Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, заң жобасын әзірлеу барысында жеке тұлғалардың банкроттық институтын қалыптастырып үлгерген елдердің тәжірибесі сарапталған, негізге алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Халықаралық тәжірибені ескере отырып, біз рәсімдердің 3 түрін енгізуді ұсынып отырмыз. Барлық үш рәсімге тек борышкер ғана бастамашы бола алады. Яғни, несие беруші өздігінен борышкерге қатысты бұл процедураларды қолдана алмайды. Бірінші процедура – соттан тыс банкроттық. Ол тек банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін", – деді вице-министр.
Бұл ретте берешек 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауы керек. Соттан тыс банкроттықтың негізгі шарты, борышкер соңғы 12 айда қарызын төлемей, оның мүлкі болмаса, соның ішінде, ортақ меншіктегі мүлік болмауы керек. Сонымен қатар, бұған дейін 7 жыл ішінде "банкрот" мәртебесін алмауға тиіс.
Ескерте кететіні, заң жобасы атаулы әлеуметтік көмек алушылар (12 ай бойы несие төлемеу шарты қолданылмайды) мен бес жылдан астам қарызы өтелмеген азаматтарды да қамтиды.
"Соттан тыс банкроттық электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексеріледі. 4,9 млн теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сотқа банкроттық туралы өтініш бере алады", – деп нақтылады вице-министр.
Бұл ретте Ержан Біржанов егер жалғыз баспана кепіл нысаны болса, онда несие беруші оны сот банкроттығы кезінде алуға құқы бар екенін ескертті.
"Қалған өтелмеген сома, есептен шығарылады. Сот банкроттығын қаржылық басқарушылар жүзеге асырады. Олар заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері, аудиторлар", – деді вице-министр.
Қаржы менеджерлерінің қызметтерін барлық борышкерлер төлей алмайды. Осыны ескере отырып, заң жобасында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мемлекет есебінен төлем жасау қарастырылған.
"Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Ол жеке тұлғаның тұрақты кірісі болған жағдайда (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу негізінде жүзеге асырылады. Сауықтыру жоспары қаржы менеджерімен бірге әзірленіп, сотта бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы – одан кейін адам "банкрот" мәртебесін алмайды. Тиісінше сауықтыру шарасының салдары болмайды", – деді Ержан Біржанов.
Қорыта келе, вице-министр алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін келтірілген зиянды өтеу бойынша берешек есептен шығарылмайтынын ескертті.
Айта кетейік, Сенат "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заң жобасын қабылдады.