Павлодар облысында білім мен денсаулық сақтау саласы ақсап тұр. Оған бұған дейін біз жазған "Маугли" балалардың мәселесі, ауылдағы мектептердің аңырап тұрғанына дәлел бола алады. Енді медицинаға қатысты тағы да шу шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Атап айтқанда, облыс орталығындағы №1 емханада тіркелген балалар дәрігердің қарауына бара алмай қалуы әбден мүмкін. Себебі жергілікті билік балалар бөлімшесі орналасқан бес қабатты ғимаратты жатақханаға айналдыруды көздеп отыр. Сонда дертіне дауа іздеген балалар қайда баруы керек?
Бұл сауалды "№1 емхана" ЖШС құрылтайшысы Дәурен Сәдуақасов облыс басшылығына жолдады. Оның айтуынша, қалада емдеу мекемесіне лайықталған басқа нысанды табу қиын.
"Осыдан екі жыл бұрын негізгі емхана жанынан қосымша ғимарат тұрғызып, оны балалар бөлімшесіне сай жабдықтауды жоспарлаған едік. Алайда құрылыс материалдары мен бұл саладағы қызметтің күрт қымбаттауына байланысты мәселені кейінге шегеруге тура келді. Қазіргі уақытта Байзақов көшесіндегі жалпы аумағы 1200 шаршы метр болатын емдеу орнында медициналық көмектің көп көлемі көрсетіледі. Облыстық қаржы басқармасы 1 наурызға дейін бұл нысанды босатуды талап етіп отыр. Сонда медициналық құралдардың барлығын қайда апарамыз? Балаларды қайда қабылдаймыз?", – дейді құрылтайшы.
Негізі, №1 емхананың басшылығы Ломов көшесінің бойында орналасқан техникалық мектептің ғимаратын алуды "көздеп" отыр. Бірақ бұл мекемеде балалар тегін үйірменің түр-түріне қатысып жүр. Олар облыстық, республикалық байқаулардан олжасыз қайтқан емес. Павлодар қаласындағы авиамодельдеу бойынша жалғыз қосымша сабақтар да осы мектепте ұйымдастырылады. Емхана бұл ғимаратқа көшірілсе, техникаларды құрастырудың қыр-сырын үйреніп жүрген жеткіншектер далада қалайын деп тұр. Емдеу мекемесі үшін бірегей техникалық орталықты "құрбандыққа" шалуға бола ма?
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов одан да тұрғын үйлердің бірін жалға алып, жабдықтауды ұсынды.
"Биыл балалар жылы болып жарияланғаны белгілі. Сондықтан олардың білім мен денсаулық жүйесіндегі мүмкіндіктерін шектемеуіміз керек. Егер бос тұрған ғимараттар болса, соларды қарастыруға болады. Тіпті болмаса, тұрғын үйді жалға беру нарығынан іздеу қажет", – дейді аймақтың басшысы.
Ал әзірше емхана басшылығы бір аптадан соң балаларды қалай қабылдап, оларға қайда ем-дом көрсетерін білмей, бас қатырып отыр.
Еске сала кетейік, №1 емхана 2018 жылы жекешелендіру аясында жеке компанияның басқаруына өткен болатын. Сондықтан болар, жергілікті билік көмек көрсетіп, басқа ғимарат тауып беруге аса құлықты емес.
Ажар Дәулетова