Қазақтануға қарсы күресте ойсырай жеңіліп келе жатқан Өскемендегі шовинистік топтар кейінгі жылдары қайта еңсе тіктей бастады. Әуелі Абайдың 175 жылдығына арналған флэшмобты карантин талаптарына заңсыз шара деп көрсетіп, шу шығарған болатын. Енді Қасым Қайсеновтің ескерткіші өзінің атындағы саябаққа емес, шеттегі №19 шағын ауданға орнатылатын болыпты. Ертіс жағасына бекініс салып, Алтайды отарлауға атсалысқан Лихаревтің мүсіні басқа жерге көшірілгенін сылтау етіп әлеуметтік желіде қолдан ұйымдастырылған шу жергілікті әкімдікті тіксінтіп тастаған тәрізді.
30 жыл бойы "Бір ел, бір тағдыр", "Қазақстан – ортақ үй" деген сияқты ұраншыл насихаттардың тек қаракөздерге бағытталып, біржақты жүргізілгеніне осы Өскеменнің "феномені" дәлел.
Жеңіс даңғылынан басталған жеңіс
Тәуелсіздігімізді жаңадан алып, дағдарыс жағадан, нарық етектен алған тұста "пугачевшылдардың" лаң салмақ болуы Өскемендегі шовинизм Орал казактарының сепаратизмінен де қауіпті екенін көрсеткен. Балғымбек Имашевтің айтыс сахнасынан:
"Ускаманагорскы
Жинап алған орысты
Қошқарлар мен сотқарлар
Жоспарсыз да соғысты", – деп жырлайтынын осы тұс.
Өскеменнің қазақтануға түбегейлі бет бұруы 2007 жылы басталған еді. Бірақ қазақ мемлекеттілігіне қайшы, идеологиялық тұрғыда ескірген топонимикалық атауларды жаңалау науқаны шовинистік топтар тарабынан қарсылыққа тап болған. Патшалық отарлаудың символындай болған ескі көпес үйлерін сүріп тастап, орнына көлік кептелісін сейілтетін даңғыл салу жобасының дауы Астанаға дейін жеткен еді. Жылдан астам уақытқа созылған дау ақыры тынып, даңғыл Жеңіс атауын алды.
Жеңіс даңғылы өскемендік зиялы қауымға қазақтану майданындағы жеңістің бастауындай көрінген. Көп өтпей Республика алаңындағы Ленин ескерткішінің орнына Абай қонып, қаланың батыс қақпасына Қабанбай батырдың ескерткіші орнықты. Ғимарат жетпегендіктен, дәретхананы оқу кабинеті ретінде пайдаланып отырған қазақ мектебін жартылай бос тұрған орыс мектебінің ғимаратына көшірілгенін де шовинистер қынжыла қабылдап, ақпарат құралдарын шулатып бақты. Әкімдіктің батыл қадамдары ақыры ел болуға құлықсыз топтарды сабасына түсіріп, шовинистер біржола тынышталғандай болған.
Мәскеудің макеті
2014 жылдың күзінде қазақтану науқаны күрт бәсеңдей қалды. Жергілікті БАҚ Өскеменнің көрікті орындары Мәскеуге қарап бой түзейтінін жарыса жазып жатты. Ал көше шамдары мен сәкілерін Мәскеудегідей ету үшін қалалық әкімдік өкілі іссапармен Ресей астанасына барып, өскемендік "Востокмашзавод" қомақты тапсырыс алғаны есімізде.
"Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі" деген атпен бауырлас түркі халықтарының өнер фестивалі мен ғылыми конференциясы өтетін. Оның да мазмұны өзгерді. Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы жайлауынан табылған "Алтын адамды" мәскеулік антропологтар зерттеп, сүйек иесінің бет әлпеті еуропалық нәсілге келеді деген қорытынды шығарды.
Төл спорттың тірегі болып тұрған ұлттық ат спорты орталығына бөлінген қаражаттың талан-таражға түскені анықталып, мекеме толық таратылды. 9 мамыр сайын қала іргесіндегі атшабарда өтетін дәстүрлі бәйге жарыстары қысқартылып, орнына "Ажалсыз полк" шеруі пайда болды. Есесіне қазақ баласының негізгі құрамға ілігуі қиын волейбол мен велоспортқа миллиондап қаржы бөліне бастады. Шөлмектің бір-ақ күнде сынатыны шын екен. 2018 жылы "Шығыс-Ақпарат" медиахолдингінен шу шықты. Облыстық "Дидар" газетінің тілшісі Мұратхан Кенжеханұлын "Өскемен қашан рухани жаңғырады" деп баспасөз бетінде сауал қойғаны үшін қудалап, дауды облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі тоқтатуға мәжбүр болған. Мақаланың дүмпуі күшті болғаны сонша, Өскемендегі ондаған көше қазақша атау алып, Зырян ауданы Алтай болып өзгерді.
Бірақ Өскеменнің қазақиланғанын қалайтын қауымның қуанышы көпке бармады. Қазір Шығыс Қазақстанда ономастикалық жаңғыртуларға мораторий жарияланған. Оны жергілікті әкімдік келесі жылы өтетін халық санағына дайындықпен байланыстырып отыр.
"Өскемен бір жылдары рухани жаңғырған. Бірақ бір аудан, 39 көшенің қазақилануына ықпал еткен облыс басшысы Даниал Ахметов аяқ астынан мораторий жариялап тастады. Былтыр көрші Павлодар мен Қарағанды қалалары көшелерін өзгертіп жатты ғой. Соған қарап отырып Кенжетайұлынын кежегесі ұлттық істе кейін тартатынына қынжыласың. Күтеміз енді. Бұл күндер де өтер", – дейді Мұратхан Кенжеханұлы.
Тарихи қасіретті тойға айналдырмақшы
Мақаланың басында биыл Өскеменнің қазақилануына қарсы топтар белсеніп жүр дедік қой. Оларды түнде ұйқысынан, күндіз күлкісінен айырған мәселе – Алтайды отарлау ісінің 300 жылдығы. Шовинистер осы датаны Өскеменнің 300 жылдығы ретінде тойлағысы келеді. Негізінде Қазақстанның айтулы даталар тізімінде мұндай мереке атымен жоқ. Оны былтыр Мәдениет, спорт және туризм министрлігі ресми мәлімдеген болатын. Бұл даулы тақырыпты бірнеше жыл мұқият зерттеген белгілі журналист Азамат Қасым жергілікті өлкетанушылардан алған мұражай деректерін ұсына отырып, Өскеменнің тарихы 1000 жылдан асатынын нақты дәлелдеген де болатын. Шовинистік топтар сонда да қасарысуын қоймай келеді. Пандемияға қарамастан, жергілікті ауқымда шаралар өткізіп, жанталасуда. Ең қызығы, осындай мазмұны күмәнді шараларға "Қазцинк" сияқты өңірдегі белді кәсіпорындар демеушілік етіп жүр. Жергілікті Altaynews.kz сайты 31 шілдеде "Қазцинк" кәсіпорнының Instagram арқылы "#300летУК" хэштегімен жүлде қоры 700 мың теңгеден асатын бейнероликтер конкурсын жариялағанын хабарлады.
Жылдар бойы өңірлік ассамблея мен мәдениет басқармасының тізгінін ұстап, облыс әкімінің орынбасары болған қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков өңірдің идеологиясы бірінші басшыға тікелей байланысты екенін айтады.
"Кезінде Головков бастаған, полковник Петрушенко, Иванов, Васильевалар қостаған сепаратистер қазір жоқ. Кейінгі кезде бас көтере бастағандар, меніңше, кезінде Өскеменнен Мәскеуге, Алтай өлкесі мен Новосібір қалаларына кеткен шовинист орыстар. 2009-2012 жылдары Навозов, Карташов, Любимов бастаған "Лад" қозғалысының біраз ұлтшылы бас көтеріп, Медведевке, Путинге ауық-ауық арызданып, қазақтардан көріп жапқан "теперіштерін" айтып, жазбаша шағымданған болатын. Қазір тағы да бас көтере бастаған сыңайлы. Біздің мемлекет жайбарақаттыққа салынбай, сепаратизмнің белгілерін жөргегінде тұншықтырып отырғаны абзал. Кезінде облысты басқарған Бектемісов, Сарин, Нағыманов сияқты ағаларымыз орыстардың алдында бастарын иген емес. Сол кезде бас көтере алмағандар қазір құтырып барады. Өлмелі кемпіріне дейін Қазақ мемлекетінің болашағына күмәнмен қарайды. Себеп не? Былқылдақ саясат тұрғанда, бұлар "тұнығымызды лайлағанын" қоймайды. Біздің билік бұлардың ығына жығылған сайын, олардың теріс пиғылдары өрши түсуде", – дейді ол.
"Ажалсыз полктың" астарында не жатыр?
Өскемен руханияты дегенде "Ажалсыз полк" туралы жақ ашпау ағаттық болар. 2015 жылдан бастап осы шеру өңірдегі идеологияның айнасына айналды. Қазақстанда қолданыстан алынған "георгий лентасын" кеудесі мен көлігіне тағып көшеге шығу дәстүрі барған сайын ауқымын кеңейтіп барады. Осы шеруде соғысқа қатысқан техникалардың парадын өткізуді "Азия Авто" компаниясы өз мойнына алған. Тіпті сол үшін арнайы қойма ашып, ескі техникаларды жаңғыртуға қаражат бөліп келеді. Тіпті "жәдігерлердің" қатарын көбейту үшін Қазақстан мен Ресейдің түкпір-түкпірінен ескі көліктерді аттай қалап сатып алатыны тағы бар.
Өскемендегі осындай өзгерістерге сырттан дем беру бір сәтке де бәсеңдеп көрген жоқ. 22 қыркүйекте Ресейдің Рravda.ru сайтына Антон Бредихин дейтін тарихшының "Қазақстанның шығысы – ежелден казактардың жері" деп сұхбат беруі соның дәлелі.
"Іргедегі көршіміздің жекелеген топтарының империялық пиғылын ашық көрсететін мұндай мақалалар неге жазылады? Бұған белгілі бір деңгейде өзіміз кінәліміз. Нақты айтсақ, біздің іс басындағы шенеуніктеріміз кінәлі. Бұған "қоғамдық пікірді ескеру керек, онсыз болмайды" дейтін солқылдақ заңдарымызды қосыңыз. Кезінде отарлаушылар еліміздегі жер-су атаулыны түгелімен орысшаға ауыстырғанда жергілікті ұлттың пікірін сұрап, үйді-үйді аралап па еді? Бір ауданның атауын өлдік-талдық дегенде әрең ауыстырдық. Қайталап айтамын, бір ғана ауданның атауын. Әлі атауы ауыспаған ондаған аудан, жүздеген ауыл, мыңдаған көше бар. Мына түрімізбен (осы жалтақтығымызбен деп түсініңіз) олардың қанша жылда жаңа атауға ие болатыны бір құдайға ғана аян. Елдің, жердің иесі кім екендігін көрсету үшін жер-су атаулары өзге тілде емес, өз тілімізде болуы қажет. Әйтпесе мұндай сөздердің әлі талайын естиміз, бұдан сорақы жағдайларға да тап болуымыз мүмкін", – дейді әріптесіміз Азамат Қасым.
Мысықтілеу материалға ұлт бірлігін еселеп, тұтастығымызды түгендеуге тиіс Ассамблеямыз да, соның атынан Парламенттен мандат алған 7 депутаттың бірі де ләм-мим деп үн қатпады. Ол аз десеңіз, Қазақстан халқы Ассамблеясының ресми сайтына өскемендік шовинистердің ұранымен үндес "Восточным воротам Казахстана – Усть-Каменогорску – 300 лет" деген көлемді мақала жарияланыпты.
Бүгінгі мақаланы жазуымызға Қасым Қайсенов ескерткішінің өз атындағы паркке кіре алмауы түрткі болғанын оқырманнан несін жасырайық. Негізінде Қасым Қайсеновке арналған белгі 2010 жылы қойылған болатын. Бірақ ескерткіш емес, кеуде мүсіні ғана болатын. Сол мүсін 10 жыл бойы жанармай стансасын күзетіп келді.
Осы ұятты жайт қайта-қайта баспасөз бетінде көтеріліп, зиялы қауым сынға ала берген соң, "Жастар" саябағына батырдың есімі беріліп, ішіндегі Киров ескерткіші тұрған тұғырға Қасым қонады деген ақпарат таратылған. Әкімдік ол шешімнен тайқып, жаңа ескерткішті №19 ауданға қоймақшы көрінеді.
Қайсар Қасым көзінің тірісінде ШҚО әкімі болған Виталий Меттенің қабылдауына қалай кіргені туралы аңыз бар. Жеке шаруасымен облыс әкіміне арыз айтпақ болып, кеңсесіне бірнеше рет барса да, көмекшілері "кейін келіңізбен" жолға сала беріпті. Аяқ астынан Өскемендегі бір шараға Меттенің баратынын естіген Қасым батыр арнайы бас сұғады. Қапелімде сасқалақтап қалған әкім ақталмақ болып ардагерге қос алақанын ала ұмтылады. Сонда Қасым атамыз ұлты неміс Виталий Меттені одан бетер састырыпты деседі.
"Қарағым Виталий, менің неміс өлтіруді қойғаныма 50 жылдан асты. Неге қаша бересің", – деген екен. Ал бүгінгі әкімдердің Қасымның айбынды аруағынан не үшін қашқақтап жүргені өздеріне ғана аян...
Есімжан Нақтыбайұлы
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!