Отанға опасыздықтан туындаған трагедия ма?

1965

Қазақстан халқы азаттық тарихында 10-шы рет жарияланған Аза тұту күнінде қаза тапқандарды қайғыра еске алуда.  

Отанға опасыздықтан туындаған трагедия ма?

Өкінішке қарай биылғы жыл ұлттық қасіреттен басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 10 қаңтарды Ұлттық аза тұту күні деп белгіледі.

Республика көлемінде террористерге қарсы операциялар жалғасуда. Баскесерлер қаншама бейбіт тұрғынның және күштік құрылымдар өкілдерінің өмірін қиды. Бұл жұртшылықтың қабырғасын қайыстырып отыр. Мемлекет басшысы қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты.

Қорқыныштысы сол, аза тұтып, қара жамылған Қазақстан халқы бұл бүліктерден нақты қанша адамның опат болғанын білмейді. Оны дәл қазір толыққанды анықтау да мүмкін болмай тұр. Бір белгілісі – әсіресе, Алматыда көп адам қаза тапқан.

Президент Қ. Тоқаевтың 6 қаңтарда Үкіметке берген шұғыл тапсырмасы бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, қылмыстық топтардың ойраны кезінде із-түзсіз жоғалып кеткендер туралы ақпаратты халыққа ұсыну үшін 1414 Сall-орталығының базасында тікелей желі ұйымдастыруға кірісті.

Қалай болғанда, әрбір кісі өлімінің артында қара жамылған қаптаған адам – әкелер мен аналардың, бұғанасы бекімеген балалардың, адал жарлардың, дос-жарандардың қайғы-қасіреті тұнып тұр. Демек бұл – жүздеген отбасының қайғысы.

Алматыдағы бейберекетсіздіктер кезінде 11 жасар баланың жантәсілім еткенін біліп, қоғам опынды.

Мұның бәрі – онсыз да аз халқымыз үшін орны толмас трагедия.

Еліміздің барлық өңірінде құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімі өткізіледі.

Кешегі түннен бастап еліміздегі және шетелдегі Қазақстанның дипломатиялық мекемелеріндегі барлық Мемлекеттік ту төмен түсірілді.

Төтенше жағдайға байланысты төрт күннен бері Қазақстан бойынша онсыз да ойын-сауық шараларына, отбасылық және мерекелік іс-шараларға тыйым салынған болатын. Ал Аза тұту күніне байланысты телеарналар мен радиотолқындар хабар тарату желісін өзгертіп, көңіл көтеруге арналған контент көрсетілімінен бас тартты. Теле-радио хабарларын және интернет-телевизияны таратушы операторлар көңіл көтеру және жарнамалық контенті бар шетелдік телеарналарды таратуды тоқтатты.

ҰҚҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Биылғы 6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша, Қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Сол күні осы қылмысты жасады деген күдікпен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов және басқа да адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды".

Жалпы алғанда, 1991 жылғы желтоқсанда тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан он рет жалпыұлттық аза тұту күнін жариялапты. Inbusiness.kz қаралы даталарды еске алады.

Шахтадағы жарылыс

2006 жылғы 20 қыркүйекте Қарағанды облысының аумағында орналасқан, Ленин атындағы шахтада жантүршігерлік жарылыс болды. Алапаттығы сонша, жер астында жарылыс толқыны 4,5 шақырымды жапқан. Оның соңы өртке ұласып, салдарынан 41 шахтер қаза тапты. Жеті жұмысшы жараланды.

Арнайы құрылған комиссия жарылыс желдеткіш құбырларды ауыстыру кезінде қауіпсіздік техникасының бұзылуы кесірінен болды деген байламға келген. Қайғылы оқиғадан кейін соған жол берді деп айыпталған шахтаның алты жұмысшысы сотталды. Үшеуі бір жыл шартты түрде бас бостандықтарынан айырылды. Қалғандары 1-ден 3,5 жылға дейін темір торға жабылды.

"Абай" шахтасындағы метан жарылысы

Жер астында жұмыс істейтін жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына үнемі қауіп төнетіні жасырын емес. Егемендік тарихындағы екінші аза тұту күні де шахтерлермен байланысты. 2008 жылғы 11 қаңтарда Қарағанды облысының Абай қаласының жанындағы шахтада, 400 метрлік тереңдікте болған жарылыс 30 шахтердің өмірін жалмады. Тағы 14 жұмысшының денесін күйік шалған, әртүрлі дене жарақатын алған.

Трагедияның себебі ретінде шатыр-қалқаны орнату кезінде технологияны бұзу, соның салдарынан ұшқынның шашырауы және оның жарылысқа соқтыруы аталды. Үш инженерлік-техникалық жұмысшы айыпты деп танылды. Төтенше оқиғаны тергеу барысында өнеркәсіптік қауіпсіздікке жауапты екі шенеунік қана қызметтерінен қуылды. Қарағанды облысында қаза тапқан шахтерлердің аруағына құрмет ретінде үш күндік аза тұту күні жарияланды. 

Қызылағаштағы қызыл су

2010 жылғы 11 наурызда Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасы бөгенінің бұзылуы кесірінен арыны қатты тасқын су тұтас ауылды жермен-жексен етіп, 45 адамның өмірін үзді. Бұл – Қазақстанның қазіргі заманғы тарихындағы ең алапат тасқын саналады. Мерт болған 45 тұрғынның 11-і – бала болатын. Тағы 300-дей тұрғын түрлі жарақат алған.

Төтенше апат салдарынан Қызылағаш ауылы тып-типыл болды. Егінсу, Ақтоған, Көлтабан ауылдары су астында қалды. 146 үй толығымен сүрілді, 251 үй күйреген, 42 үйге зақым келген. Билік қираған бөген орнына жаңасын салуға кірісті.

Қазақстанда 16 наурызда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Шекарадағы қантөгіс

2012 жылғы 28 мамырда "Арқанкерген" шекаралық бекетінде он төрт шекарашы жауынгер және қорықшы өлтірілді. Бұл қылмыс жайында қоғамға тек екі күн өткен соң ғана белгілі болды. Оны сол қан-қасап қырғыннан аман қалған жалғыз шекарашы – Владислав Челах жасады деген айып тағылды. Сот оны өмір бойы бас бостандығынан айырды.

Тұңғыш Президент Н. Назарбаев "Арқанкерген" шекарашыларының және қорықшының қайғылы қазасына байланысты 2012 жылғы 5 маусымды ұлттық аза тұту күні деп белгіледі.

Шымкент аспанындағы апат

Мемлекет басшысына сол жылғы 27 желтоқсанда қайтадан жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялауға тура келді. 2012 жылғы 25 желтоқсанда Шымкент түбінде шекарашылар мінген АН-72 ұшағы құлады.

Әуе көлігі ішінде 27 адам болған, оның жетеуі – экипаж мүшесі. Олардың барлығы қаза тапты. Апатта ҰҚК Шекара қызметінің басшысы Тұрғанбек Стамбеков те мерт болды.

Әуе көлігінің апатына Шымкент әуежайының диспетчері кінәлі деп танылды. Ол төрт жылға сотталды.

Алматы маңындағы ұшақ апаты

Келесі жылы Қазақстанда тағы да ұшақ құлады. 2013 жылғы 31 қаңтарда Алматы облысының Қызылту кенті ауданында SCAT авиакомпаниясының Көкшетаудан Алматыға ұшып шыққан Chellenger-200 ұшағы құлады. Салдарынан 16 жолаушы, 5 экипаж мүшесі көз жұмды. Апатқа ұшқыштың қателігі себеп болды деп танылды.

Қайғылы оқиғаға орай Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ақордада құқық қорғау органдарының басшыларын, салаға жауапты лауазымды тұлғаларды жинап, кеңес өткізді. Оның барысында Н. Назарбаев авиациялық апат құрбандарының отбасыларына, туыс-туғандарына бірнеше рет көңіл айтты. 2013 жылғы 31 қаңтар жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Ақтөбедегі теракт

2016 жылғы 5 маусымда содырлар тобы Ақтөбедегі 2 қару-жарақ дүкеніне және әскери бөлімге қарулы шабуылдар жасады. Терроршылар қолынан 8 адам мерт болды. Оның үшеуі – әскери қызметшілер еді.

Антитеррористік операция барысында арнайы жасақ жауынгерлері 18 қылмыскерді жер жастандырды.

Алматыдағы қазіргі қанды қырғынды талдаған кейбір сарапшы Ақтөбедегі терактіден кейін қажетті шаралар кешенінің толыққанды қабылданбағанына назар аудартып жүр. Мысалы, елімізде әлі күнге дейін қару-жарақ дүкендері де, тіпті стратегиялық нысандар да лаңкестік шабуылдан жете қорғалмағаны байқалуда.

Ақтөбедегі террористік акті кесірінен әскерилердің және тұрғындардың қаза болуына байланысты сол кездегі Президент 2016 жылғы 9 маусымды ұлттық аза тұту күні деп белгілеу туралы өкім шығарды.

Ізінше, 2016 жылғы 18 шілдеде теракт Алматыда қайталанды. Мұздай қаруланған 26 жасар Руслан Күлекбаев Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына, ҰҚК департаментіне және көшедегі полицейлерге шабуыл жасады. Лаңкестік акт салдарынан үш полиция қызметкері, бір шекарашы және бір қария қаза тапты. Алты полицей және үш қарапайым тұрғын жараланды. Шабуыл қарсаңында Р. Күлекбаевтың жеңіл жүрісті әйелді де өлтіріп тастағаны анықталды. Қалада алғаш рет террористік қауіптің қызыл деңгейі жарияланды. Банктер, сауда ойын сауық орталықтары және басқасы жабылды. Сот Күлекбаевты өлім жазасына кесті. Бірақ елде мұндай ең жоғарғы жазаға мораторий енгізілгендіктен үкім орындалмай, ол өмір бойы бас бостандығынан айыруға ауыстырылды.

2021 жылғы 20 қыркүйекте Алматыда жергілікті тұрғын Игорь Дужнов үйінен мәжбүрлеп шығаруға келген 5 адамды жер жастандырды. Кейін Дужновтың Донбаста сепаратистер жағында соғыс жүргізгені туралы бейресми ақпарат тарады. Бұл екі жағдайда да ұлттық аза тұту күні жарияланған жоқ.  

Bek Air ұшағының апаты

2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының Алматыдан Нұр-Сұлтан бағытына ұшып шыққан Fokker-100 ұшағы 07:22-де жерден көтеріліп, ұшып кете алмай, бетон дуалды қиратқан бойы тұрғын үйге соғылды. Ұшақ ішінде 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Атап салдарынан 12 адам өлді. Соның ішінде экипаж командирі де қаза тапты. Кейін екінші ұшқыш та қайтыс болды.   

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 28 желтоқсанды Алматы жанындағы жолаушылар ұшағының апатынан болған адамдар өліміне байланысты жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Коронавирус қырғыны

Соңғы рет Қазақстанда траур бір жарым жылдай бұрын болды. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың өкімімен республикада COVID-19 пандемиясынан көз жұмғандарды еске алу үшін 2020 жылғы 13 шілде жалпыұлттық аза күту күні болып белгіленді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда КВИ бойынша жағдай күрт нашарлаған. 2020 жылғы 13 наурыздан 2022 жылғы 7 қаңтарға дейінгі аралықта республикада 993 406 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. Оның ішінде 13 047 адам дүние салды. Сонымен бірге ПТР-тест арқылы анықталмайтын коронавирустік пневмонияға 2020 жылғы 1 тамыздан 2022 жылғы 6 қаңтарға дейінгі аралықта 84 320 адам шалдықты, 5 227 азамат көз жұмды. 

Заңнама бойынша жалпыұлттық аза тұту күнін республика Президенті жариялайды. Қандай оқиға үшін осы қайғылы реңктегі рәсім қолданылатынына қатысты нақты критерийлер жоқ. Президент нақты бір жағдайдың ауырлығын, қоғам мен мемлекет үшін қандай қайғы-қасірет әкелгенін бағамдай отырып, жеке шешім қабылдайды. Әлемде қалыптасқан тәжірибе бойынша оған негізінен, көп көлемдегі адамдардың құрбан болуы, терактілер және басқа да қайғылы оқиғалар, көрнекті, елге сыйлы биік лауазымды тұлғалардың өлімі түрткі болады.

Траур бір немесе үш күнге созылуы мүмкін.

Аза тұту күні – құрбан болғандардың аруағына тағзым және адамгершіліктің ұлық актісі. Аза тұту күні ел болып егіліп, ұлттық жүнжуге емес, қайта елдік пен азаттыққа төнген қауіпке қарсы халық пен биліктің бірігуіне, ортақ мақсатқа жұдырықтай жұмылуына ықпал еткені абзал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу