Пандемия және Ид әл-Фитр

5204

Вирус қаупі биыл Айт мерекесінде әлемде миллиондаған мұсылманды үйден шығармайтын болды.

Пандемия және Ид әл-Фитр

Ислам әлемі биыл өзінің ең үлкен мерекесін коронавирустың кетпей қойған көлеңкесінің аясында тойламақ. Қазір миллиондаған мұсылман үйлерінде қамалып, не базарға, не туған-туысқа "айттап" бара алмай отыр.

Айта кету керек, дүниенің 1,8 миллиард мұсылманы Қасиетті Рамазан айының соңындағы Айт мерекесін немесе Ид-әл-Фитрді үш күн тойлайды. Бұл мейрам Айдың тууына байланысты кейбір елдерде сенбіде, ендігі бірінде жексенбіде басталады. Биыл Түркия, Ирак, Иордания тәрізді мемлекеттерде діни мерекенің уақыты коменданттық сағатпен шектелсе, Сауд Арабиясында  тұрғындарға тек азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алу үшін ғана үйден шығуға рұқсат беріліп отыр.

Тіпті мейлінше қайта ашылған елдерде де бұл мереке былтырғыдан өзгерек. Мәселен, Иерусалимде шектеулердің көбі алынып тасталды. Соған қарамастан, Ислам дүниесі үшін тағы бір қасиетті орын (Мекке мен Мединеден кейінгі) – "әл-Ақса" мешіті Айт аяқталғанша есігін ашпақ емес. Ал, көне қаладағы дүкен иелері туристер мен мінажат етушілер азайғандықтан, бір жарым айға созылған карантиннен кейінгі кәсіптерін әлі бұрынғы қалпына келтіре алмай отыр.  

"Карантин бізге үлкен әсер етті. Саудамыз үштен екі бөлігінен айрылып, 10 адамды жұмыстан қысқартуымызға тура келді", – дейді иерусалимдік дүкенші Әли Джафар "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Мысыр басшылығы түнгі коменданттық сағатты кешкі тоғыздан емес, бестен бастап, қоғамдық көлікті мамырдың 29-на дейін тоқтатып отыр. Сонымен қатар, мұнда сауда орталықтары мен жағажайлар, парктер Айт күндері жабық тұрады.

"Бұрын осы мереке кезінде бір дастархан басына жиналып, ән айтып, би билеп, бірге суретке түсуші едік. Қазір ондай көңіл-күй жоқ. Бауырларымды, олардың балаларын көре алмай жүрмін. Әрине, телефонмен хабарласып тұрамыз. Алайда, ондай тілдесу кездескенге жетпейді ғой", – дейді Манал Закария.

Әлемдегі ең ірі мұсылман мемлекеті – Индонезия. Оның президенті Джоко Видодо карантиндік шектеулердің мейрам күндері де сақталатынын ескертті. Халқының саны 270 миллионға жеткен бұл елде коронавирусты 18 мыңнан астам адам жұқтырып, 1200-ге жуығы қайтыс болды.

Рамазан айының басынан бері жергілікті үкімет "мудик" деген мерекелік дәстүрге тыйым салғандықтан, ірі қалаларда тұратын миллиондаған индонезиялық  Ид-әл-Фитрді тойлау үшін туған ауылдарына жете алмай отыр. Өйткені, жергілікті дәрігерлер ескерткендей, мұндай сапарлар вирустық эпидемияның жаңа толқынын өршітуі әбден мүмкін.

"Жалғасып жатқан пандемия дәстүрімізді өзгертіп, Айт мерекесінде бізді бір-бірімізден ажыратты. Қазір құдды бір рақымсыз, көзге көрінбейтін дұшпанға тап болғандай күйде жүрміз", – дейді Джакарта тұрғыны Нур Хидаят Асри.

Малайзиядағы жағдай біршама өзгешелеу. Мұнда адамдарға туған-туыстарына баруға және бір жерде 20 адамға дейін жиналуға рұқсат берілген. Дегенмен, маска тағып жүруге міндеттелген қонақтарға бір-бірімен құшақтасуға, сүйісіп амандасуға, бір табақтан ас алуға тыйым салынып отыр. Және де Малайзияда кейбір мешіттер ашылып, оларға 30 адамнан кіруге рұқсат берілген.

Үндістанда 172 миллиондай мұсылман бар. Бұл мемлекетте де олардың бір жерге жиналуына рұқсат жоқ. Өйткені, қауіп күшті. Індеттен ғана емес: үнділер елге коронавирус мұсылман миссионерлері наурызда өткізген үшкүндік жиналыстан тарады деп есептейді. 

Тағы бір айта кететін жайт, үндістандық мұсылмандар арнайы науқан жүргізіп, халықты Айт мейрамы кезінде жаңа киім сатып алудан бас тартып, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауға шақырып отыр.

Иран  – Таяу Шығыста Covid-19 пандемиясынан ең көп зардап шеккен мемлекет. Мереке қарсаңында мұнда да билік бірталай шектеулер енгізгенімен, Тегеранда елдің рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменейдің басшылығымен өтетін үлкен намаз доғарылған жоқ.  

Ислам Республикасы аймақтың өзге елдеріндегідей қатаң карантин жарияламады деп үлкен сынға ұшырады. Дегенмен, Иран билігі онсыз да АҚШ-тың санкцияларынан титықтаған экономиканы тіпті нашарлатып алмау үшін қатаң шектеулерге бара алмағанын алға тартып отыр. Айта кетсек, бұл мемлекетте коронавирус жұқтырғандар 130 мыңға жақындап, 7 мыңнан астамы жан тәсілім еткен.

Ирак үкіметі болса, кәсіпорындардың көбінің қайта ашылуына рұқсат еткенімен,  24-сағаттық коменданттық сағатты Айт кезінде қайта енгізетінін ескертті. Бірақ, мейрам қарсаңында елдің кейбір қалаларында көшелер де, базарлар да, дүкендер де қарбалас болған.

Соғыс өрті шарпыған Сомалиде үкімет халықты үлкен жиындардан, мерекелерден бас тартуға шақырған еді. Соған қарамастан, әлемдік медианың хабарлауынша, ел астанасы Могадишода дүкендер мен базарларда халық өте көп.

Біріккен Араб Әмірліктері: Дубайда парктер мен жағажайлар ашылғанымен, адамдардың бір жерге 5 адамнан артық топтасуына тыйым салынып отыр. Сонымен қатар, Әбу Даби мен Дубайда 12 жасқа дейінгі балалар мен 60-тан асқан адамдардың сауда орталықтарына баруына әзірге рұқсат берілмейді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу