Бұл шешім 2018 жылғы "Белсенді кәсіпкерлік, инновациялық идеялар мен технологиялар жылы" мемлекеттік бағдарламасының жобасында белгіленді.
"Өзбекстан Қазақстанның жолымен жүруге ұйғарғанға ұқсайды" деп жазады осы орайда шетелдік ақпарат құралдары. Бұл жерде әрине, әңгіме оңтүстіктегі көрші елдің біздегідей реформалар жолына түскендігі туралы болып отыр.
Мемлекеттік бағдарлама Өзбекстанның бүкіл заңнамасын жаһандық ұйым талаптарына сәйкес келтіру бойынша ұсыныстар әзірлеуді көздейді. Бұл үшін ДСҰ-ға мүше болу мәселелерімен жеке айналысатын ведомствоаралық комиссия және оның жаңа құрамы бекітілуге тиіс.
Сарапшылар бұл қадамның өзбек елінде үлкен әрі терең реформалар мен жаңаруларды қарастыратынын айтады. Тиісінше, ел үкіметі институционалдық реформалар бойынша ұсыныстар дайындайды. Бұған қоса, жаңа заманда ДСҰ-ға кіруден қандай пайда мен зиян келетініне қайтадан бағалау жүргізіледі.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Өзбекстан әлемдік экономиканың бір бөлігіне айналуға және ондағы орнын белгілеуге ұмтылды. 1994 жылы республика ДСҰ бақылаушысы мәртебесіне ие болды. Бұл мемлекеттің ұйымның барлық іс-шаралары мен отырыстарына қатысып, ақпарат ала алатынын, бірақ дауыс беру құқығы жоқтығын білдіреді. Осыдан кейін ел үкіметі Өзбекстанның ұйымға қосылуы жөніндегі жұмыс тобының үш кездесуін өткізді. 1998 жылы ДСҰ-ға кіру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс комитеті құрылды. Алайда бұл үдеріс 2005 жылғы қазан айындағы Әндіжандағы қайғыды оқиғалардан кейін тоқтатылды. Халықаралық сарапшылармен кездесулер де тиылды.
Араға ұзақ жыл салып, 2013 жылы өзбектер әлемдік еркін сауда айдынына ену мәселесіне қайта оралды.
Бұл бағыт таяуда үлкен серпін алды. Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзиёев 2017 жылдың 22 қарашасында Оңтүстік Корея астанасы Сеулдегі бизнес-форумда өз елін ДСҰ-ға кіргізу бойынша жоспарларын жария етті.
"Біз дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу бойынша жұмыстарды қайта жаңғыртамыз! Осыған орай Өзбекстан мен Корея ДСҰ-ға ену мәселесінде ынтымақтасу жөнінде бірлескен "жол картасын" қабылдайды. Корея бізбен осындай құжатқа қол қоятын бірінші мемлекет болып табылады. Сонымен қатар, корейлік серіктестерімізбен бірге өзара сауданы арттыру үшін қажетті жағдайларды жақсарту мүмкіндігін пысықтаудамыз", – деді ол.
Расында, екі ел арасында бекітілген "Жол картасына" сәйкес, "таңғы самал елі" оңтүстік көршімізге ДСҰ-ға мүше болып қабылдануына жәрдемдеседі. Құжатқа сәйкес, Өзбекстанның ұйымға енуінің нәтижелері мен салдарларын корейлер бағамдайды. Олар сондай-ақ өзбектердің ұлттық заңнамасына сараптама жүргізеді, жауапты министрліктері мен ведомстволарына техникалық, кеңесшілік-консультативтік және сараптамалық қолдау көрсетеді.
Сарапшылар Өзбекстанның ДСҰ-ға енуінің Қазақстан үшін оң және теріс жақтарын талдауда. Оң жағы сол, Шавкат Мирзиёев бұл ретте шикізаттық тауарлар мен қуат көздері нарығын либерализациялауға кіріскендерін, сонымен бірге, мемлекеттің бұл салаға тікелей араласудан бас тартатынын жариялады. Бұдан бөлек, ол кәсіпкерлерге, соның ішінде шетелдік инвесторларға салықтық жүктеме азайтылатынын мәлімдеді. Демек, қазақстандық бизнестің өнімдері үшін жақын нарық қақпасы ашылғалы тұр. Әйтпесе, бұған дейін әртүрлі шектеулер мен салықтық ауыртпалықтар нәтижесінде қазақстандық кәсіпкерлерге қоңсылас елге өнім экспорттау тиімсіз болып келген.
"Соңғы жылдары Өзбекстанда сыртқы сауда рәсімдерін жеңілдету бағытында салмақты жұмыс жүргізілуде. Мәселен, экспорттық-импорттық операцияларды рәсімдеу процедуралары оңайлатылды және айтарлықтай арзандатылды. Атап айтқанда, экспорттық-импорттық контрактілерді уәкілетті банктерде есепке қою мерзімдері 8 сағатқа дейін, кедендік рәсімдеу 3 күнге дейін, тауардың шығу тегі туралы сертификаттарды беру 3 күнге дейін, әкелінетін өнімнің сәйкестігі туралы сертификатты беру 10 күнге дейін қысқартылды. Шетелдік, соның ішінде қазақстандық экспортшылардан кеден органдары талап ететін құжаттар саны оннан 5-ке дейін кемітілді. Енді ДСҰ-ға кіру аясында ең алдымен, Орталық Азия елдерімен арадағы сыртқы саудада кәсіпкерлік субъектілерінің рәсімдік шығындары жүктемесін төмендету міндеті тұр. Үкіметтің қазіргі басымдығы да осы", – дейді экономист Бахтияр Ергашев.
Теріс жағы сол, жаңарулар нәтижесінде Өзбекстан әлемдік нарыққа, соның ішінде еркін сауда аймағына кірігеді. Қазақстан бұған дейін тәуелсіздік жылдары 300 миллиард доллардай инвестиция тартылғанын және мұның бүкіл Орталық Азия елдеріне құйылған тікелей инвестициялардың 80 пайызын құрайтынын мақтан тұтып келді. Ал енді дәл іргемізде шетелдік инвестициялар тасқыны үшін тартымды әрі "гравитациялық тартылыс күші" зор экономика пайда болғалы отыр. Еуропалық одақ ДСҰ-ға кірген жағдайда, Өзбекстанның ресурстарын игеруге және соған инвестиция салуға мүдделі екенін білдіріп те үлгерді.
Оның үстіне бұл мемлекет санкциялармен "уланған" Ресей нарығына тәуелді емес. Мәселен, өзбекстандық жібекті бүкіл әлем елдері сатып алады, оның экспорты бойынша оңтүстік көршіміз жаһанда үшінші орында тұр.
Сондықтан ба, өзбек елінің ДСҰ-ға кіруіне Батыс үлкен қызығушылық білдіруде. Атап айтқанда, АҚШ 2013 жылдан бері ДСҰ-ға мүше болуы мәселесінде республикаға техникалық көмек көрсетуге ынта білдіруде. Құрама Штаттардың қолдауы Американың халықаралық даму агенттігі (USAID) желісі бойынша да жүрмек.
"ДСҰ-ға мүше болса, бұл Өзбекстанның "халықаралық сауда қауымдастығының мүшесі және әлемдік бизнес үшін ашық" екендігін білдіретін, бүкіл әлемге арналған маңызды белгіге айналар еді. Өзбекстанның ұйым қатарына қосылуы ДСҰ-ға мүше мемлекеттермен, соның ішінде АҚШ-пен екіжақты сауданы кеңейтеді", – дейді USAID Өзбекстандағы елдік кеңсесінің директоры Гэри Роббинс.
Бұл мәселе Өзбекстанның сыртқы сауда министрі Жамшид Ходжаевтың АҚШ-тың Орталық және Оңтүстік Азия бойынша сауда өкілінің көмекшісі Марк Линскотпен келіссөздерінде қаралды. Америка тарапы ДСҰ-ға енудің техникалық процесінде Өзбекстанға көмек көрсетуге дайындығын растады.
Ал Еуропалық комиссия "Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі процесіне жәрдемдесу" жобасын жүзеге асыруға 1 миллион доллар бөлмек. Жоба елдің ұлттық заңнамасын ДСҰ ережелеріне сәйкестендіруге көмектесу сыртында, екіжақты және көпжақты келіссөздер аясында жетекші мүше-елдердің қолдауын алуға ықпал етуді қарастырады.
Еуропалық одақ делегациясының Өзбекстандағы елшісі болған Юрий Штерк ЕО-ның Өзбекстанға "ДСҰ-ға енуді жеделдету мәселесін қарастыруды" ұсынғанын айта келе, барлығы енді өзбекстандық серіктестердің саяси ерік-жігеріне байланысты болатынын нықтайды. Ендеше құлық пен ынта-ықылас танытса, бұл елдің әлемдік ұйымға мүшелікке қабылдану бойынша келіссөздері ұзаққа созылмайтынға ұқсайды.
"Әзірге ниеті туралы жаһанға жар салғанымен, ресми Ташкент ұлттық экономикаға төнер үлкен тәуекелдерден қауіп қылуда. Сол себепті, Шавкат Мирзиёев командасына ұйым қамытын мойнына кимес бұрын ДСҰ аясында өз экономикасының қандай салалары осал және бәсекеге қабілетсіз болып шығатынын мұқият байыптауға тура келмек. Бұл қолайсыз экономикалық және әлеуметтік салдарлардың алдын алу үшін қажет", – дейді "Берлек-Единство" орталығының сарапшысы Руслан Хадимуллин.
Сарапшылар экономиканың барлық осал салаларын нығайтуға, халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге біраз уақыт кететініне назар аудартады. Сәйкесінше, өзбектер де Қазақстан сияқты ДСҰ-ға кіргеннен кейін бірнеше жыл күшінде болатын және нарығын ретке келтіруге мұрша беретін "өтпелі кезеңге" қол жеткізуі қажет.
Қалай болғанда, бауырлас өзбек елі әлемге кеңінен құшағын ашуға әзірленуде. Бұл ел үкіметінің жаһандық еркін сауда әлеміне қосылу ниеті өнеркәсіптің өріс алуынан тамыр тартуда. Мәселен, жаңа жарияланған деректер бойынша 2018 жылдың қаңтар айында ғана республиканың өнеркәсіптік кәсіпорындары 14,5 трлн сумның өнімін өндірген. Осылайша, өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, көрсеткіш 112,9%-ға артып отыр. Оның 10,6 триллионын жалғыз өңдеуші өнеркәсіп беріпті. Яғни, Өзбекстан өз табысының 73,2%-ын өңдеу өнеркәсібінен табады. Бұл әрине, экономикасы мұнайға таңылған Қазақстан үшін арман болып табылады.
Бұл ретте осы елдің мемлекеттік статистика комитеті автокөліктер өндірісі 60,6%-ға, автомобиль қозғалтқыштарының өндірісі 58,2%-ға, бензин өндірісі 15,4%-ға (105 мың тонна), сыраның 15,5%-ға (6 миллион 516,9 мың литр) өскенін хабарлайды.
Сарапшыларға сенсек, Өзбекстанның өрлеуіне қатысты алда әлі талай қызықты деректерге қанығамыз.
Бақыт Көмекбайұлы