"Парламент сайлауы болуы мүмкін" - Талғат Қалиев

3392

Әкімдер ауысып, үкіметте "рокировка" болуы ықтимал.

"Парламент сайлауы болуы мүмкін" - Талғат Қалиев

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі Жарлыққа қол қойды. Оның бірі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері, екіншісі Президентке тікелей бағынатын, есеп беретін мемлекеттік орган басшылары өкілеттілігінің тоқталуына қатысты болды.

Жарлықта республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдерінің және Президентке тікелей бағынатын, есеп беретін мемлекеттік орган басшыларының лауазымдарына басқа тұлғалар тағайындалғанша, бұрынғы адамдар міндеттерін атқара беретіні жазылды. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін inbusiness.kz/kz  тілшісі саясаттанушы Талғат Қалиевпен тілдесті.

"Жаңадан сайланған Президент заңға сәйкес, әкімдердің, тікелей  Президентке бағынатын, есеп беретін мемлекеттік орган басшыларының  өкілеттілігін тоқтатуы керек. Алдағы уақытта әкімдер мен тікелей Президентке бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган басшылары бұрынғы лауазымдарына қайта тағайындалады немесе олардың орнына басқа тұлғалар тағайындалады", – деді саясаттанушы Талғат Қалиев.

Саясаттанушының болжамынша, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері ауысуы мүмкін.

"Егер, олар ауыспайтын болса, Президент барлығын орындарына бірден бекітіп тастаушы еді. Енді, ол асықпай, қарап, ойланып шешім қабылдайды. Әлеуметтік-экономикалық жағдайды зерттейді. Кімнің жұмысы жақсы, кімнің жұмысы жаман? Осының барлығы ескеріледі. Қалайда кадрлық ауыс-түйіс болады", – деді Талғат Қалиев.

Саясаттанушының сөзінше, әкімдер жұмыссыз қалмайды.

"Олардың барлығы тәжірибесі мол адамдар. Сондықтан жұмыссыз қалдырмайды. Әдетте, бізде бір жерге отырғызады", – деді ол.

Талғат Қалиевтің пікірінше, кадрлық ауыс-түйіс барысында шахмат тақтасындағы тәсіл қолданылуы ғажап емес.

"Рокировка болуы мүмкін. Билік басына жаңа адамдар, жас адамдар келсе таң қалмаймыз", – деді Талғат Қалиев.

Сұхбат берушінің пікірінше, үкімет тарамайды.

Үкімет жаңа Парламент сайланғанда ғана тарайды. Бірақ Үкіметте кадрлық өзгеріс болуы ықтимал. Жаңа министрлік пайда болуы немесе министрліктер қосылуы мүмкін

Президент сайлауының ізін іле-шала парламент сайлауы болуы мүмкін бе деген сауалға саясаттанушы: "Болуы мүмкін, ешқандай заңда шектеу, тыйым жоқ. Парламентті жайдан-жай таратып тастауға болмайды. Оның бір себебі болуы керек. Өзін таратуға ниет білдірсе немесе елде Конституциялық реформа жүргізілсе ғана парламент тарайды. Ең кем дегенде (парламент) күзге дейін тарамайтын шығар. Себебі шамамен 15 күннен кейін парламенттің сессиясы жабылады. Екі аптаның ішінде парламент таратылмайды деп ойлаймын. Негізі, парламенттік сайлау келесі жылы өтуге тиіс", – деп қорытты сөзін саясаттанушы.

Жазып алған Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу