Орыс мектептерінде қазақ тілі емтиханынан өтпеген оқушылар орнында қала ма?

12546

Биыл орыс тілді мектептердегі балалар тарихта тұңғыш рет жаппай "Қазақ тілінен келесі сыныпқа көшіру емтиханын" тапсырады.

Орыс мектептерінде қазақ тілі емтиханынан өтпеген оқушылар орнында қала ма? Фото: ernur.kz

Мемлекеттік тілдің мектептерде жеткілікті дәрежеде оқытылмайтынына тіл жанашырларының, сарапшылардың, былайғы жұрттың алаңдағанына көп болды. Мысалы, қоғам белсендісі Қайрат Кәрібозовтың айтуынша, қазақ мектептерінде орыс тілін білмегені үшін келесі сыныбына көше алмай, орнында қалып, қор болған балалар жетерлік.

"Орыс мектептерінде қазақ тілін білмесе де, балалар сыныптан сыныпқа көше береді. Дәл осы кезде қазақ мектептерінде орысша білмей, орыс тілі мен әдебиетінен сүрінген балалар сыныбында қалдырылады. Бұл не кемсітушілік? Орыс тілді мектептерде де солай жасау қажет. Мемлекеттік тілді білмесе, мектеп бітіруге қақысы жоқ", – деп мәселе көтеріп келеді белсенді бірнеше жылдан бері.

Ұлт жанашырлары мемлекеттік тілді жете меңгермеген түлектерді ҰБТ-ға жібермеуді ұсынды. Сонда бұл орыс тілді қазақстандық балалардың тілді үйренуіне соны серпін береді.

Оның үстіне мемлекеттік тілді білмейтін бала мемлекеттік тапсырыспен маман болып даярланса, ертең қазақ тілділерге қызмет көрсете алмай, оларды кемсітетін болады.

Үкімет мұндай батыл қадамға бармады. Дегенмен, сірескен тоң сәл жібігендей. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ақпаратынша, ағымдағы 2023–2024 оқу жылында тілдерді оқытуды кезең-кезеңімен енгізу мақсатында қазақ тілінде оқытатын мектептерде 1-ші сыныптарда "Әліппе/Ана тілі" пәндері енгізілді. Ал, қазақтың қаракөздеріне "Орыс тілі" пәні енді 2-ші сыныптан бастап қана оқытылатын болды. Тіл жанашырлары оны ең құрыса бесінші сыныпқа ысыруды ұсынған еді.

Орыс тілінде білім беретін мектептерде бірінші сынып оқушылары "Қазақ тілі" және "Букварь" пәндерін оқитын болады.

"Былтырдан бері тілдерді оқытуды кезең-кезеңімен енгізу тәсілі іске асырылуда. Бұл тәсіл білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік беретіні маңызды", – деді Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА президенті Мадина Тыныбаева.

Академияның дерегінше, биылғы көшіру емтиханын ұйымдастыру талабы келесідей:

·      Емтихан тек қазақ тілінде өтеді.

·      Емтиханды өткізу уақытын әрбір мектептің педагогикалық кеңесінің өзі айқындайды.

Биыл 9–10-шы сыныптардың оқушылары үшін қорытынды бітіру емтихандары – 2024 жылғы 29 мамырдан бастап 10 маусым аралығында, 11–12-ші сынып оқушылары үшін қорытынды бітіру емтихандары – 28 мамырдан бастап 11 маусым аралығында өтпек. Ата-аналар қауымдастығы, педагогтер қазақ тілінен емтиханды осы қорытынды аттестаттау уақытынан басқа мерзімде өткізуді ұсыныпты. Дегенмен, кейбір мектептер 27 мамырда тездетіп өткізіп тастауға асығуда.

·      Педагогтердің емтихандағы кезекшілік кестесін де педагогикалық кеңес анықтайды.

·      Емтихан материалдарын академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып, әр мектептің пелагогтерінің өздері құрастырады және оны білім беру ұйымының әкімшілігі бекітеді.

Осыған орай Алтынсарин академиясы қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдеріне "Қазақ тілі", "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәндерінен 5–8 және 10-сыныптарда емтихан өткізу тәртібін түсіндіру бойынша онлайн семинар ұйымдастырды.

Онда ұстаздар қауымдастығына емтиханды өткізу талаптары, айдар-рубрика дайындау, тапсырмалар мазмұнын құрастыру, ұйымдастыру мәселелері мен бағалау критерийлерін жан-жақты талдап түсіндіріп, емтиханға қатысты нұсқаулық берді.

Бұл алғашқы сынаққа басшылары білікті әрі жауапты мектептер кәдімгідей жыл басынан бері салмақты дайындалуда. Ондай мектептер әлеуметтік желідегі парақшаларында атқарып жатқан жұмыстары туралы ақпарат бөлісіп тұрады.

"Қазақ тілінен келесі сыныпқа көшіру емтиханын" тапсыру үшін 5, 6, 7, 8 және 10 сынып оқушылары дайындық тестілеулерден өтіп, эссе жазуға, берілген тақырып бойынша ойын жеткізуге дағдыланады екен. Мемлекеттік тілді нашар білетін балалармен жеке сабақтар ұйымдастырылған.

"Қазақ тілінен келесі сыныпқа көшіру емтиханы оқушылардың пән бағдарламасын қаншалықты игергенін бағалау үшін жүргізіледі. Оның барысында шәкірттер жазбаша және ауызша тапсырмаларды орындайды. Оған тыңдалым-аудирование, сөз сөйлеу, оқу, жазу жаттығулары кіреді. Емтихан нәтижесінде 5-ші және одан жоғарғы сыныптардағы әрбір баланың қазақ тілін меңгеру деңгейі анықталады", – деп түсіндірді Қостанай облысындағы Бейімбет Майлин ауданының Юбилейное ауылының орта мектебінің өкілдері.

Дегенмен, маңызды сынаққа мұндай білікті көзқарас сирек. Көптеген білім ордалары, соның ішінде елордалық мектептердің көбі бұл емтиханның нені білдіретінін түсіндіру үшін ата-аналармен жиналыс та өткізбеген. Егжей-тегжей ақпарат таратпаған.

Содан бірқатар ата-ана репетитор жалдап, балаларын өз бетінше даярлауда.

"Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталығы" бір топ ата-аналармен кездесу өткізіп, оларды "Қазақ тілінен келесі сыныпқа көшіру емтиханы" туралы ақпаратпен таныстырыпты. Бірақ бұл жиын алдын ала аңдатпасыз өтті, орталық қысқаша хабарламамен шектелді.

Осылайша, ата-аналардың басым көпшілігі жаңа емтихан туралы жете хабардар етілмеді.  

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазақ тілі мен әдебиеті біріктірілген пәні немесе "Қазақ тілі" пәні бойынша емтихан 5–8 және 10-шы (9-шы сыныптар мектеп бітіру емтиханын тапсырады) сыныптардың оқушылары үшін 27–31 мамыр аралығында өтеді. Осы аралықтағы нақты күнді әр мектеп өзі таңдайды.  

Қазақ тілінен тестілеу екі форматта – ауызша және жазбаша түрде өткізіледі.

Ауызшада: емтихан қабылдаушылар оқушылардың қазақша мәтінді қаншалықты жатық, мәнерлеп оқи алатынын, аудиожазбадағы естіген мәтінін қаншалықты түсіне алатынын және тілдесу машықтарын бағалайды.

Жазбаша бөлімде: шәкірттер өз пікірін ортаға салып, шағын эссе жазуы керек. Жалпы алғанда, емтихан 3 сағатқа (180 минутқа) созылады.

Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, бұл емтихан оқушылардың әрбір тоқсан сайын тапсыратын бақылаулық сынаққа ұқсас. Емтихан сұрақтарын да әрбір мектептің өз мұғалімдері құрастырады. Яғни, қандай бағытта тапсырмалар болатынын және нендей тақырыпқа дайындалу керектігін ата-аналар комитеті арқылы алдын ала құлақтандыруға мүмкіндігі бар.

Журналистер: "бұл сынақ "Қазақ тілінен келесі сыныпқа көшіру емтиханы" деп аталатындықтан, одан құлаған балалар келесі сыныпқа көше алмай қала ма?" – деген сауал қойды.

Министрлік мамандарының мәліметінше, бұл емтихан биыл алғаш рет өтіп отырғандықтан, әрбір тапсырушыға қойылатын қорытынды бағаның 30%-ы – емтиханның қорытындысына, 70%-ы – оқушының жыл бойғы оқу үлгеріміне байланысты болады.

Жалпы, бұдан біраз бұрын, биылғы 20 ақпанда дәл осы сауалға жауап берген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев емтиханнан құлаған балаларды жазалауға жол бермейтінін мәлімдеді.

"Тапсыра алмаған балаларды жазалауға жол берілмейді. Мектеп баланы жазалауға емес, ынталандыруға әрдайым бейім тұруға тиіс. Сондықтан бұл істе де министрліктің ұстанымы мемлекеттік тілді үйренуге ынталандыруға бағытталады. Жазалауға емес. Жазалау деген болмауға тиіс", – деді министр.

Ғ.Бейсембаев емтиханды тапсыра алмаған оқушыларға оны қайта тапсыруға мүмкіндік беруге болатынын жеткізді. Алайда мектептердің мәліметінше, қайта тапсыру мәселесі әлі күнге реттелмеген, оның уақыты да белгісіз. Өйткені 25 мамырда, оқу біте салысымен, біраз ата-ана балаларын алып, шетелге саяхаттайтыны белгілі. Ол үшін авиабилеттерін алып қойған.

Қалай болғанда, бұл емтихан – салмақты сын, ол әрбір оқушының қазақ тілі пәнінен ақырғы бағасына әсер етеді. "Алтын белгіге" үміткер осы емтиханнан лайықты өтсе ғана жарыс жолында қала алады.

Көшіру емтиханында балалардың білімі 5 балдық жүйемен бағаланады. Алынған баға 6-ға көбейтіледі де, жылдың қорытынды нәтижесіне қосылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу