ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу жұмыс сапарымен Павлодар облысына барып, өңірдің барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жиналысына қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының өңір әкімі лауазымына Байханов Асайын Қуандықұлы мен Батырғожинов Серік Барлыбайұлының кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқыды. Ашық дауыс беру кезінде 177 депутаттың 135-і Асайын Байхановқа, 42 депутат Серік Батырғожиновке дауыс берді.
Асайын Қуандықұлы 1977 жылы 6 желтоқсанда Баянауыл ауданында туған. Павлодар университетін экономика және менеджмент мамандығы бойынша бітіріп, ProCredit Holding AG және ЕҚДБ біліктілікті арттыру корпоративтік орталығында, кейін Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде стратегиялық менеджмент және кәсіпкерлік бойынша білім алды.
Еңбек жолын Қазақстандағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) бағдарламасы бойынша банк секторында бастады. Алдымен Екібастұзда несие сарапшысы болды, кейін Алматыда ЕҚДБ бағдарламасының бас офисінің бөлім бастығына дейін жоғарылады. Сондай-ақ, Procredit Holding AG неміс халықаралық банк холдингінде жұмыс істеді, соның ішінде оның украиналық қаржы мекемесінің (Киев) атқарушы директоры болды. Қазақстанға оралғаннан кейін "Нұрбанк" басқарма төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Осы салада 9 жыл еңбек еткен соң ауыл шаруашылығында кәсіпкерлік қызметпен айналысты. Кейін квазимемлекеттік секторда болып, "ҚазАгроның" еншілес компанияларының бірінде басшылық қызмет атқарды.
2020 жылдың наурыз айында Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалып, өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға жауапты болды. Өткен жылдың 19 шілдесінен осы уақытқа дейін Павлодар қаласының әкімі қызметін атқарды.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов облыс активімен өткен кездесуде әкімдік басшылығының алдында тұрған басым міндеттерінің бірі инфрақұрылымды жаңғырту екенін атап өтті.
"Қазір жылыту маусымы жүріп жатыр. Өкінішке қарай, Екібастұз қаласының жылу желілерінде апат болып, тұрғындар жылусыз қалған еді. Жан аямай жұмыс істеген мамандардың арқасында жылу беру қалпына келтірілді. Қазіргі кезде апаттың себептері анықталып жатыр, нәтижесі шыққан соң кінәлілер жауапқа тартылатын болады. Әкімдік бұл мәселені ерекше назарға алып, жылыту маусымының қалыпты жағдайда өтуін қамтамасыз етуі керек", — деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар, ірі өндіріс ошақтарының жұмысына байланысты өңірдегі экологиялық ахуал күрделі. Республика бойынша шығарындылардың жалпы көлемінің шамамен 30%-ы Павлодар облысына тиесілі. Осыған байланысты облыс басшылығы зиянды өндірістік шығарындылардың қоршаған ортаға теріс әсерін азайту жөніндегі жұмысқа назар аударуы қажет.
"Кәсіпорындар өндірістік процесті жаңғыртуға, инвестицияларды ұлғайтуға, жұмыскерлерге әлеуметтік қолдау көрсетуге көңіл бөлуі тиіс", — деді Әлихан Смайылов.
Айта кетейік, бұған дейін үш жылға жуық уақыт бойы өңірге жетекшілік еткен Әбілқайыр Сқақов 1 желтоқсан күні қызметінен босатылған еді.