Отбасының бір мүшесі алған несиеден екіншісі хабардар болуы керек

742

Қазақстандықтар жұбайының рұқсатынсыз қарыз ала алмауы мүмкін. 

Отбасының бір мүшесі алған несиеден екіншісі хабардар болуы керек Фото: inbusiness.kz

Осыдан бір ай бұрын Мәжіліс несие беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Құжаттағы негізгі жаңалықтың бірі – қазақстандықтардың жұбайының рұқсатынсыз банктен несие ала алмауы туралы норманың болуы. Бұл норма адам құқығын шектемей ме? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайты 
депутаттардың пікірін білді.

"Бір отбасы бір мемлекет деп есептейтін болсақ, отбасының бір мүшесі алған несиеден екіншісі хабардар болып, оның рұқсаты болуы керек деп ойлаймын. Өйткені бұл жерге кепілдікке үй қойылатын болса, бәрі бір үйде тұрып жатқандықтан, олар тең құқылы шығар. Бұл – адам құқығын шектеу емес, кеңейту. Отбасыңның мүшесі не істеп, не қойып жатқанынан хабардар болуың керек", - деді Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов.

Халық қалаулысынан жұбайлардың бірі агрессор болған жағдайда бұл норма қаншалықты ойға қонымды екенін сұрадық. Зайытовқа "Жұбайлардың бірі ақшаны өз мақсатына жұмсағысы келсе, неге рұқсат алуы керек?" сұрағы қойылды.

"Онда несиеге кепілдікке қоятын затының бәрі біржақты өз табысы болуы керек шығар. Негізгі ақшалай несиелерде рұқсат алуы керек", - деп қысқа қайырды мәжілісмен.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев әріптесінің сөзін қолдады.

"Менің ойымша, шаңырақ көтерген уақытта үлкен бір отбасы институты құрылады. Мұнда жұбайлар кез келген шешімді бірге қабылдаймыз, отбасында болған жағдайда бірге жауапкершілікті қамтамасыз етеміз дейді. Соның аясында несие мәселесі де өте маңызды. Қазір несие алудың жеңіл түрлері өте көп. Сонымен қатар әртүрлі бағыттардағы 5-7 млн теңгеге дейінгі несиені ешқандай да дәлелдемесіз беретін банктер бар. Сол себептен бұл норма біріншіден жауапкершілікті арттырады, екіншіден отбасындағы кез келген қаржылық мәселені бірге шешуге үлесін қосады деп ойлаймын. Бұл норма өте қажет", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу