ESG енді Қазақстандық қаржы нарығы үшін әдемі естілетін термин ғана емес. Өйткені келесі жылдан бастап қаржы нарығына осы "Экология, әлеуметтік және корпоративтік басқару" қағидаттары енгізілмек. Оның аясында отандық банктер бастап, сақтандыру ұйымдары, банктік емес қаржы ұйымдары, аудиторлық және лизингтік компаниялар сынды нарық қатысушылары ESG-ақпаратты жария етуге міндеттеледі. Алғашқы кезеңде банктер климаттық тәуекелдерге стресс-тесттен өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ESG қашан пайда болды?
ESG түсінігінің тарихына үңілсек, 1970 жылдарға бірақ барамыз. Әлеуметтік, экономикалық, экологиялық факторлардың экономикалық дамуға әсері кіретін тұрақтылық дамуды зерттеу сол жылдары басталған. Тұрақты даму концепциясы 1972 жылы БҰҰ-ның қоршаған орта туралы конференциясында халықаралық дәрежеде мойындалады. Бірақ ол кезде бұл термин ретінде аталып, бекітілмеген. 1987 жылы БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау және даму комиссиясында "тұрақты даму" термині айтылады. 2004 жылы тұрақты даму принциптері - ағылшын тілінен аударғанда экология, әлеуметтік және корпоративтік басқару - ESG түсінігіне трансформацияланды. Мұндағы (E – environment) қоршаған ортаға қамқорлық, әлеуметтік жауапкершілік (S – social), корпоративтік басқарудың жоғары сапасы (G – governance). 2006 жылы ESG-дің алғашқы индексі пайда болды. 2015 жылы БҰҰ "2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы күн тәртібін" бекітеді. Бұдан кейінгі жылдары әлем елдері мен ірі компаниялар ESG түсінігін жаппай енгізе бастады.
Қазақстандағы ESG
Қазақстанда бұл түсінік 2010 жылдардан бастап мемлекеттің халықаралық талаптарды орындау және қосылуы мен халықаралық инвестордардың отандық бизнеске қойған талаптарының арқасында белсенді түрде енгізіле бастады. Мысалы, 2013 жылы "Жасыл экономикаға өту концепциясы" қабылданды. Оның аясында 2055 жылы электроэнергияны баламалы көздерден өндіру 50%-ға жетуі керек. 2000 жылы БҰҰ-ның Жаһандық шарты қабылданды, оны қазақстандық бизнес те сақтауға міндетті. 2022 жылы ҚР Үкіметі қабылдаған 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясат туралы концепцияда ESG тәжірибені енгізу мен жасыл қаржыландыру тәсілдерін зерттеуге талдау көзделген. ESG-ді енгізу бағытында Қазақстан Орталық Азияда көшбасшы. Тіпті PwC Kazakhstan тарапынан жасалатын арнайы рейтинг те бар. Оған еліміздегі ең ірі 50 компания кіреді және олардың сапалық көрсеткіші жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, 2019 жылы рейтингке кірген компаниялардың орташа көрсеткіші 4,6 балл болса, 2020 жылы 5,1 баллды құраған. 2021 жылы Қазақстан ESG индексінде 179 мемлекеттің ішінде 51 орынға ие болады. Былтыр ESG есептілік практикасының даму динамикасы бойынша ТОП 5 елдің қатарына кірді.
Қаржы нарығына ESG-ді неге міндеттеу керек?
Осы уақытқа дейін ESG тәжірибені енгізу, ақпараттарды жария ету ОА елдерінің ешқайсында міндеттелмеген еді. Биыл Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2025 жылдан бастап қаржы ұйымдарын міндеттейтіні туралы хабарлады. Сарапшылар ҚНРДА-нің бұл қадамының нәтижесінде Қазақстан халықаралық индексте жоғарылауы мүмкіндігі барын айтады.
Жалпы еліміздің қаржы секторы ESG-ді енгізу жағынан әлемдегі ең белсенділердің бірі. Мысалы, Қазақстанның қор биржасы 2015 жылы БҰҰ-ның тұрақты биржаларының бастамасына - SSЕ (Sustainable Stock Exchanges Initiative) қосылған. 2016 жылы SSE әдіснамасы негізінде компаниялар үшін ESG-есептілікті жасауға нұсқаулық шығарды. 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша KASE-дің ESG алаңында көлемі 208 млрд теңге болатын облигациялардың шамамен 16 шығарылымы тіркелді. ESG ақпаратты жария ететін компаниялардың саны ықтимал 155-тен 79-ға жетті.
Биыл қаржы нарығына ESG қағидаттарын енгізу бұрынғыдан да қарқынды түрде жүзеге аса бастамақ. Қаржы нарығы соңғы 3 жылда бұл бағытта бірқатар қадамдар жасады.
Жеке атап өтсек. Мәселен, өткен жылғы Astana Finance Days аясында құрамында банктер де бар 19 компания Ұлттық ESG клубын ашты.
