Өскеменнің іргесінде Жәнел Сәуменова есімді 11 жасар шабандоз тұрады. Алты жасынан ат спортымен айналысқан ол бүгін де талай аламан бәйгеде бақ сынап жүр. Ат құлағында ойнайтын шабандоз түрлі трюктер жасайды. Өнерімен талайды тәнті етіп жүрген қаршадай қыз баланың бойындағы таудай батылдыққа біз де таңқалып, арнайы жаттығу алаңына іздеп бардық.
Жәнелге атқа мінуді анасы Александра Ден үйреткен екен. Анасы – ат клубының жетекшісі. Шабандозымызды анасы осы алаңда жаттықтырады.
Алты жасымнан бастап, ат спортымен айналыстым. Бұрын мен гимнастикамен шұғылданғанмын. Кейін ата-анам маған туған күнімде жылқы сыйлады. Бір күні анам меннен "ат спортымен айналысып көресің бе?" деп сұрады. Мен ойланбастан "иә" деп жауап бердім. Себебі ат спорты маған бала күнімнен қатты ұнайтын, – дейді Жәнел Сәуменова.
Шабандоздың жасы биыл 11-де. Оның айтуынша, атқа мініп үйрену алғашында айтарлықтай оңайға соқпапты.
– Анам маған атқа мінуді ғана емес, кедергілерден атпен секіруді де үйретті. Алғашында біршама қиын болды. Талай рет жығылдым. Бірақ қорыққан жоқпын. Бір ерекшелігі – жылқы өте сезімтал болады екен. Кейде аударылып түссең де, сені басып кетпейді. Әртүрлі атқа міну үшін оны алдымен өзіңе үйрету керек. Әйтпесе, жатырқап, дұрыс шаппай қояды. Барынша аттың күйін сезінуге тырысамын, – дейді шабандоз.
Жәнел Сәуменова бос уақытында ата-анасына аттың жем-шөбін дайындауға да қолғабысын тигізеді. Қорада онға тарта сәйгүлік тұр. Бірі бәйге аты болса, енді бірі спорттық аттар. Тіпті арасында мәстек жылқы да бар.
Шабандозымыз алғашында екі айналымдық қысқа шақырымдық бәйгеге қатысса, кейін аламанға шапқан.
Айтуынша, Күршім ауданында өткен бәйгеде жалғыз қыз шабандоз Жәнел болыпты.
– Сегіз жасымнан бастап бәйгеге қатыстым. Алғашында қысқа қашықтықтағы бәйгеге шаптым, кейін аламан бәйгеде бақ сынадым. Күршім ауданында өткен бәйге де қатыстым. Алаңды жиырма рет айналдық. Барлық шабандоздар ұлдар. Жалғыз мен ғана қыз. Сол кезде кейбір кісілердің арасында "аттың тізгініне қалай ие боласың?" деп таңырқағандары болды. Бірақ бәрі сәтті өтті. Алғашында қиынға соққаны рас. Десе де, қалың дүбірдің ішінен суырылып шыққанда бәрін ұмытып кетесің. Тіпті ол сәтті сөзбен жеткізудің өзі мүмкін емес. Ғажап сезім!, – дейді шабандоз.
Жастайынан аттың бауырында өскен кейіпкеріміз бәйгеге шабудың өзіндік әдіс-тәсілдерімен бөлісті.
– Бәйгеге шапқанда тек тізгінге ие болып қана қоймай, аттың көзіне аққан терді де сүртіп отыру керек. Ол үшін қамшының басына жұмсақ орамақ байлап аламыз. Аттың шабысын қадағалап отырған абзал. Басын тартып, тыныстатып, қайта шауып отырамыз. Ал мәреге таяғанда, тізгінді жіберіп, қамшы басамыз. Бәйгеге шапқанда шабандоздың тақымы мықты болу керек. Барынша сақ болған жөн, – дейді ол.
Жәнелдің мақсаты – ат спортымен Америкада өнер көрсету. Бүгінде ол арманына жету үшін тынбай жаттығуда.
– Ат спорты маған қанат бітірді. Еліміздің талай жерінде өнер көрсеттім. Жарыстарға қатыстым. Ендігі арманым Америкада өнер көрсету. Спорттың бұл түрі біздің денсаулығымызға да пайдасы зор. Ол сенің өсуіңе, физикалық дамуыңа пайдалы. Сонымен қоса, адам өзін сергек әрі жеңіл сезінеді. Бұлшық еттерің де қатаяды, – дейді Жәнел Сәуменова.
Шабандоз осыған дейін цирк артисы Мұрат Мұтырғановтың байқауында екінші орын алыпты. Байқауға шетелдік атбегілер төрелік еткен.
Клуб жетекшісі Александра Деннің айтуынша, мұнда келетіндердің басым бөлігі мүмкіндігі шектеулі жандар.
– Ат спорты клубымызға кейбір мүмкіндігі шектеулі жандар да келіп, арнайы атқа мініп жатады. Ол олардың сауығып кетуіне өз пайдасын тигізеді. Бұлшық еттерін қатайтады. Кейбірі үнемі келіп отырады. Сонымен қоса, мұнда балаларға атқа мінуді үйретемін. Әрқайсысы әр түрлі қабылдайды. Кейбірі тез үйреніп кетсе, енді бірі жәй үйреніп жатады. Балалар көп. Көбінесе бес жастан бастап келіп жатыр. Біз мұнда атқа мінуді, ерттеуді, шабуды және кедергілерден секіруді үйретеміз, – дейді клуб жетекшісі.
Жәнелдің анасына атқа отыруды атасы үйретіпті. Ол да жас кезінде ат құлағында ойнаған.
– Екі жасымнан бастап атам маған атқа мінуді үйретті. Мен де аламан бәйгеге, тағы басқа ат спорттарына қатысамын. Қазір жаттықтырушы болып жүрмін. Аттарға үш жасынан бастап кедергіден секіруді үйретеміз. Алғашында қатты биіктен секіртпейміз. Ақырын-ақырын кедергіні биіктете береміз. Кейбір жылқылардың мінезі шәргез болады. Оларды үйрету біршама қиынға түседі, – дейді ол.
Осылайша, ұлттық ат спортын дәріптеп жүрген жас шабандозымызға риза болып қайттық. Ата-анасы оның болашағынан зор үміт күтіп отыр.