Өткен парламенттік сайлау бойынша сарапшылар не дейді?

755

"Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры" "Қазақстанда әділ сайлауды қамтамасыз ету үшін ұлттық заңнаманы қалай өзгертуге болады?" тақырыбында онлайн дискуссия өткізді. 

Өткен парламенттік сайлау бойынша сарапшылар не дейді? Фото: inbusiness.kz

Спикерлер елдің сайлау заңнамасын жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын онлайн-тыңдалым барысында айтты. 

"Аталған парламенттік тыңдаулар бесінші рет өткізіліп отыр. Бұл формат сайлау науқаны кезеңінде басталды әрі парламентаризмді дамыту қорының қызметінде одан әрі жалғасын табады. Бүгін айтылған барлық ұсынымдар ұлттық заңнаманы өзгертуге бағытталған түзетулердің бірыңғай пакетіне жиналады. Сайлаудан кейін кандидаттар сайлаудың заңсыздығын, өткен сайлау кампанияларының сапасы, әділдігі, ашықтығына қатысты көптеген бұзушылықтарды мәлімдеді. Осыған байланысты республика заңнамасын зерделеу, соңғы өткен Мәжіліс пен мәслихаттарына сайлау барысында көрсетілген құқық қолдану тәжірибесімен салыстыру қажеттілігі туындады", – деді қор басшысы Зәуреш Батталова. 

Кандидаттардың бірі, заңгер-әлеуметтанушы, "Жігер" әйелдер ынтымақтастығы лигасы көшбасшыларының бірі Халида Әжіғұлова мектептің сайлау процесіне қатысуына тоқталды. 

"Меніңше, біз мектептерді үгіт-насихат әрі сайлау күні дауыс беру алаңдары ретінде алып тастауымыз керек. Үгіт-насихат тұрғысынан келесі нәрсеге назар аударғым келеді. Мысалы, өз басым кандидат ретінде үгіт-насихат жүргізу үшін тізімге енгізілген белгілі бір мектептерге жүгіндім. Сайлаушылармен үгіт-насихат кездесулерін демалыс күндері ғана өткіздім. Себебі білім беру процесіне кедергі жасағым келген жоқ. Билік партиясының кейбір кандидаттары мектептердегі кездесулерін сабақ күндері өткізді. Олар мұның мектептердегі балаларға қандай қауіп төндіретіні туралы да ойланбады. Мысалы, қандай да бір үміткер күндіз мектепте кездесу өткізсе, кез келген адам бұл жиынға келгенін айта алады. Ал, іс жүзінде балаларға зиян тигізуі мүмкін", – деп атап өтті спикер.

Ол сайлауды бұдан былай бетпе-бет форматта өткізбеуді ұсынып отыр. 

"Сайлау тек электронды дауыс беру арқылы өткізілуі керек. Бірақ деректердің тәуелсіздігі мен адалдығын қамтамасыз ету үшін, дауысты санау кезінде бақылау мен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ететін халықаралық беделге ие аудиторлық компанияны жалдауымыз керек деп санаймын. Сонымен қатар дауыстар бойынша мәліметтер Қазақстандағы және әлемнің бірнеше бөлігіндегі деректерді сақтау орталықтарында сақталуы керек. Бұл не үшін қажет? Бұл дауыстардың Қазақстанда бұрмаланбауы және оларды қайта тексеру үшін керек. Яғни, бұл спортшыларды допингке тексерудің аналогы деуге болады", – деді Халида Әжіғұлова.

"Ақ жол" демократиялық партия төрағасының орынбасары Меруерт Қазбекова партияның сайлау жүйесі мен сайлау заңнамасын реформалау жөніндегі ұсыныстарынан бастады. Оның айтуынша, ең әуелі сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету қажет. 

"Дауыс беру күні сайлау учаскелеріндегі барлық процестердің (бюллетеньдерді беруден бастап дауыстарды санауға дейін) бейне мониторингін енгізуді ұсынамыз. Бұл өте маңызды. Бейне мониторинг әр учаскедегі бірнеше нүктеден онлайн режимде жүргізілуі тиіс: бюллетень беру аймағы, дауыс беруге арналған урналар, дауыс беруге арналған кабинаға бару, бақылау аймағы, дауысты санауға арналған үстел. Мұны облыстық сайлау комиссияларының сайтында тікелей трансляция не Интернетке ашық трансляция арқылы көрсетуге болады", – деп атап өтті ол. 

Меруерт Қазбекованың сөзінше, бұл сайлау процесінің айқын бұзылуын, заңсыз әрекеттерді және шиеленіскен жағдайларды тіркеуге мүмкіндік береді. Әртүрлі сайлау учаскелерінде дауыс беретін адамдарды анықтау мақсатында бейнебақылау камераларының жабдықтары адамның бетін автоматты тану жүйесімен қамтамасыз етілуі қажет.

"Екіншіден, сайлау учаскелері дауыс берушілердің жеке куәлігінің штрих кодтарын оқу үшін сканерлермен жабдықталуы тиіс. Бұл электронды үкімет порталына қосылу арқылы жүзеге асырылу керек. Бұл шара сайлаушыны идентификациялап қана қоймай, сонымен қатар егов жүйесі арқылы қайта дауыс беру мүмкіндігін анықтай алады. Электронды дауыс беруді енгізу мәселесіне келсек, бұл өте даулы мәселе. Бірақ соған қарамастан, адамдарға смартфондар, дербес компьютер арқылы өз құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік беру керек. Бұл азаматтардың электоралдық белсенділігін едәуір арттырар еді", – деді ол.

Бұдан бөлек сайлау заңнамасының бұзылуы бойынша жауапкершілікті күшейту де өте маңызды, деді спикер. 

Құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова ұсынылып отырған электронды дауыс беру мәселесін жіті зерттеу керек деп есептейді.

"Егер қоғамның билікке, заң шығурушы органдарға деген сенімін арттырғымыз келсе, онда бірқатар заңдар пакетіне өзгерістер енгізу керек. Атап айтқанда, "Сайлау туралы, "Бейбіт жиналыстар туралы" және "Саяси партиялар туралы" заңдар",– деді спикер.

Бұдан бөлек құқық қорғаушы сайлау нәтижелерінің бұрмалағандығы үшін Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізе отырып, заңнаманы қатаңдату қажет деп есептейтінін жеткізді. 

"Сайлау заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін 15 тәулікке қамауға алу немесе айыппұлдар ғана емес, қылмыстық жауапкершілік енгізілуі керек. Бұл нақты бас бостандығынан айыру шарттары болуы тиіс. Мұндай нормалар енгізіліп,  сот процестері жүргізілуі керек", – деді Маржан Аспандиярова.

Онлайн-дискуссия барысында айтылған ұсынымдар уәкілетті органдарға жіберілетін жалпы құжатқа біріктірілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу