Отандық автонарық: 7 айда не өзгерді

9517

Қазақстанда құрастырылған 4 533 автомобиль шетелге экспортталды. 

Отандық автонарық: 7 айда не өзгерді

Қазақстанның автобизнес қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, осы жылдың 7 айында ел аумағында жалпы құны 371,4 млрд теңгеге 47 176 техника өндірілген. Бұл 2020 жылдың қаңтар-шілдесіндегі көрсеткіштен 23,8 пайызға жоғары, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі.  

Қауымдастықтың хабарлауынша, еліміздің автоөнеркәсіп саласы машина жиынтықтарының тапшылығына және Қытай арқылы тасымалданатын жүк жеткізілімдерінің шектелуіне байланысты қиындыққа тап болған. Дегенмен, ресми деректер бойынша, автоөнеркәсіп машина жасау саласының 32 пайызын иеленіп, саланы дамытудың негізгі драйвері атанып отыр. 

2021 жылғы қаңтар-шілдеде 40 674 жеңіл автомобиль (өсім 26,6 пайыз), 5 302 жүк көлігі (өсім 52,1 пайыз), 705 автобус (нәтиже 17,5 пайызға кеміген), 376 тіркеме және жартылай тіркеме, 119 басқа да мамандандырылған техника шығарылған.

Қазақстандағы кәсіпорындарда өндірілген ең танымал брендтер: Chevrolet (18 362 бірлік), Hyundai (14 322 бірлік), Kia (5211 бірлік) JAC (3 253 бірлік), GAZ (2 456 бірлік), UAZ (940 бірлік), KAMAZ (824 бірлік), Lada (394 бірлік), Hyundai Trucks (301 бірлік) және Renault (294 бірлік).

Биыл 7 айдың қорытындысы бойынша Қостанайдағы "СарыарқаАвтоПром" кәсіпорны 179,2 млрд теңгеге 28 670 техника (өсім 46,9 пайыз) өндірді. Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan компаниясы жалпы құны 140,7 млрд теңге болатын 14 274 жеңіл автокөлік шығарды. Семейдегі "СемАЗ" кәсіпорны 21,4 млрд теңгеге 2 476 коммерциялық техника (өсім 95 пайыз) жасады.

Бұдан бөлек, Көкшетаудағы "КАМАЗ-Инжиниринг" компаниясы 824 жүк көлігін (өсім 60,9 пайыз), Hyundai Trans Auto зауыты 496 жүк көлігі мен автобус (өсім 165,2 пайыз), Daewoo Bus Kazakhstan компаниясы 146 автобус шығарды.

Автомобильдер экспорты автоөнеркәсіпті дамытудың басым бағыты болып отыр. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Беларусь мемлекеттеріне 30,6 млрд теңгеге 4 533 автомобиль жөнелтілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға жоғары.

Қазақстанда көлікті өндіруден бөлек, ескі көліктерді жоюға тапсыру да қарқын алған. Деректерге сүйенсек, қазақстандықтар арнайы бағдарлама басталған күннен бүгінге дейін 200 104 ескі көлікті жоюға тапсырған. 2021 жылдың сегіз айында 25 958 жеңіл автокөлік, 9 219 жолаушы және жүк көліктері тапсырылған. Жеңілдік сертификаты бағдарламасы бойынша 2 315 ауылшаруашылық техникасы қабылданған. Оның 1 830-ы – трактор, 485-і – комбайн.

Қазақстан бойынша ескі көлікті өткізуде Шымкент қаласы көш бастап тұр. Аталған шаһар тұрғындары 38 496 көлік өткізген. Одан кейінгі орында Алматы, Тараз, Қарағанды, Павлодар қалалары жайғасқан.

Бағдарлама жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері 54 700 жеңілдік сертификаты Қазақстанда құрастырылған 29 200 көлікті сатып алуға пайдалынылған. Ескі көлігін жоюға тапсырған қазақстандықтарға берілген өтемақы көлемі 28 млрд теңгені құрап отыр.

Еске сала кетейік, ескі көлікті жоюға қабылдау бағдарламасы 2016 жылдың қараша айында іске қосылды. Бағдарлама сұранысына қарай көлік қабылдау тәртібі электронды жүйеге ауыстырылды.

Сонымен қатар автокөліктерге берілетін ақшалай өтемақы мөлшері ұлғайтылды. Жеңіл көліктер үшін 210 мың (72 АЕК), М2 және N1 санатындағы көліктерге 420 мың (144 АЕК) және М3 санаттағы техникаларға 630 мың (216 АЕК) теңгеге дейін өтемақы белгіленді.

Бұдан бөлек өткен жылдың қарашасынан істен шыққан ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға қабылдау бағдарламасы іске қосылды. Тапсырылған ескі комбайндар мен тракторлардың орнына жеңілдік сертификаттары берілді. Жеңілдік сертификатының номиналы ауыл шаруашылығы техникасының түрі мен жиынтығына байланысты 560 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін бағаланды.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу