Паспорт пен жеке куәлік қымбаттайды

8801

Қазақстанда кейінгі жылдары паспорт алатын 16 жасқа дейін балалар саны қарқынды түрде көбейіп келеді.

Паспорт пен жеке куәлік қымбаттайды

Қазақстандықтар паспорт алу және мерзімі өткен құжатты қайта шығару үшін мемлекеттің тым көп ақы сұрайтынына бұрыннан шағымданып жүр. Үкімет ұзақ уақыт бойы мұның бәрін естімеген сыңай танытып, міз бақпай мелшиген. Енді осы мәселе шешімін тапқандай. Бірақ жаңалығының жағымдысы да, жағымсызы да бар. Жағымдысынан басталық.

Жағымды жаңалықтары қандай?

Ұлттық экономика министрлігі Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы Ғалымжан Қойшыбаевтың тапсырмасын орындауға кірісті. Ал Үкіметке саяхат, іссапар, оқу және емделу мақсатында шетелге жиі сапарлайтын азаматтарды алаңдатып жүрген мәселеге қатысты оң шешім қабылдауды сұрап, Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасапты.

Сонымен Мәжіліс ұсынып, Үкімет іске асырғалы отырған бастамаға сәйкес, біріншіден, шетелге жиі шығатындар үшін Қазақстан азаматы паспорты беттерінің саны 48 параққа дейін ұлғайтылады.

Қазақ елі бұған дейін азаматтарының шетелге шыға беруін қаламайтын КСРО-ның және оның тікелей мұрагері Ресейдің үлгісін ұстанып келді. Қазіргі кезде Қазақстанның төлқұжаты да, РФ "паспорты" да стандартты түрде 36 беттен немесе 18 парақтан тұрады. Содан осы беттері визаға, шет мемлекеттердің шекара қызметтерінің қаптаған мөрлеріне тез толып қала беретіндіктен, бизнесмендер, шетелдік ЖОО-да білім алатын студенттер мен болашақтықтар, саяхатсүйер жандар және журналистер оны жиі ауыстыруға мәжбүр болатын.

Ал дамыған елдерде паспорттың беттері көбірек. Мысалы, АҚШ азаматтары өз қалауы бойынша не 28 беттен ғана тұратын паспорттың жұқа түрін, немесе 52 беттен тұратын паспорт-кітапшаны таңдай алады. 

Әрине, Қазақстан 52 бетке дейін ұлғайтуға бармады. Компромистік нұсқаны таңдап, 48 беттісіне тоқтаған. Яғни отандық паспорт еуропалыққа ұқсайтын болады. Мысалы, Германияда паспорт 32 беттен тұрады. Көп саяхаттаушыларға арналғаны – 48 беттен құралған. Францияда да 36 және 48 беттік екі нұсқасы бар.

"Шет елдерге жиі шығатын ең белсенді азаматтардың, іскер топтардың, ғылыми және мәдени қоғамдастық өкілдеріне паспортты оның қолданылу мерзімі біткенше бірнеше рет қайта ресімдеуге тура келеді. Себебі паспорттың барлық беттері визалар мен шекара белгілеріне толып қалады. Сондықтан 36 беттен тұратын паспорттың қолданыстағы үлгісін сақтай отырып, сонымен қатар шет мемлекеттерге жиі баратын азаматтарға ыңғайлы, беттерінің саны 48-ді құрайтын паспортты енгізу ұсынылады", – деп түсініктеме берді Ұлттық экономика министрлігі.

Екінші жақсы жаңалық – балалар паспортын алу құны арзандатылады. 16 жасқа дейінгі балалардың паспорттары үшін мемлекеттік бажды 8 АЕК-тен 4 АЕК-ке дейін екі есе азайту көзделіп отыр.

Нәтижесінде, кәмелетке толмаған балалардың паспорты үшін мемлекеттік баж көлемі қазіргі 8 АЕК немесе 23 336 теңгеден 2022 жылы – 4 АЕК немесе 12 252 теңгеге дейін арзандайды. 2023 жылы – 4 АЕК немесе 12 804 теңге, 2024 жылы – 4 АЕК немесе 13 380 теңге, 2025 жылы – 4 АЕК немесе 13 848 теңге тұрады. Ал 2026 жылға Үкімет әзірге айлық есептік көрсеткіш сомасын айқындамаған.

Соңғы 3 жылда 16 жасқа дейінгі балаларға паспорт беру үрдісі қарқынды түрде артып келеді. Тарата айтсақ, 2018 жылы – 109 472 бала алса, 2019 жылы бұл сан 190 955 балаға жеткен. Пандемия қысқан 2020 жылы біршама азайды. Бірақ шекаралардың тарс жабық болғанына қарамастан, бәрібір 64 006 балаға паспорт дайындалыпты. Биыл қарқын қайта арта бастаған. 16 жасқа дейінгі балаларға паспорт беру көрсеткішінің жыл сайынғы өсімі 104%-ды құрады.

Осы және басқа жаңалықтар "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасында қарастырылып отыр. Құжатты Парламент құптаса, сол арқылы қолданыстағы Салық кодексінің тиісті 615-бабына өзгерістер енгізілмек.

Жағымсыз жаңалықтары қандай?

Біріншіден, төлқұжат беттерінің өсуі оның құнының ары қарай қымбаттауына әкелмек. Бас экономист Әсет Ерғалиевтің командасы келесідей есеп-қисапты ұсынып отыр:

  • Бүгінде осы құжатты алу үшін 8 АЕК, яғни 23 336 теңге төлейсіз.
  • Келесі жылы беттерінің саны 36 беттен тұратын ескі үлгідегі паспорттар үшін мембаж өзгеріссіз қалады – 8 АЕК. Бірақ АЕК көлемі өсетіндіктен, бұл сома 24 504 теңгеге дейін өседі. Ал егер 48 беттен құралған жаңа паспортты алғыңыз келсе, ол үшін – 12 АЕК немесе 36 756 теңге шығын шығаруыңызға тура келеді.
  • 2023 жылы 36 беттігі үшін баж өзгермейді – 8 АЕК (бұл 25 608 теңгеге тең). Ал 48 беттігі – 12 АЕК немесе 38 412 теңгеге түспек.
  • 2024 жылы 36 беттігі – 8 АЕК (26 760 теңге), 48 беттігі – 12 АЕК (40 140 теңге).  
  • 2025 жылы беттерінің саны 36 болатын паспорт үшін мембаж – 8 АЕК немесе 27 696 теңгеге, ал 48 беттік паспорттар үшін – 12 АЕК немесе 41 544 теңгеге дейін көтеріледі.
  • 2026 жыл үшін ұқсас баға саясаты қолданылады деп белгіленген. Бірақ ол жылғы АЕК сомасы анықталмаған.

Билікке сенсек, бұл қайта елді аяғандағысы екен. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, 48 беті бар Қазақстан паспорттың өзіндік құны 52 мың 909,84 теңгені құрайды.

Бірақ бұл қамқорлығына сүйсіну қиын. Мәселен, Германияда және Францияда 36 беттен құралған паспорттың құны 60 еуродан басталады (29,5 мың теңге), ал 48 беттігі – 80 еуро (39,4 мың теңге). Бұл ретте Еуропада орташа айлық жалақы 4,5 мың еуродан немесе 2,2 миллион теңгеден басталатынын, ал Қазақстанда ресми статистика бойынша орташа айлық жалақы – 243,7 мың теңгені құрайтынын ескерген жөн. Яғни елімізде Еуропаныкінен он еседей аз. Үкімет алдымен орташа жалақыны еуропалық деңгейге жеткізудің қамын жасаса, жөн.

Дегенмен осыған орай халықтың жаппай наразылығы туындайды деп болжау әбестік. Өйткені паспорттың қымбаттауы халықтың шағын ғана бөлігін қамтығалы тұр. Ресми мәліметке жүгінсек, жыл сайын паспорт алу үшін Қазақстанның 600 мыңға жуық азаматы ХҚКО-ларға жүгінеді. Бірақ олар үшін паспорт алу құны 8 АЕК көлемінде сақталмақ. Ал 1 жыл ішінде 561 адам паспортын 2 және одан да көп рет ауыстырыпты. 48 беттік қымбат жаңа паспортқа да солар тапсырыс беруі мүмкін.

Жеке куәлік бағасы да көтерілуі мүмкін

Екінші жағымсыз жаңалық – жеке куәлігін бір жыл ішінде қайталап жоғалтатын азаматтарға жаңа жеке куәлік жасау үшін мемлекеттік бажды 1 АЕК-ке дейін ұлғайту ұсынылып отыр. Экономика ведомствосының түсіндіруінше, бұл "мемлекеттің жеке куәлік бланктерін дайындау шығыстарын азайтады". Сондай-ақ азаматтарды осы құжатына ұқыпты қарап, аялап ұстауға итермелеуге тиіс көрінеді.

Қазіргі кезде Қазақстан азаматының жеке куәлігінің құны 0,2 АЕК немесе биыл 583 теңге 40 тиын тұрады. Енді қараңыз, халқының ауқаты біздегіден жоғары Францияда жеке куәліктер мүлдем тегін беріледі. Тек жоғалта берсе, телнұсқасын алу үшін азамат 25 еуро (12 390 теңге) мөлшеріндегі төлем төлеуге тиіс.

АҚШ-та ішкі паспорт – Сәйкестендіру картасы (ID-карта) азаматтың жасына байланысты 6 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі және оның құны – 10 доллардан 30 доллар аралығында. Ал америкалық пен қазақстандықтың табыс табу мүмкіндігінің арасы – жер мен көктей. 

Бұл қымбатшылық қанша адамға қатысты болады?

Қазақстанда жеке куәлікті жоғалту бойынша жылына 2 рет – 6 585 адам, 3 рет – 290 адам, 4 рет – 16 адам, 5 рет – 2 адам жүгініпті.

Мұндай азаматтарға келесі жылдан бастап 1 АЕК немесе 3 063 теңгеге шығындалуға тура келмек. Жеке куәлікті көп жоғалта берсе, ол адамның үстінен әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынатынын да ескерген жөн. Бұл осы құжатын жалған фирмалар ашу үшін сатып, соңынан жоғалтып алдым деп шыға келетін алаяқтармен күрес үшін енгізілген.

Киндер паспорт екі түрге бөлінбек

Үшінші жағымсыз жаңалық: балалар паспортының жарамдылық мерзімі азайтылады. Салдарынан, оларға арналған паспорт құнын арзандатудың игілігі жоққа теңескелі тұр. Шенеуніктер бұл ретте шетелдік тәжірибені алғандарын алға тартады.

Себебі ересектерге қарағанда, балалардың сыртқы кейпі, бет-бейнесі жыл сайын өзгереді. Қазіргі кезде Қазақстанда балаларға паспорт 10 жылға беріледі. Заң жобасын Парламент мақұлдаса, ол мерзім 5 жылға дейін екі есеге азайтып тасталады.

Бұл құжаттың бірнеше санаты пайда болмақ: 12 жасқа дейінгі балалар үшін паспорттың жарамдылық мерзімін 5 жылға дейін қысқарту ұсынылып отыр. Осы жастан кейін баланың бет-ажары барынша қалыптасып болатынын ескеріп, 12-16 жастағы жеткіншектер үшін паспорттың әрекет ету мерзімі бұрынғыдай 10 жыл болып қала береді.

Әлемнің көптеген елінде "киндер паспорттың" қолданылу мерзімі 5 жыл: АҚШ, Швеция, Швейцария, Израиль және басқасында 16 жасқа дейінгісіне – 5 жыл, 16 жастан бастап – 10 жыл деп жасына байланысты бөлінеді. Германияда 12 жасқа дейінгі балаға паспорт 6 жылға, 12 жастан ересегіне – 10 жылға, Литвада 5 жасқа дейін балаға – 2 жылға, 5-тен 16 жасқа дейінгісіне – 5 жылға, 16 жастан бастап – 10 жылға беріледі. Данияда 1 жасқа дейінгі бөбектерге – 3 жылға, 2 жастан 17 жасқа дейінгі жасөскіндерге – 5 жылға, 18 жастан есесектерге – 10 жылға беріледі.

Посткеңестік кеңістікте қандай? Өзбекстанда 1 жасқа дейінгі бөбектерге – 2 жылға, 1 жастан 16 жасқа дейінгісіне – 5 жылға, 16 жастан бастап – 10 жылға, Беларусьте 14 жасқа дейінгі балаларға – 5 жылға, 14 жастан үлкеніне – 10 жылға, Молдовада 7 жасқа дейін балаларға паспорт – 4 жылға, 7 жастан 16 жасқа дейін – 7 жылға, 16 жастан бастап – 10 жылға беріледі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу