Өскеменде жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі әділдік іздеп жүр

1452

Құзырлы органдар жүргізушіні кінәлап отыр.  

Өскеменде жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі әділдік іздеп жүр

Жуықта санавиация арқылы Астанадан Өскеменге жеткізілген үш айлық нәрестені ауруханаға апара жатқан жедел жәрдем көлігі мен жеңіл автокөлік соқтығысқан болатын, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Қанатбек Касентаев санавиация жедел жәрдемінің жүргізуші. Сол күні дәрігерлер Астанадан жағдайы ауыр 3 айлық баланы әкелген. Сәбидің жанын ажалдан арашаламақ болған жүргізуші көліктің арнайы жарық пен дыбыс белгілерін қосып, ауруханаға тура тартқан.  

"21 қарашада мен жұмыста болдым. Санавиация жедел жәрдемге көмек сұрап, біреу қоңырау шалды. Басшылық мені жіберді. Дәрігерлер елордадан ауыр халде аппаратпен жатқан үш айлық баланы кислородпен демалдырып алып келіпті. Олар кислород аз қалғанын, жылдамдатып жеткізуіміз керектігін айтты. Мұндай жағдайда науқас үшін әр секунд маңызды. Оның үстіне кішкене сәби. Қызыл шыраққа дейін жылдамдықты 20-ға дейін түсіріп, екі жаққа мұқият қарап алып, ақырын жолға шықтым. Бір көлік жүйіткіп келіп соғылды. Арнайы жарық пен дыбыс белгілерін қосып алғанмын", - дейді жедел жәрдем жүргізішісі Қанатбек Касентаев.

Қанатбек Касентаевтың айтуынша, арнайы жарық пен дыбыс белгілері қосылған жағдайда жедел жәрдем көлігіне басқа көліктер жол беру керек екен. 

"Көлікпен соқтығысқаннан кейін, екінші жедел жәрдем көлігін 20-30 минуттай күтіп қалдық. Сол кезде сәбидің тағдырына тіпті алаңдай бастадық. Біраздан соң көлік келіп, баланы алып кетті. Ары қарай 102-ге хабарластым. Келіп мән-жайды сұрап, ақыры мені кінәлі етіп шығарды. Полицейлер ауыр халдегі баланы апара жатқанымды ескерген жоқ. Арнайы жарық пен дыбыс белгілерін адамның жағдайы ауыр болған соң қосамыз. Жол сұраймыз. Себебі көлікте бір адамның тағдыры жатыр. Өкінішке қарай, кейбір жүргізушілер жол бермей, кедергі келтіріп жатады", - дейді Қанатбек Касентаев. 

Ал, Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы Қанатбек Касентаевты тәжірибелі жүргізуші екендігін айтып отыр.  

"Санитарлық авиациялық көмектің аймақтағы басшылығы өз кезегінде толықтай жүргізуші жағында екендігін, оның әрекеттері орынды, барынша сол жағдайда заңға қайшы емес екендігін жеткізді. Жүргізуші Қанатбек Қасентаевқа өз жұмысын жақсы білетін, шебер жүргізуші екендігін алға тартып, мінездеме берген. Оқиға кезінде көлікте болған сәби денсаулығына зиян келмеген, қазір Ана мен бала орталығында ем алып жатыр", - дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. 

Полиция департаментінің өкілдері ресми жауап беріп, істің сотта шешілетінін айтты.

"Жүргізуші Тоғас және Аязбаев көшелері қиылысында бағдаршамның жүруге тыйым салатын түсі жанып тұрғанда сол жақтағы көліктердің жол бергендігіне көз жеткізбестен,  "Lada 2115" мәшинесімен соқтығысқан", - делінген мәліметте.

Әлеуметтік желі қолданушыларының арасында жедел жәрдем жүргізішісінің әрекетін әркім әртүрлі бағалады.  

Жүргізішінің ісі сотқа жолданған.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу