Өзбекстан хуситтердің қасиетті Мекке қаласына ұшқышсыз ұшу аппаратымен жасаған соққысын қатаң айыптады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі Telegram-дағы ресми арнасында Сауд Арабиясымен толық тілектес екенін мәлімдеді. Ведомство қасиетті орындарға, бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылымға қауіп төндіретін кез келген әрекетке жол берілмейтінін жеткізді.
Ташкент қақтығысушы тараптарды барынша ұстамды болуға, халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтауға, мемлекеттердің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге шақырды.
"Біз шиеленісті азайтуға, қақтығыстың одан әрі өршуіне жол бермеуге және аймақтағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған барлық күш-жігерді қолдаймыз", – делінген ресми хабарламада.
2014 жылдан бері Йеменде хуситтер Сана қаласын басып алғаннан кейін соғыс өрті тұтанды. 2015 жылы Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы Йеменнің халықаралық деңгейде танылған үкіметіне қолдау білдіріп, әскери операцияны бастады.
Шілде айында көтерілісшілер Эр-Риядқа теңіз блокадасын жариялап, үкімет әскерімен шайқасты қайта жандандырды. Олар жақында Қызыл теңіз жағалауы мен Баб-эль-Мандеб бұғазы бағытында алға жылжығандарын хабарлап, Сауд Арабиясының мұнай инфрақұрылымына соққы жасады. Сауд Арабиясы бастаған коалицияның мәліметінше, сәрсенбі күні таңертең саудиялық әуе қорғаныс күштері Йемен хуситтері Меккенің оңтүстігінен ұшырған дронды қаланың әуе кеңістігіне өтпей тұрып қағып түсірген.
Айта кету керек, бұған дейін Мекке маңында дрон атып түсірілгенін жазғанбыз.