Пәтер бағасы неге арзандамайды?

"Жылжымайтын мүліктің бағасы 10%-ға түсуі керек еді. Алайда..."

Пәтер бағасы неге арзандамайды?

Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті тұрғын үй нарығында сауда-саттық айтарлықтай төмендегенімен, елімізді баспана бағасы неліктен өсіп жатқанын түсіндірді, деп жазды inbusiness.kz.

Ұлттық статистика бюросы сәуірде баспанаға қатысты мәмілелер саны 22% қысқарғанын хабарлаған. Бұл ретте, дәл осы статистикаға сәйкес, 2021 жылғы сәуірмен салыстырғанда 2022 жылғы сәуірде қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы 27,7%-ға, жаңа тұрғын үйді сату 20,3%-ға өсті.

Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов мамыр-маусым айларында нарықта тоқырау жалғасатыны айтып отыр.  

"Жылжымайтын мүліктің бағасы 10% арзандауы керек еді. Дегенмен Алматыда жастарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы іске қосылып, мұндай жобалар өзге аймақтарда жүзеге асырылатыны хабарланғаны сол-ақ еді, нарықта негізсіз алыпсатарлық басталып, бұл бағаға әсер етті", – дейді сарапшы. 

Сонымен қатар ол көктемнің басындағы валюта бағамының 460 теңгеден 515 теңгеге дейін "секіруі" нарыққа бірден ықпал еткенін айтады. 

"Бұл бастапқы тұрғын үйлер, яғни жаңа пәтерлер бағасын негізсіз шарықтатып жіберді. Нәтижесінде, өткен жылдың сәуір-мамыр айларымен салыстырғанда бағаның 20%-дан 30%-ға дейін өскені байқалады. Қазір баға жоғары. Бірақ сатушы мен сатып алушы арасындағы жеке келіссөздер кезінде, шаршы метрдің құны әлдеқайда арзандайды. Жарнамада баға бір болған, ал пәтер сатылған кезде 20-25 пайызға төмендеген мысалдар бар. Сатушылар көбінесе нарықты сынап көру үшін баспананы қымбаттатады", – деді Ермек Мүсірепов.

Бұл ретте Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті тұрғын үй нарығы қазір тұралап тұр деп есептейді. 

"Өткен жылдың соңы мен биылғы жылдың басында артық зейнетақы жинақтары есебінен баспана алу мүмкіндігіне байланысты жылжымайтын мүлік нарығында серпіліс болды. Баспана құны өсті. Сондай-ақ, "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алу белсенді түрде жүргізілді. Енді тұрғын үй нарығындағы белсенділіктің төмендеуіне бірден үш фактор әсер етеді", – дейді сарапшы. 

  • Біріншіден, девальвация мен инфляция, халыққа қолжетімді қаражаттың жоқтығы.
  • Екіншіден, зейнетақы қорларын бұдан былай пайдалану мүмкіндігінің болмауы.
  • Үшіншіден, "7-20-25" бағдарламасы бойынша активтерді пайдаланудағы белсенділіктің төмендігі және бағдарлама бюджетінің бітуі.

Мұның бәрі, сарапшының пікірінше, нарықтың тоқырауына әкеліп соғады және ерте ме, кеш пе, баспана бағасына әсер етеді.

"Бүгінгі таңда ипотека алудың шарттары тиімді емес, екінші деңгейлі банктерде мөлшерлеме жоғары. Сонымен қатар жылжымайтын мүлік нарығындағы 10 мәміленің 9-ы ипотекамен жасалады. Эконом-санатты тұрғын үйді айтпағанда, тіпті элиталық жылжымайтын мүлік  несие арқылы сатып алынады. Мамыр айының соңында бағаның өсуі тоқтады. Мұны бастапқы және қайталама тұрғын үй нарығынан байқауға болады", – деп қосты сарапшы.

Қорыта келе, сарапшы жылжымайтын мүлік нарығындаға сауданы тек бағаны реттеу арқылы жандандыруға болады деп есептейді. 

"Бағаны айтарлықтай түзетіп, өткен жылғы деңгейге қайтару арқылы ғана нарықтағы стагнацияны тоқтатамыз", – деді федерация басшысы. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу