Отбасы банкінің аралық заемының мөлшерлемесі өзгереді

3777

Инфляцияның өрістеуі, Ұлттық банктің базалық ставканы жоғарылатуы тұрғын үй несиесін халықтан алшақ етеді. 

Отбасы банкінің аралық заемының мөлшерлемесі өзгереді

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Қазақстанда инфляция қарқын алғанын хабарлады. Салдарынан, Ұлттық банк бұл көрсеткішке қатысты болжамдарын өзектілендіруге мәжбүр болды. Сонымен биылғы жылы инфляция 16-18%-ға дейін шарықтайды деп болжанып отыр. Бұл – кейінгі онжылдықтардағы тарихи максимумның бірі. Яғни биыл билік баға құнсыздануын құрықтай алмайды.

Ақылжан Баймағамбетов тек келесі 2023 жылы инфляцияны 7,5-9,5% деңгейіне түсіру мүмкін болады деп тұспалдайды. Ал 2024 жылы бұрынғы 5,5-7,5% дәлізіне оралта алса, жақсы. Президент Үкімет алдына инфляцияны 4 пайызға түсіруге міндет қойған болатын, бірақ бұл меже тым алыстап барады. Оның үстіне Ұлттық банк басшылығының өкілі мұның базалық сценарий екенін ескертті. Одан да жаманы – пессимистік сценарий бар. Дегенмен елді шошытпау үшін Ұлттық банк оны жария етпеді.

Қазірдің өзінде инфляция жылдық мәнде 16,1%-ға жетіп тұр екен. Егер алда мемлекет бағаны құрықтай алса, жылдық шама шамалы түседі. Ал ондай іс қолынан келмесе, Қазақстан тарихындағы рекорд орнап, ел әлемдегі қаусаған елдердің қатарына қосылуы ықтимал.

Осы орайда табысы, тұрмысы тоқыраған халық төлем қабілетінен айырылып жатқаны байқалады: ипотекасын, банктік кредитін төлеуді қойғанына 90 күннен асқан адамдар көбейген. Салдарынан, қайтарылмайтын несиелердің жалпы саны:

  • Jusan Bank-те – 140,6 млрд теңгеден (барлық несиесінің 12,45%-ы);
  • Kaspi Bankте – 133,9 млрд (4,76%);
  • Сбербанкте (Береке банк) – 126 млрд (9,21%);
  • Еуразиялық банкте – 65,7 млрд (6,68%);
  • ЦентрКредит банкінде – 57,1 млрд (3,4%);
  • Forte Bank-те – 53 млрд (4,89%);
  • Home Credit Bank-те – 21,2 млрд (5,22%);
  • Нұрбанкте – 15,8 млрд (6,05%);
  • Eco Center Bank-те (бұрынғы Альфа-банк) – 14,4 млрд (11,77%);
  • түркиялық КЗИ банкте – 11,7 млрд (13,49%);
  • ресейлік ВТБ-да – 8,2 млрд (7,44%) теңгеден асты.

Бұл басы ғана болса керек. Finprom мониторинг агенттігінің сарапшылары елде ипотекалық заемдар көлемі қарқынды артып бара жатқанына назар аудартады. Себебі қымбатшылық қысып, дағдарыс ұзаған сайын баспананы толық сатып алу қиындай түсті. Қазақстандықтар амалсыз, тұрғын үй кредиттеріне жүгінуде. Алда девальвация болса, онда жылжымайтын мүлік сатып алу тіптен қол жетпес арманға айналуы мүмкін. 

Мысалы, 2022 жылғы тамыз айында қазақстандық банктер жалпы сомасы 20,36 млрд теңге кредит беріпті, бұл былтырғы тамыздағыдан 27,1%-ға көп.

Жалпы азаматтар басым көпшілігінде тұтынушылық несие алады: жалпы сомасы 6,9 трлн теңгеге жетті. Бірақ үй салу немесе сатып алу заемдары да қомақты. Оның көлемі бір жылда бірден 46,3%-ға артып, жалпы сомасы 4,2 трлн теңгеден асты.

Бүгінде банктердің бүкіл кредиттік портфеліндегі ипотеканың үлесі 20,4%-ды құрайды. Бірақ банктердің өзге несиелік өнімдеріне қарағанда, тұрғын үй кредитінде қайтарылмайтын борыш ең аз: төлемі тоқтатылған берешек көлемі небәрі 36 млрд теңге немесе жалпы көлемнің 0,9%-ы ғана. Яғни азаматтар бар тапқан, таянғанын бірінші кезекте ипотекасын өтеуге бағыттайды. Үкіметтен көмек сұраған жандар ипотеканы уақытылы төлеу, яғни баспанадан айырылып қалмау үшін микроқаржы ұйымдарынан шағын несие алуға мәжбүр болғанын әңгімелейді.

Салыстыру үшін айтсақ, үлескерлер дауы өршіген кезде, 2014 жылы өтеу мерзімі өтіп кеткен тұрғын үй заемдарының үлесі 10%-дан асқан.

Қазақстанда берілген барлық ипотеканың жартысынан астамы, немесе шамамен 2,57 трлн теңгесі жалғыз "Отбасы банк" еншісінде.

Отбасы банк 2022 жылғы 1 қазаннан бастап аралық тұрғын-үй заемының пайыздық ставкасы 7%-дан 11,5%-ға дейін артатынын жариялады. Бұл ретте осы банкте есепшот ашып, оны тұрақты түрде ұзақ жыл толықтырғандар үшін жеңілдіктер қарастырылады. Отбасы банк жаңа форматтағы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі былайша жұмыс істейтінін ескертті: салымшы депозитін неғұрлым ұзақ уақыт жинаса, несие мөлшерлемесі соғұрлым төмен болады.

"Жинақ мәдениетін нығайту аясында Отбасы банкінде 2022 жылдың 1 қазанынан бастап аралық тұрғын үй заемдарына сараланған пайыздық ставкалар енгізіледі. Яғни аралық заем бойынша ставка жинақтау кезеңіне және сәйкесінше бағалау көрсеткішінің белгіленген диапазондарына байланысты болады. Аралық заем бойынша пайыздық ставка диапазоны жылдық 7%-дан (ЖТСМ 7,4% бастап)  11,5%-ға дейін болады. Депозитте ұзақ қаражат жинамай, Отбасы банкіндегі жинақ шотына бірден тұрғын үй құнының 50%-ын аударған клиент үшін ставка енді 10%-дан 11,50%-ға дейінгі (ЖТСМ 11,2% бастап) аралықта болады. Ал 7%-дан 8,5%-ға дейінгі бұрынғы ставкамен заем алу үшін банк салымшысы қолындағы тұрғын үй құнының 50%-ын депозитке салып, бағалау көрсеткішін 5-ке дейін жеткізуі керек. Бұл мәнге жету үшін депозит толықтырылған сәттен бастап 6 ай мерзім өтуі қажет. Сонда заем бойынша пайыздық ставка төмендейді", – деп мәлім етті Отбасы банк.

Қаржыгер Серік Баймолдиннің байламынша, бұл бір жағынан, азаматтарды тәртіп пен жинақылыққа үйретеді.

"Ұзақ жыл, ай сайын тыңғылықты, тұрақты түрде қаражат енгізіп тұрған клиент баспана алған соң да берешегін өтеуде тәртіп танытады. Бірақ бұл жүйе шұғыл түрде баспана алғысы келетін адамдарға соққы болады. Олар қазір баспананың елу пайызын тез енгізіп, пәтер алып, несиесін тиімді ставкамен төлеуге кірісетін. Ал енді олар үшін ставка күрт көтеріледі, яғни бұлай алған баспана екі есе қымбаттап кетуі мүмкін. Қазірдің өзінде Отбасы банкінен ескі ставкамен ипотека алсаңыз, 20 жылда 1,5 пәтердің құнын төлеп шығасыз", – деді сарапшы.

Jusan Analytics Ұлттық банктің базалық ставканы көтеруі халықтың шектен тыс борыш батпағына батуына соқтырады деген тұжырымға келіп отыр.

Көпбалалы отбасының отағасы Елшат А. өзін қызметтік баспанадан шығарып тастағалы жатқанына шағымданып жүр. Ол елордадағы Үркер тұрғын үй алабында тұрады. Бұдан бұрын, 2020 жылы ол қалалық тұрғын үй басқармасына жүгініп, көп балалы отбасы ретінде үй кезегіне қоюға өтініш берген екен, кезекке тұрғызудан бас тартыпты.

"Қазіргі кезде әйелім жұмыс істемейді, жұмыс табылмады. Төрт баламыз бар. Екеуі студент, қалғаны оқушы. Биылғы шілдеден бастап, көп балалы отбасы ретінде беріп келген 49 100 теңге жәрдемақыны төлеуді тоқтатты. Сондықтан отбасының жалғыз табыс көзі – менің 160 мың теңге жалақым ғана. Ол тек азық-түлікке жетеді. Мұндай жалақыммен бірде бір банк бізге ипотека бермейді", – деп қамығады Елшат.

Жалпы дамыған елдерде халықтың аз қамтылған бөлігінің өзі банктерден ипотека алып, баспаналы бола береді. Бірақ оларда тұрғын үй заемының сыйақы мөлшерлемесі өте төмен. Базалық мөлшерлемені тоқтаусыз арттырған Ұлттық банк, инфляцияны құрықтамаған Үкімет қосылып, ипотека саласын күйретіп тынуы ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу