Бүгін ҚР Президентінің Жарлығымен аймақтың басшысы Әбілқайыр Сқақов қызметінен кетті. Оның бірінші орынбасары қызметін атқарған Олег Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды. Ал үш жылға жуық уақыт бойы өңір тізгінін ұстаған басшы қандай істерімен көзге көрінді? inbusiness.kz тілшісі саралап көрді.
Павлодар облысының тумасы Әбілқайыр Сқақов 2020 жылдың 21 қаңтарында Павлодар облысының әкімі атанды. Оған дейін өңірге жетекшілік еткен Болат Бақауов қызметін асыра пайдаланғаны үшін күдікке ілініп, орнын босатқан еді. Ал бұл уақытқа дейін мемлекеттік қызметте 25 жыл еңбек еткен Әбілқайыр Сқақов ел алдында аса таныла қоймаған еді.
1995 жылы мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын бастаған Әбілқайыр Сқақов ұзақ жыл туған жеріндегі салық жүйесінде жұмыс істеді. Кейін Қостанай облысында, одан соң Астана қаласында осы салада қызметін жалғастырды. Қорғаныс істері министрінің орынбасары болды. Ал Павлодар облысына әкім болып келгенге дейін Қаржы министрлігінің қаржы мониторингі комитетінің басшысы боп еңбек еткен еді.
Бұған дейін аудан, қала, облысқа басшылық етпеген Әбілқайыр Сқақовтың әлеуетін түсіну бастапқыда көпшілік үшін оңай болмағаны, рас. Қандай салаға басымдық беріп, қандай мәселелерді шешуге ден қоятыны да "жұмбақ" болды. Жаңа әкім үшін нағыз сын сағат – пандемияның басталуымен тұспа-тұс келді. Әкім болып тағайындалғанына екі ай өтер-өтпесте елде коронавирустық инфекция жайлап, карантиндік шектеулер енгізіліп, жұрт абдырап қалды. Сол сәтте дем жетпей, хал үстінде жатқан азаматтардың өміріне араша түсу үшін демеушілермен байланыс орнатып, бюджеттен қаржы бөліп, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға барын салды. Тіпті, бірнеше айдың аралығында жаңадан модульдік инфекциялық госпиталь ашылды. Одан соң да қауіпті індетпен күрес бағытында ауқымды іс атқарылды.
Жалпы, Әбілқайыр Сқақов облысқа әкім болып тағайындалған соң, биліктің беті бұқараға қарай бұрылды деп атап өтуге болады. Ол келе сала әкімдіктердің ішінен шағымдар мен өтініштер бойынша арнайы жұмыс істейтін бөлімдерді жасақтады.
Тұрғындардың мәселесін әп-сәтте шешіп бермесе де жұртшылықтың "Билік халықты естиді екен ғой" деген сенімі пайда бола бастады. Бастысы, әлеуметтік желілер арқылы түсетін өтініштер, сұрақтар, шағымдар – барлығы ресми өтініштердің деңгейіне теңестірілді. "Қит" етсе инстаграмдардағы әр түрлі пабликтерге базынасын жазатын адамдардың сөздері назарға алынатын болды. Мәселен, осы жылдың ақпан айында Әуелбек ауылындағы мектепте көмірдің таусылуға шақ қалғаны туралы ақпарат жарияланғаны сол еді, ертеңгі күні таңертең облыстың әкімі сол ауылдан табылды. Сандарды сөйлетер болсақ, осы жылдың өзінде әлеуметтік желілер мен "109" бірыңғай орталығы арқылы азаматтардан 91 мыңға жуық сұрақ түсіп, оның 51 мыңнан астамы оң шешімін тапты.
Ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесу барысында да көпшілік көкейде жүрген мәселелерін іркілместен айтып, сол жерде нақты жауаптар алып отырды. Тіпті, кейбір елді мекендерге барғанында ауыл ақсақалдары "Бұған дейін бізідң жаққа әкім аяғы басылмап еді" дегенді айтып жатты. Бұл да болса халық пен билік арасындағы байланыстың, өзара түсіністіктің артқанын көрсетсе керек.
Оған дейінгі облыстың әкімі Болат Бақауов мектептердегі бастауыш сынып оқушыларының барлығын ыстық тегін тамақпен қамту бойынша үлесін қосса, Әбілқайыр Сқақов өңірдегі 83 мың оқушының барлығының қоғамдық көліктермен тегін жүруіне жағдай жасады. Бұған дейін 7-15 жас аралығындағы балалар жолақысының тең жартысын, ал 15 жастан асқан шәкірттер толық сомасын төлесе, бүгінгі таңда 1-11 сынып оқушыларының барлығы қоғамдық көлікпен қалаған жеріне тегін жетеді. Оның бастамасымен өңірде "Заманауи мектеп" жобасы қолға алынып, жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген ондаған білім ордасы ретке келтірілді.
Сонымен қатар, Достық шағын ауданын салу жалғасып, Жастар деген жаңа шағын ауданның жобасы жасалып, көптен бері шешілмей жүрген мәселе – Затон шағын ауданындағы ескі үйлердің орнына жаңасы салына бастады. Десе де, тұрғындар тарапынан тығыз аумақтарда жекеменшік тұрғын үйлердің көптеп салынуына қатысты да жиі сын айтылды.
Шаруалармен меморандумдар жасалып, әлеуметітк маңызы бар тауарлардың бағасы мен сапасын назарда ұстауда көп көңіл бөлінді. Әсіресе, қант тапшылығы туындаған тұста әкімдік кәсіпорындардан өнімді қымбатқа сатып алып, тұтынушыларға әлеуметтік сауда орындары арқылы қолжетімді бағада таратуға тырысып бақты.
Осы сынды ілкімді істерді жалғастыруға болады, әрине. Қаңтар оқиғасынан кейін тұрғындардың тікелей қатысуымен өңірдің іс-қимыл бағдарламасы әзірленіп, жылдың соңына дейінгі жоспар белгіленді. Бұл ретте әкімдердің Әбілқайыр Сқақов жұрт наразылық тудырған тұста кейбір облыс басшылары сынды бұғып қалмай, көпшіліктің алдына шығып, талап-тілегін тыңдағанын да атап өтпеске болмас.
Бірақ тұрғындардың көңілінен аса шыға қоймаған жайттар да орын алды. Әсіресе, кезінде атағы дүркіреп тұрған "Ертіс" футбол клубының жабуылын кейбір жанкүйерлер Әбілқайыр Сқақовтың көзқарасымен байланыстырды. "Аймақ басшысы қолдау көрсетудің орнына клубты жауып тынды" деп айыптағандар да болды.
Сол сияқты экологиялық мәселелерді реттеу, коммуналдық түйткілдерді шешуге қатысты сын-пікірлер айтылып жатты. Өткен жылу маусымында облыс орталығындағы 300 көпқабатты үйде жылу параметрлері төмен болған тұста облыс пен қала басшылығы сын садағының астында қалды. Бірақ Орталық-Азиялық Электр энергетикалық корпорациясымен алғаш рет меморандум жасалып, 2030 жылға дейін өңірде жылу желілерін жаңғыртудың жол картасы әзірленді.
Бұл жолы да Әбілқайыр Сқақовтың қызметтен кетуі Екібастұз қаласындағы жылу желілеріндегі апатпен тұспа-тұс келді. Бірнеше күн бойы негізгі ақауды табуда қиындықтар туындап, 100-ден астам көпқабатты үйді жылудан ажыратуға тура келді. Аймақтың басшысы бірінші күннен-ақ жедел штаб құрып, мәселені шешудің жолдарын қарастырғанымен, кейбір үйлер әлі күнге дейін жылусыз әрі сусыз отыр.
Бүгінгі кадрлық өзгерісті көпшілік дәл осы оқиғамен байланыстырады. Әбілқайыр Сқақовтың қызметтен кетуі туралы хабар әлеуметтік желіде жарияланғаны сол еді, бір сағаттың ішінде 600-ден астам пікір жазылды. Оның дені мұндай жағдайда әкімді орнынан алып тастау – оңай шешім екенін алға тартып, бұл жерде монополисттерді жауапқа тарту керек деген пікірді жарыса жазып жатыр. Сондай-ақ, өңір тұрғындарының қимастығы байқалады. "Нағыз жұмыс істейтін адамды неге босатады екен? Сқақов мырза аймақта болған ең мықты әкім!", "Ол алысқа қарайтын басшы еді", "Тұрғындардың пікірін сұрамастан әкімді алып тастайтыны өкінішті. Қазіргісі жақсы әкім болған", "Шағымдарға тез әрекет етіп, халыққа шынымен жақын басшы бола білді" деген сыңайдағы пікір өте көп. "Біздің әкімді қайтарыңыздар" деп сұрайтын желі қолданушылары да жетерлік.
Айта кетейік, Әбілқайыр Сқақов – Тәуелсіз Қазақстанда Павлодар облысына басшылық еткен 10-ыншы әкім.