Пандемия Президенттің жұмысына қалай әсер етті?

Биыл Қасым-Жомарт Тоқаев Тwitter-де 630 твит қалдырған.

Пандемия Президенттің жұмысына қалай әсер етті?

"Казахстанская Правда" газетінің сайтына  Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің сұхбаты жарияланды. Сұхбат ішіндегі қасаң сандардың өзінен ғана пандемияның Президент жұмысына қалай әсер еткенін көруге болады. Мысалы, мемлекет басшысы биыл Тwitter-де ел мен әлемдегі оқиғаларға байланысты 630 твит жариялапты. Ал былтырғы 9 айдың өзінде ғана 862 твит жариялаған екен.

Президенттің Twitter-дегі оқырмандарының саны 2019 жылдың аяғында 137 мың  болса, биыл 180,4 мыңға жетіпті. 

Президент былтыр да, биыл да 9 халықаралық жиынға қатысыпты. Бірақ биылғы шаралардың басым бөлігі онлайн-режимде, бейнеконференция сипатында өткенін ескеру керек. Былтыр ол 12 елге ресми жұмыс сапарымен барған. Биыл әлемдегі ешбір елдің басшысы мұндай белсенділік таныта алмаған шығар. 
2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 рет өзге елдердегі әріптестерімен телефон арқылы тілдессе, биыл 15 мемлекеттің басшысымен 30 рет телефон арқылы сөйлескен. 

"Шынымен де пандемия халықаралық қатынастарға ізін қалдырды. "Жаңа дипломатиялық стандарт" деп атауға болатын онлайн-форматтағы саммитер кеңінен практикаға енді. Телефон арқылы және жазбаша тілдесулердің аясы кеңіді", – дейді Берік Уәли өз сұхбатында. 

Берік Уәлидің айтуынша, биыл ел басшысы қазақстандық және шетелдік БАҚ-қа 7 сұхбат беріп, 3 мақала жариялаған. Ал өткен жылы халықаралық сапарлар кезінде өзге мемлекет басшыларымен бірлесіп 8 брифинг, 3 баспасөз мәслихатын өткізген. Елдегі және шетелдік БАҚ-қа 16 сұхбат берген екен.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бері  Президенттің www.akorda.kz сайтындағы виртуалды қабылдауына 19,5 мың арыз-өтініш түсіпті. Ал 2019 жылдың 3,5 айында ғана барлық канал арқылы түскен өтініштердің саны 15,5 мыңнан асқан болатын.

"Қазақстан Президенті биылғы 9 айда 112 796 шақырым жол жүрді. Оған 181 сағат 36 минут уақыт кеткен. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Президент әкімшілігінде өтініштерді қабылдау бөлімі және Президенттің виртуалды  қабылдауы ашылды. Жалпы бұл  бөлімге бірінші тамыздан бері бүгінге дейін 15669 өтініш келіп түсті. Оның 4025-і виртуалды қабылдау арқылы келген", – деген еді бір жыл бұрын Берік Уәли.

Президент 2019 жылдың 20 наурызынан 24 желтоқсанына дейін 45 Заңға, 226 Жарлыққа, 68 Өкімге қол қойған болатын Ал биыл Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен 9 Заң қабылданып, 7 заң жобасы қарауға жіберілген. 

"Бұрын Мемлекет басшысы атқарылған шаруалардың есебін тыңдау үшін Үкімет мүшелерін кесте бойынша ғана қабылдап келсе, биыл ондай қабылдаулар жылдағыдан жиі болды. Сол арқылы берілген тапсырмалардың орындалуын жіті қадағалап отырды. Жыл бойында Президент Үкімет мүшелерімен, мелекеттік органдар мен өңір басшыларымен, ұйымдардың жетекшілерімен 200-ден астам кездесу өткізді",  дейді Ақорда өкілі "Қазправда" сайтындағы сұхбатында.

Биыл әлеуметтік желіге Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған танымал тұлғалардың суреті көп салынды. Жалпы ол жыл басынан бері қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың қатысуымен өткен 23 кездесуге қатысыпты. 

Президент биыл еліміздің 9 өңіріне арнайы жұмыс сапарымен барды. Бұл сапарлар Жамбыл облысындағы Қордай ауданынан басталған болатын.

Есімжан Нақтыбайұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу