"Отбасы банктен" өтемақыға қатысты шу шықты

8679

Клиенттер мемлекеттік банктің өз депозиттерін автоматты түрде тұрғын үй заемына көшіріп тастағанына қарсы. Олар мемлекеттің өтемақысынан айрылды. Ал банк өзінікін жөн көріп отыр. 

"Отбасы банктен" өтемақыға қатысты шу шықты

"Қаралы қаңтар" оқиғаларынан кейін биліктің елді елеңдеткен, тіпті сүйсінткен әлеуметтік жобаларының бірі – жеке тұлғалардың банктерде теңгеде орналастырылған депозиттеріне 10% өтемақы (сыйлықақы) төлеу жөніндегі президенттік жобасы болды. Бірақ ол көмек тек бір жылдан соң берілетіні жарияланды. Әрі оған 2022 жылғы 23 ақпандағы қолданыста болған өтелетін депозиттер ғана кірді. Талап етілгенге дейінгі салымдар, шартты салымдар және ағымдағы банктік шоттар қалыс қалды.

Бұл тұрғыда қаптаған түрлі шарттарды орындап, талаптарына толық сәйкес келіп, енді өтемақы аударыла бастайтын күнді зарыға күткен жандардың бір бөлігі тағы шетқақпай қалатыны анықталды. Әңгіме "Отбасы банкімен" одан ары тұрғын үй заемына өтетін аралық заем туралы шарт бекіткен клиенттері жөнінде болып отыр.

Сәл түсіндіре кетсек, қолында үй бағасының 50% ғана бар, бірақ үш жыл күте алмайтын клиенттер Отбасы банкінде аралық заем рәсімдейді. Банк талабы бойынша клиент пәтердің жарты сомасын енгізеді, ол ақша заем толық өтелгенше, банкте депозит ретінде жатады. Отбасы банк болса, сатып алынатын пәтердің толық құнына несие рәсімдеп, соның бүкіл сомасынан 7–8,5% сыйақы алып отырады. Клиенттің бастапқы жарна депозитін енгізгеніне 3 жыл толғанда, оның аралық заемы тұрғын үй заемы шарттарына ауысады, ал несие ставкасы 5,2%-ға дейін төмендейді.

Міне, Отбасы банкінде ондаған жылдарға дейін қозғалыссыз жататын бастапқы жарна депозитіне мемлекеттің 10 пайыз өтемақысы есептелуге тиіс.

"Мен Отбасы банкінің заемшысымын. Өткен жексенбіде банктен менің кредитімнің автоматты түрде тұрғын үй заемына ауыстырылғаны туралы хабарлама келді. Шынында, ол бұдан біраз бұрын ауыстырылуға тиіс болатын, мерзімі келді. Алайда мен 10% өтемақыны алуға өтініш жазып қойғанмын, сондықтан жинағым заемға айналмады. Содан көңілім жайланып, өтемақының түсуін күтіп жүргенмін. Енді қомақты өтемақыдан қағып отыр: Отбасы банкінде 9,3 млн теңгем жатыр, тиісінше өтемақы 1 миллионға жуық болатын еді. Өтемақының түсуіне небары бір аптадай қалғанда, солай жасады. Бір жыл күткенім зая болды", – деп күйінеді банк клиенті Гүлбану.

Ол бүгінде жұмыссыз қалыпты. 9 жасар баласын баққан жалғызбасты ана. Отбасы банктің тірлігі жығылғанға жұдырық болғандай: мемлекет уәде еткен көлемді сыйақы оның банк алдындағы міндеттемесін едәуір жеңілдететін еді.

"Жалпы, бұлардың мені келісімімсіз тұрғын үй заемына ауыстыра салғаны келісімшарттың 2-ші пунктін бұзу деп санаймын. Банктің әрекетінің кесірінен мемлекеттен 10% өтемақы алу мүмкіндігінен айрылдым. Келісімшарттағы екінші пункте заемшының жағдайын жақсарту мақсатында банк келісімшартты біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы деп жазылған. Мына жағдайда тұрғын үй заемына көшіру жағдайымды еш жақсартпайды, қайта ол шамамен 12 миллион теңге жоғалтуыма соқтырды. Біз әділдік пен заңдылықтың бұл істе де үстемдік құрғанын қалаймыз. Банк қаражатты кері қайтарып, мемлекеттің он пайыздық өтемақысын төлесін. Егер проблема бейбіт келісіммен шешілмесе, онда біз сотқа дейін барамыз. Бұлардан моральдық өтемақыны да талап етеміз", – дейді Отбасы банктің тағы бір клиенті, белсенді Айгүл.

Банк клиенті Ольга да "Аралық заемнан" "Тұрғын үй заемына" автоматты түрде ауысу қандай заңда немесе келісімде жазылғанын, неге банк соған табандап отырғанын түсіне алмапты. 

"Келісімшартқа сәйкес, аралық заемның мерзімі 108 айды құрайды. Бүгінде ол мерзімім әзірге біте қойған жоқ. Мен негізгі қарызды ішінара өтеп, тұрғын үй заемына өту туралы өтініш те жазған емеспін. Қарызды өтеудің жаңа кестесіне қол қойған жоқпын. Келісімшартта тек клиенттің өз міндеттемесін орындамаған немесе тиісті түрде орындамаған жағдайда банк оның жинағын алып қоюға құқылы екені жазылған. Бірақ мен заем келісімшартын еш бұзған жоқпын. Соған қарамастан, аралық заем тұрғын үй заемына автоматты түрде ауысып кеткені туралы sms-хабарлама постфактум, яғни болары болып, бояуы сіңіп қойған соң келіп тұр", – деді Ольга.

Жалпы, мұндай шағымдар жетерлік.

Бұл жанжалға осы қаржылық ұйымды сонау 2017 жылдан бері табан аудармай басқарып келе жатқан, "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова ресми блогы арқылы үн қатты.

"Шартқа сәйкес, егер шарт жағдайларын өзгерту талап етілмесе, онда аралық заемның тұрғын үй заемына өтуі бойынша іс-шаралар автоматты түрде жүргізіледі. Бұл шартқа, заемды өтеу кестесіне, банктің ішкі құжаттарына, Қазақстан заңнамасына және тұрғын үй құрылыс жинағы туралы шартына сәйкес келеді. Шарттың бөлінбес бөлшегі болып табылатын төлем кестесінде тұрғын үй заемын алудың болжамды датасы көрсетілген. Клиенттерден алдымен сонымен танысып алуды сұраймыз. Баршаңыздың назарыңызды аударамыз: өтемақы алу үшін клиенттер тұрғын үй заемына өту датасын кейінге қалдыра алмайды. Заңнамада, банктің ішкі құжаттарында және бекітілген шарттарда ондай норма көзделмеген", – деп шорт кесті Отбасы банк басшысы.

Яғни, мемлекет өтемақы төлейтінін жариялағанда, мемлекеттік банк осындай қайшы жағдай болуы мүмкін екенін ескермегені байқалады. Оның үстіне тіпті төлем кестесінде аралықтан тұрғын үй заемына өту мерзімі келмеген адамдар да сазға отырды.  

Отбасы банк түсіндіруінше, егер клиент тұрғын үй заемына өтуге арналған шарттарды мерзімінен бұрын орындаса, онда оған автоматты түрде СМС-хабарлама жолданады. Мұндай хабарламалар өтемақы күткен азаматтарға төбесінен жай түскендей әсер етсе керек: еш қайран қыла алмайды, тоқтатуға да шамасы жоқ. Себебі, "заңнамада, банктің ішкі құжаттарында және бекітілген шарттарда өтемақы алайын деп, клиенттің тұрғын үй заемына өту датасын кейінге қалдыруына мүмкіндік беретін норма көзделмеген".  

Өтемақы салымшылардың депозиттеріне 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін, Отбасы банкіне өтемақы төлеуге арналған қаражат түскен сәттен бастап 2 жұмыс күні ішінде аударылады.

Таяуда, 2023 жылғы 8 ақпанда Отбасы банк мемлекеттің өтемақысын алу туралы өз клиенттерінен жалпы сомасы 116 миллиард теңгеге 914 526 өтініш қабылдағанын жариялады.

"Отбасы банк депозиттерінде жинақталған ең жоғары сома – 52,9 миллион теңгеге тең. Өтемақы төлемдерінің ережесіне сәйкес, 20 млн теңгеден аспайтын салым сомасына ғана 10% көлемінде өтемақы есептелетін болады. Жалпы, 2022 жылдың 23 ақпандағы жағдай бойынша банкте 20 млн теңге өтемақы алатын 3 080 депозит бар", – деп мәлімдеді Отбасы банк.

Алайда мемлекеттік банк қуанышқа бөленуі мүмкін өз клиенттерінің санын "автоматты түрде" азайтып жатқаны және сол ісін дұрыс деп табанданғаны қайран қалдырады. Мемлекеттің имиджі, әрі халыққа қамқорлық үшін әлгі принципі мен ішкі құжаттарын түзете салса, бәрі бұл банктің өз қолында. Бір жылдай күткен, талаптарды адал орындаған азаматтарды мәреге бір апта ғана қалғанда, "автоматтың" күшімен жолдан шығарып тастау әділдікке жатар ма екен?

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу