Өзбек ағайындар Американы "жаулай" бастады

770

Әлем елдері арасында АҚШ грин-картасын алу жөнінен Өзбекстан №1 елге айналды.

Өзбек ағайындар Американы "жаулай" бастады Фото: traveller365.com

Жер-жаһанның қаржылық орталығы саналатын Нью-Йорктің "жүрегі" Манхэттенде бай-бағлан, Голливуд жұлдыздары, танымал тұлғалар өзбектер ашқан Reamir сияқты барбершоптар, шаштараздар мен сән-салондары желісінде шаш бастырып, бой-басын түзейді.

Америкада өзбек ағайындар жүк тасымалы және логистика, қоғамдық тамақтандыру, ұсталған көліктерді сату, сауда, құрылыс, ғылым мен инновация және басқа салаларда жетістікке жетуде.

Уикипедия дерегінше, алғашқы өзбек отбасылары Америка Құрама Штаттарында Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болыпты.

Нәтижесінде, 1970-1980 жылдары өзбек отбасылардың саны мыңнан асты. Бұл жерде өзбек отбасылары үлкен болып келетінін ескерген жөн. Оларға Түркиядан, Ауғанстаннан ауған өзбектер қосылады.

1990 жылдардағы тоқырау кезеңінде Америкаға қоныс аударған Өзбекстан тұрғындарының легі күрт артты. Содан бері ағын еш толастар емес.

Уикипедия өзбектердің АҚШ-та жұмыс контрактісі немесе "грин кард" (Diversity Visa) көмегімен тұрақтап қалатынына назар аудартады. Бұрын барып орныққан өзбектер қарына тартып, кейін келген жерлестерінің сонда тастай батып, судай сіңуіне көмектеседі.

Көрші мигранттарының басым көпшілігі бизнес, ғылым мен білім салаларында еңбек етеді. Түрлі мекемелер мен өндірістік кәсіпорындарда жұмыс істейді. Колумбия, Гарвард және басқа беделді университеттерде Н.Шахрани, Х.Исматуллаев, өзге де өзбек профессорлары сабақ береді.

Ресми мәлімет бойынша, өзбек диаспорасының үлкен бір бөлігі Американың үкіметтік мекемелерінде, университеттерінде, мектептер мен колледждерінде, адвокатурада, авиацияда, медицинада, яғни, жалақысы жоғары немесе толық әлеуметтік қамсыздандыратын орындарда істейді. Штаттарда, атқарушы құрылымдарда түрлі жауапты лауазым иеленгендері де жетерлік.

Өзбекстанның осындай "жұмсақ күші", өзбек диаспорасының жақсы лоббиі арқасында америкалықтар Өзбекстан туралы жақсы біледі. Өзбекстанға саяхаттайтын америкалық туристердің саны әлдеқайда көп.

Америкалық құқық қорғау органдарының есебінде айтылғандай, түрлі қылмыстық топтарға, мафияға қатысы бар өзге этникалық топтарға қарағанда, өзбектер ең тәртіпті, заңға бағынатын және заңды сирек бұзатын диаспора саналады.

Осыдан болса керек, дүниежүзіндегі мыңдаған ұлт, 200-дей мемлекет ішінде биыл АҚШ-та тұрақты тұруға рұқсат ететін грин-картаны ұтып алу жөнінен Өзбекстан 1-орынға шығып, халықаралық қоғамдастықты тәнті етті. Бұл туралы "Азаттык Азия" хабарлады.

DV-2025 грин-карталар лотереясының қорытындысында Өзбекстан әлемде 1-орын алды. Бұл ақпарат US Green Card Office ресми сайтында жарияланды.

Оған сәйкес, биылғы жылы Құрама Штаттар бүкіл әлемге бөлген 55 мың грин-картаның 10 пайыздан астамын немесе 5 564-ін бір ғана Өзбекстан иеленді.

Трамп үкіметі "Green Card әртүрлі ұлттағы иммигранттарға арналған виза" бағдарламасы бойынша жүргізілген лотереяның қорытындысын жариялады. Бағдарлама арқылы әлемдегі №1 держава өзіне нақты қандай елдерден қоныстанушыларды тартқысы келетінін паш етеді.

Өзбекстаннан кейін Алжир, РФ, Иран, Ауғанстан және Украина тұр. Вашингтон олардың америкашыл азаматтарын өзіне алғызады.

Айта кету керек, Қазақстанның 2 004 азаматы да биыл грин-карта ұтып алды. Дегенмен, бұрынғы жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, әрі америкалық тараптың дерегінше, қазақстандықтардың үлкен бөлігі не осы мүмкіндікті пайдаланбай, елде қалады немесе Құрама Штаттарға барғанымен, шамалы уақыттан соң елге қайтады.
Олар қазақ диаспорасы және елшілік тарапынан жеткілікті қолдау таба алмағандарын алға тартады екен. Жергілікті тұрғындар мен компаниялардың қолдауынсыз, рекомендациясынсыз АҚШ-та жұмыс табу, пәтер жалдау, тұрақтау қиын.
Грин-карта (Green Card) – шетелдіктерге АҚШ-та тұрақты тұруға, жұмыс істеуге, оқуға, сондай-ақ мемлекеттік жеңілдіктерді пайдалануға, әлеуметтік бағдарламалардың игілігін көруге мүмкіндік береді. Грин-карта сондай-ақ Америка азаматтығын алуға бірінші қадам болып табылады, бұл істі біршама жеңілдетеді.

"Өзбекстанда АҚШ-қа көшіп, сонда жаңа өмір бастауды армандайтын адамдар саны жыл сайын өсіп келеді. Арманға қол жеткізудегі ең қарапайым әрі қауіпсіз тәсіл – грин-карта лотереясында ойнау. Өзбекстан бірнеше жыл қатарынан грин-картаға өтініштер саны жөнінен көш бастап келеді. Сондай-ақ ұтыс қорытындысында республика әрдайым алғашқы орындардан табылады. 2023 жылы алдына Мысыр мен Алжирді салып, 3-орынға шықты, 5 511 өзбекстандық грин-карта алды. 2024 жылы Өзбекстанның 5 555 азаматы грин-карта иегері атанды", – дейді журналист Гуля Хаджаева.

Халқының саны 38 миллионға жуықтаған Өзбекстан үшін 5,5 мың адам тіпті де көп емес. Есесіне шетелге кеткен өзбектер өз Отанынан кіндігін үзбейді, атажұрттағы туған-туысына ақша жолдап, қарасып тұрады.

ӨР Орталық банкінің хабарлауынша, 2024 жылы шетелде тұратын өзбекстандықтар Өзбекстан экономикасына 14,8 миллиард доллар құйған.

АҚШ-қа қоныстанған өзбектер негізінен, Нью-Йоркті жерсінеді: америкалық өзбек диаспорасы осы жаһандық қаржылық орталықта шоғырланған.

Бұдан бөлек, өзбекстандықтар Флоридада, Сан-Антониода, Хьюстонда, Филадельфияда, Кентуккиде, Массачусетсте, Пенсильвания мен Нью-Джерсиде көп.

Америкаға өзбектердің "экспансиясы" алда артуы мүмкін. Көршінің ақпарат құралдары шамамен 2 миллионнан астам өзбекстандықтың АҚШ-қа қоныс аударғысы келетінін хабарлады.

38 миллиондай халықтың 2 миллионы кетсе де, Өзбекстан жері жалаңаштанбайды. Мейірімі күндей шуақты, алтын құрсақ өзбек аналары жаңа перзенттермен елді толтырары даусыз.

Ташкенттегі АҚШ елшілігі өзбекстандықтарды айран-асыр еткен жаңалықты жариялады: грин-карта иегерлерінің және америкалық визаны алушылардың басым көпшілігі – 63 пайыздайы Самарқан тұрғындары екен. Бұл тенденция 2011 жылдан бері сақталуда.

Интернеттің өзбек сегментін пайдаланушылар бұл феноменге рационалды түсініктеме іздеп, себебін табуға тырысты.
Американың Нью-Йоркінде тұратын өзбек журналисті, Самарқанның тумасы Солех Яхъяев "Азаттык Азияға" сұхбатында лотереяда шынымен бірнеше жыл қатарынан дәл сол самарқандықтардың жолы болатынын жеткізді.

"Бүгінде Америкада шынымен де самарқандықтар өте көп. Мұның мәнісі сол, Өзбекстанның өзге өңірлері тұрғындарына қарағанда Самарқан жұрты грин-карта лотереясына қатысу процесіне ертерек қосылды. Сонау 90-шы жылдары мысалы, Ташкент тұрғындары мұндай лотереяның барын білмей жүргенде, самарқандықтар оған белсенді қатысып жатты. Бұл үшін баяғыда АҚШ-қа ауған Бұқара еврейлерін пайдаланды. Содан бері тұрғындар Америкаға көшіп кеткен жерлестерімен тығыз байланыс орнатты", – дейді Яхъяев.

Соның арқасында самарқандықтар көп ұтудың айла-тәсілін меңгеріп қана қоймай, мұны бизнеске айналдырды. Тіпті грин-картаға өтініш үшін "дұрыс фотоға" түсіретін жеке студиялар бар.

Журналистің мәліметінше, Самарқандағы фирмалар лотерея кезінде қалалар мен қышлақтардағы үй-үйді аралап, тілек білдірген отбасылардың бәрінің деректерін жинайды, шағын ақыға солардың атынан өтініш береді, анкета толтырады.

Егер 100 адамнан екеу-үшеуі ұтса, фирма жеңімпаздарға хабарласып, "сүйінші" сұрайды. Сүйіншіге сұраған ақысын берсе ғана грин-картаны алудың ары қарайғы процесінде, мысалы, құжат жинап, рәсімдеуде, сұхбаттасудан өтуге жәрдемдесуде ол отбасыны сүйемелдейді.

Бүгінде бұл бизнес бүкіл елге тарады, енді Өзбекстанда грин-картаны Бухара, Қаршы, Хорезм және басқа да өңірлерінің тұрғындары көптеп ұтады.

Солех Яхъяев Америкада самарқандықтар, ташкенттіктер, ферғаналықтар жеке-жеке махалля-қауымдастықтар құрып, өзара тату-тәтті өмір сүретінін, бір-біріне сүйеу болатынын айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу