Пандемия: Көмектен тыс қалған кәсіпкерлер қосымша қолдау жоспарына енгізіледі

11579

Тимур Құлыбаев "Атамекен" ҰКП өңірлік кеңес мүшелерімен кездесулер өткізді. 

Пандемия: Көмектен тыс қалған кәсіпкерлер қосымша  қолдау жоспарына енгізіледі

Мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдау шараларын барынша зардап шеккен салаларды қалпына келтіруге бағыттау қажет. "Атамекен" ҰКП-ның өңірлік кеңестеріндегі жаңа мүшелерімен кездескен Ұлттық палатаның төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев осындай пікір айтты.

Қазақстанның түпкір-түпкірінен 463 кәсіпкер қатысқан кездесулерде пандемиядан кейін бизнесті қолдау және қалпына келтіру шаралары, АӨК мәселелері, жер қойнауын пайдаланушылар мен "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамының сатып алуларына қатысты мәселелер, жергілікті мазмұнды дамыту, утилизациялық алым мәселелері, салық және меншік нарығын қорғау мәселелері талқыға түскен болатын.

"Өңірлермен өткен кездесулер "кері байланыс" орнатудың маңыздылығын көрсетті. Биыл алғашқы кездесуде айтылған мәселелер Премьер-Министр деңгейінде қаралды. Соның нәтижесінде 84 түйткілді мәселе ішінде 41-і шешімін тапты. Қалғаны мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және жергілікті атқарушы органдардың бірлесуімен шешілу үстінде. Бизнес өкілдерімен онлайн-кездесулер форматы тұрақты өткізілетін болады", – деді Тимур Құлыбаев.

Карантин барынша жеңілдетілгенмен, әлі де кәсібінен нәсіп алу мүмкіндігі бұйырмай отырған салалар бар. Сол салаларда қызмет етіп келген 8,5 мың адам қазір жұмыссыз омалып отырған көрінеді. Бұл туралы Ақтөбе облысынан "CITY Shopping Center"  сауда үйінің директоры Николай Чабаненко айтты.

"Бүгінде сауда үйлерін жалға алушылар арасында алаңдаушылық өсіп келеді. Өйткені жұмыс уақыты 40%-ға қысқарды. Наразылық көктемгі тауар алынып, оны сату науқаны өтіп бара жатқан соң туындаған. Енді қысқы тауарды сатып алуға қаражат жоқ. Қазіргі таңда 135 сауда нысанында 8,5 мың саудагер жұмыс істеп жатыр. Сауда нысандары үшін жұмыс істеуге рұқсат беру мәселесін қарауды сұраймыз"", – деді ол.

Ал алматылық кәсіпкерлер мектеп асханалары, боулинг, бильярд, караоке, компьютер клубтары сияқты бизнестің жекелеген түрлері әлі жұмысын бастамағанын, олар төтенше жағдай мен карантин кезеңінде экономиканың зардап шеккен салаларға кірмей қалғанын мәселе етіп көтерді. Осының салдарынан аталған салалар салықтар мен еңбекақы қорына төленетін әлеуметтік төлемдерден босатылған жоқ.

"Кәсіпкерлер жұмыс істей алмайды. Демек, жұмыскерлерге еңбекақы, міндетті төлемдер, соның ішінде міндетті медициналық сақтандыру қорына төлемдер жасай алмайды. Осыған байланысты аталмыш ұйымдардың науқастанған қызметкерлері медициналық көмек ала алмайды. Оларға барлық медициналық қызмет ақылы негізде көрсетіледі. Парадок осында. Өйткені жұмыс істемегендіктен, ол  адамдарда медицналық қызметке төлейтін ақша  жоқ", – деді "Izo-Market KМ" ЖШС бас директоры Константин Босиков.

Қоғамдық көліктердің пандемия кезінде біресе тоқтап, біресе жүруі де саланы тұралатып тастаса керек. Тараздық кәсіпкер Бақыткүл Тоқтыбаева жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпкерлердің мәселесін көтерді.

"Тараз тұрғындарын таситын қоғамдық көлік иелері қазіргі таңда қаржылық қиындықпен бетпе-бет қалып отыр. Өйткені қоғамдық көлік қызметі мемлекеттік органдар актілерімен қайта-қайта тоқтатылған болатын, кіріс жоқ. Сондықтан Салық кодексіне көлік құралына салықтан босату түрінде салықтық жеңілдіктер беру үшін сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет", – деді "Дана-Дель" ЖШС директоры Бақыткүл Тоқтыбаева.

Карантиндік шектеулер кезінде той-томалақ өткізу форматын өзгерту туралы көптеген бастама айтылып, қазіргі форматтан бас тарту ұсынылған еді. Мейрамханалар мен банкет бизнесінің өкілдері осыған алаңдайтындарын жеткізді.

"Банкет өткізу қызметін ауқымды дамыту мәселесі бойынша қоғам пікірі екіге бөлінгенін білеміз. Алайда осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер қаржылық қиындыққа тап болды. Ұжымдар, несиелер бойынша міндеттемелер бар. Біз жұмыс істемегелі алты ай болды. Енді төленбеген несие мен салықтар үшін мүлікке арест қойылып, сатуға шығарғанын күту ғана қалды. Кәсіпкерлердің осы санатына көрсетілген дағдарысқа қарсы шаралар  мардымсыз", – дейді "Қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының қауымдастығы" ЗТБ жетекшісі Ляна Тұрсынова.

Карантин кезінде қызметі шектелген кәсіпорындардың коммуналдық қызмет ақысын төлеу мәселесі экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында талқыға салынбақ. Президент Жолдауында жария етілген пайыздық мөлшерлемені субсидиялау шарттарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының құрамына "Атамекен" ҰКП сарапшылары да еніп отыр. Ендігі үміт осы комиссия мен жұмыс тобы ұсынатын қосымша қолдау шараларында.

"4 мамыр күні өңірлердегі бизнес өкілдерімен өткен кездесуде көтерілген 84 мәселенің 41-і шешімін тауып, қалғандарын жергілікті атқарушы билік, меморгандар және ұлттық компаниялармен бірлесе отырып, қарастырып жатырмыз. Бүгінгі күні бизнес өкілдері айтып өткен өзекті мәселелер де дәл осылай шешімін табады. Сіздердің ұсыныстарыңыздың бірқатары карантиннен неғұрлым зардап шеккен салалардағы кәсіпкерлерді қосымша  қолдау жоспарына енгізіледі. Бір бөлігін алдағы уақытта жан-жақты талдай отырып, жоспарға кіргіземіз", – деп түйіндеді "Атамекен" ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев.

Есжан Ботақара


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу