Германия, Жапония, Түркия, АҚШ, Ресей сияқты елдерден, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Эксимбанк және басқа сыртқы қаржы көздерінен жалпы сомасы 10 миллиард доллар алыпты.
Оның 72 пайызы ғана – кредит болған. Қалған 28 пайызы – қайтарымсыз гранттық қаражат ретінде рәсімделген.
Қырғызстанның бүкіл сыртқы қарызының 44 пайызын жалғыз Қытай (ҚХР Эксимбанкі) берген. Бірақ қырғыз туысқан шың еліне тәуелді болмау үшін оның басым бөлігін өтеп тастады. Қаржы министрлігі қазіргі кезде қытайлық несиенің көлемі 1,7 млрд доллар ғана екенін мәлім етті.