Ал биыл қаржы нарығын реттеуші ESG енгізудің шешуші кезеңіне кірісті. Қазақстанның қаржы нарығын реттеуге ESG қағидаттарын енгізу жөнінде Жол картасы қабылданды. ESG-тәуекелдерді басқарудағы ұсынымдар мен талаптардың сақталуына мониторинг жүргізілмек. Қаржы ұйымдарындағы экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару жөніндегі нұсқаулық (ESRM) пен Қаржы ұйымдары үшін парниктік газдар шығарындыларын есептеу және банктердің кредиттік портфельдерінің көміртегі ізін бағалау жөніндегі нұсқаулық шығарылмақ.
Жақында 2024 жылдан бастап кезең-кезеңімен нақты қадамдар жасала бастайтынын хабарлады. Оның ең біріншісі климаттық тәуекелдерді стресс-тестілеу. 2024 жылдан бастап қаржы нарығына қатысушылар арасында алдымен банктер осы тесттен өтеді. Екінші қадам, 2025 жылдан бастап ESG-ақпаратты жария ету міндетті. Ол ақпараттар немесе есептің нәтижесінде қаржы ұйымдарының қоршаған ортаға, әлеуметтік салаға және экономикаға әсері анықталады. Сонымен қатар "жасыл" қағидаттарды енгізу қаржы нарығы "ойыншыларының" қаржылық көрсеткіштеріне қалай әсер еткені бағаланады.
Қазіргі кезде 5 ірі банк бұл ақпаратты өздігінен жариялап отыр. Жалпы банктер бұл бағыттағы жұмыстарын 2019 жылдан бастаған. 2020 жылы мұндай есепті алғаш болып Халық банк жариялады. 2 жылдан кейін Jusan, биылдан бастап Kaspi, Bereke Bank, Отбасы банк жариялай бастады. Алғашқы екеуі бұл ақпаратты жеке құжат ретінде жариялап жүр, ал Bereke Bank пен Отбасы банк KASE-дегі жылдық есептеріне қосқан. Ал Kaspi.kz-тің ағылшын тіліндегі корпоративтік сайтында қолжетімді. Сарапшылар Халық пен Kaspi.kz-тің бұл бағыттағы белсенділігін ІРО-мен байланыстырады. Өйткені батыс нарығы, инвесторлар "жасыл" талаптардың орындалғанына мән береді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқа банктер 2023 жылы өз еріктерімен бұл ақпаратты жария етеді деп үміттенеді және оған қатысты нұсқаулық та әзірлеген. Ол бойынша банктер алдымен "қоршаған орта", "климат", "қызметкерлер", "өнімдер және тұтынушылар", "қаржылық инклюзия", "этика" сияқты элементтер бойынша ақпаратты жария етуі тиіс. Екінші, орнықты дамуды басқару, стратегия, тәуекелдерді басқару және тиімділіктің негізгі көрсеткіштері (KPI) кіреді. Үшінші, корпоративтік басқару мәселелері, оның ESG практикасына бейімделуі, директорлар кеңесінің қызметі, бақылау ортасы, акционерлердің құқықтары мен мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл туралы ақпараттар жариялануы тиіс. Яғни, бұған дейін жарияланып келген қаржылық есептілік көрсеткіштері, қаржылық емес, есептілікпен толығады. Мұның арқасында қаржы нарығына қатысушылардың қызметі туралы толық ақпарат алуға болады.
Көпшілік ESG-ақпаратты жария етудің банктерге қаншалықты қатысы бар деуі мүмкін. Түсінікті болу үшін айта кетейік, қаржы нарығы ойыншылары ең ірі компаниялар, инвестициялық жағынан тартымды, көшбасшы бизнес санатына жатады. Көптеген өндіруші компаниялар сияқты климаттың өзгеруімен күресте қаржы секторының рөлі ерекше. Мысалы, банктер экономиканың нақты секторындағы компанияларға кредит беру арқылы өз қызметін де, тұтастай алғанда экономиканы да көміртексіздендіруге айтарлықтай ықпал ете алады. Немесе бизнесті қоршаған ортаны қорғауға мәжбүрлей алады. Егер компания ауаны қатты ластаса, қалдықтарды орынсыз шашса, әлеуметтік жауапкершілігі төмен немесе корпоративтік басқаруында мәселе болса, ESG рейтингі төмен болады. Нәтижесінде кредит алу, инвестор тарту мүмкіндігі азаяды. Әлемде мұндай мысалдар бар. 2020 жылы MSCI ESG Research агенттігі Краснояр аймағында жанармай төккені үшін ресейлік Норникельдің рейтингін төмендетті. Норвегиялық ірі инвестқор Norges Bank Investment Management көмір шығаратын компанияларға инвестиция салмайды.
Қазақстанда әзірше мұндай жағдайлар тіркелген жоқ. Бірақ, 2021 жылдан бастап "жасыл" кредиттер көлемі 62,1 млрд теңгеден 220,1 млрд теңгеге дейін ұлғайғаны байқалды. ("Жасыл" кредиттер - қоршаған ортаны қорғауға үлес қосатын жобаларға берілетін кредиттер).
Сарапшылар қаржы нарығына ESG енгізу климаттың өзгеруімен күреске және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға оң әсер етіп, компаниялардың әлеуметтік және экологиялық жауапкершілігінің өсуіне ықпал етеді деп есептейді.