АҚШ пен Еуропа келімсектердің құқығын шектейтін әмбебап заң шығарып қойғанның өзінде, мешеу елдерден заңды-заңсыз жолмен ағылып келетін мигранттар әлі күнге алып империялардың "бас ауруына" айналып отыр.
Қазақстанда сырттан келетін мигранттарға қатысты жылдың басында және соңында екі мәрте ресми есеп беріледі. Өйткені, арзан жұмыс күшіне айналған келімсектер жаз маусымында көптеп келгенімен, қысқа салым елдеріне асығатын сыңайлы.
Соңғы санақ бойынша елімізге 4,2 миллион шетелдік жұмыс істеуге келіп, 4 миллиондайы еліне кеткен. Арнайы еңбек категориясы бар, аттай қалап шақыртып алған жұмысшылар саны 15 мыңға жуық. Ал, өз бетімен ағылып келіп, тіркеусіз жүрген қаратабандарда есеп жоқ.
"Осынша адам Қазақстанға қайдан келіп жатыр?" деген заңды сұрақ туындайды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми есебіне үңілсек, мигранттардың дені Қытайдан (29,6%), Өзбекстаннан (11,6%), Үндістаннан (8,7%) және Түркиядан (7,8%) келеді екен. Бүгінге дейін Өзбекстаннан 1,7 мың адам, Қырғызстаннан 959 мың, Ресейден 794,8 мың және Тәжікстаннан 324,5 мың адам шекарадан ресми тіркеліп өткен.
Шетелдіктер Қазақстанға нәпақа табуға ғана келеді деген түсінік болмауы керек. Ауыр еңбектен қажыған, орайы келсе оңай жолмен де ақша тапқысы келетіндер баршылық. Одан бөлек, өз елінде түрлі дәрежелі қылмыс жасап, бас сауғалап бізге келгендері тағы бар.
Мәселен, былтыр шет ел азаматтарының қатысуымен елімізде 2 072 қылмыс жасалған. Оның 301-і заңбұзушылық, 584 ұсақ бұзақылық, 95 аса ауыр қылмыс, 772 орта дәрежелі қылмыс және 320 түрлі деңгейдегі қылмыстар. Қазақстанда қылмыс жасаудан алдына жан салмайтын "бестікке" – Өзбекстан (822 қылмыс), Ресей (439), Тәжікстан (203), Қырғызстан (184) және Пәкістан (144 қылмыс) елдерінің азаматтары кіреді.
Соңғы 10 жылда елімізге жұмыс мигранты ретінде келіп, аса ауыр қылмыс жасайтын жатжұрттықтар қарасы жыл санап көбейіп келеді. Жантүршігерлік кісі өлімі, педофилия, тонау, ұрып-соғу, жеке мүлікті ұрлау, алаяқтық секілді қылмыстар жыл аралатып жаңғырып тұратын болды. Бас Прокуратураның 2023 жылды қорытындылаған есебіне үңілсеңіз, түрлі деңгейде қылмыс жасаған шетелдіктер сапында Непал, Бангладеш, Шри-Ланка, Сербия, Хорватия секілді "сирек кездесетін" елдердің азаматтары да жүр. Бұл біздегі заңның әлсіздігін көрсете ме әлде ішкі істер қызметкерлерінің немқұрайлылығының айнасы ма?
Мигранттардан ел экономикасына келетін зиян да аса орасан! Егер арнайы квота арқылы шақыртылған жоғары квалификациялы маман болса, ол мемлекет үшін де, жеке компаниялар үшін де пайдалы болар еді. Өкінішке орай, бізге ондай мамандар өте аз келеді. Мемлекет биылғы жылға бөлген 22 мың сауатты жұмыс мигрантына бөлінген квотаны есептеп отқанда, сырттан миллиондаған қаратабан кіріп үлгерді. Ол дегеніңіз сыртқа судай ағатын заңсыз ақша айналымы!
Арзан жұмыс күшімен бірге елде көлеңкелі бизнес тамырын тереңге жаяды. Жалақы демпингі етек алып, шетелдіктерге ресми келісім-шартсыз төленген еңбекақыдан бюджетке салық түспейді. Көрші елде жүргізілген мобилизация кезінде көптеген ІТ-мамандар Қазақстанға келіп, ірі компаниялар өздерінің бір маманына төлейтін ақшаға шетелдік екі программисті жалдап отыр. Бұл жеке компания үшін тиімді болғанымен, өзіміздің мамандардың шетке кетуіне жол ашады. Бұның сыртында, өзіміздің ішкі еңбек миграциямыздың да жергілікті жұмысшылар үшін қиындықтар туындатып отырғанын естен шығармағанымыз абзал.
Біз Орта Азияда жұмыс мигрантын көп қабылдайтын елдер тізімінде екінші орында тұрмыз. ТМД шеңберінен асып, бұл күнде алыс шет елдерден, сіңірі шыққан кедей мемлекеттерден жұмысшылар лек-легімен келетін болды. Әрине, бұл еліміздің экономикасының біршама өскендігін, ұлттық валютамыздың кей елдерге қарағанда құндырақ екенін, заңымыздың жұмсақтығын да байқатады, бірақ еңбек мигранты қыдырып келіп, ақша шашып кететін турист емес екенін де ескеруіміз керек.