Бүгінде қала ішіндегі қоғамдық көліктерді тізгіндеп жүргендердің басым бөлігі – егде жастағы жүргізушілер. Ал жас жүргізушілер ілуде біреу.
– Қоғамдық көліктерді 4-5 жылдай жүргіздім. Қазір еңбек демалысындамын. Шынымды айтсам, өте ауыр жұмыс. Таңның атысы мен күннің батысы көлікте отыру қиын. Сондықтан болар жастар көп келе бермейді. Келгеннің өзінде ары кетсе, 1-2 ай ғана шыдайды, – дейді қала тұрғыны Ермек Жомартұлы.
Жұмысы ауыр, жалақысы аз жұмыс кім-кімді болмасын қажытары рас. Оның үстіне автобустар да жиі сынатын көрінеді.
– Техника болғаннан кейін автобустар сынып жолда қалып жатамыз. Ондайда өзіңіздің де техникадан аздап хабарыңыз болғаны дұрыс. Бір жағынан көліктер де ескі. Май-май болып, өзіміз жөндейміз арасында. Еңбекақы төмен, жұмыс ауыр. Жастар істегісі келмейді. Ол үшін жаңа қоғамдық көліктер мен жақсы жалақы болуы керек. Сондықтан жүргізуші де тапшы. Көбісі зейнет жасындағылар, – дейді Ермек Жомартұлы.
Қалада автобус жүргізушілерінің жетіспейтіндігін жауапты мекеме басшылығы да жоққа шығармады.
– Біз бірнеше рет ондай проблемалар қоғамдық көлік бұзылып қалуынан немесе сапасыз отыннан болатынын айтқанбыз. Десе де, қазір республика бойынша тағы бір үлкен мәселе пайда болды. ҚР бойынша жүргізуші кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. 2015 жылы Жол қозғалысы ережелеріне түзетулер енгізіліп, D санатын алу үшін автобус жүргізушілеріне міндетті түрде үш жыл жұмыс өтілі бар D1 санаты қосылды, – дейді "Өскемен қаласының жолаушылар тасымалын басқару орталығы" ЖШС директоры Нұрсұлтан Кәрібеков.
Айта кетейік, қазір қалада автобустар жеткілікті. Себебі соңғы бір-екі жылда жаңа қоғамдық көліктер әкелінген.
– Қазір қалада автобус саны жеткілікті. Бірақ олар тоқтап тұр. Себебі жүргізуші жетіспейді, бұл тек облыс көлеміндегі емес, республика деңгейіндегі ауқымды проблема болып отыр, – деп түсіндірді Нұрсұлтан Кәрібеков.
Дәл қазір Өскемен қаласы "кәрі" автобустардан әлі толық арылған жоқ. Қыстың қақаған аязында қырауланып, жаздың шіліңгір ыстығында салқындатқышы істен шыққан ескі коғамдық көліктер тұрғындардың күйін қашырды. Қаланың шет аудандарында тұратындар көлікті сағаттап күтеді.
– Қаланың шетінде тұрамын. Автобус уақытында келмейді. Кейде ұзақ күтуге тура келеді. Жұмысқа да кешігеміз. Жаңа автобустар әкелінгенін естідік, №17 автобуспен қатар тағы бір көлік қатынаса жақсы болар еді, – дейді қала тұрғыны Арайлым Мұратқанова.
Айта кетейік, ресми ақпарат бойынша, қалада 10 тасымалдаушы компания бар. Жалпы күн сайын 355 қоғамдық көлік жолға шығады.
– Қала бойынша 12 маршрут (бағыт) бар. 37 маршрутта үлкен автобустар, 12 маршрутқа шағын автобустар, ал 3 маршрутқа трамвайлар қатынайды. Күн сайын 355 қоғамдық көлік жолға шығады, оның ішінде автобустар – 264, шағын автобустар – 74, трамвайлар – 17. Бүгінгі таңда Өскемен қаласына 400-ден астам жүргізуші жетіспейді, – дейді Нұрсұлтан Кәрібеков.
Жауапты мамандардың сөзіне сүйенсек, қоғамдық көліктерде жұмыс істейтін жүргізушілердің шамамен 40%-ы 55 жастан асқан адамдар. 2022 жылы 5 жаңа және 27 қолданыстағы автобус сатып алыныпты.
Таунар Қайратұлы