Павлодарда бес жылда 27 нысан жекешелендірілді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
6242

Осылайша, Ертіс бойындағы өңір жекешелендірудің кешенді жоспарын толықтай орындады. 

Павлодарда бес жылда 27 нысан жекешелендірілді

Елімізде жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары іске асырылғаны белгілі. Бұл тізімге Павлодар облысынан 39 нысан енді. Нысандарды бәсекелестік ортаға шығаруға кеңес берілді. Бүгінде жоспар толық орындалыпты.

Павлодар облыстық қаржы басқармасының мәліметіне сүйенсек, республикалық тізімге кіргізілген нысандардың 27-сі кейін сатып алу құқығымен сенімді басқаруға берілді, сатылды. Көбі 2016-2018 жылдары саудаға шығарылып, иесін тапты. Оның 19-ы коммуналдық меншікте, сегізі "Павлодар ӘКК" акционерлік қоғамының еншілес және бағынышты ұйымдары санатында болған. Бұл тізімдегі тағы 12 нысан жойылды.

"Жекешелендіру жоспарына енген нысандарды сатудан қазынаға 2,5 млрд теңге түсті. Мәселен, 21 ұйымды жекенің қолына беру нәтижесінде бюджет 1 млрд 35 млн теңге пайда көрсе, тағы 1,4 млрд теңге 6 мекемені кейін сатып алу құқығымен сенімді басқаруға өткізуден түсті", – дейді басқарма басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Еске сала кетейік, 2017-2018 жылдары медицина, спорт нысандарын сенімді басқаруға беру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Мәселен, Павлодар қаласындағы №1 және №2 емханалар бүгінде жекеменшіктің қолында.

"Бастапқыда жекеге өткен соң, тұрғындар тегін қызметтен қағыла ма, сапаға кері әсер ете ме деп қауіптенген еді. Бірақ олар мемлекеттік тапсырыс негізінде бұрыннан бекітілген тұрғындарға кепілдендірілген медициналық көмекті қалыпты түрде көрсетуде. Персоналды қысқарту сияқты келеңсіздіктер орын алған жоқ. Сенімді басқарудың алғашқы жылының өзінде көпшілікте күмән сейілді. Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жеке тіркеу бөлімін қарастырып, жайлылық жасады. Жиһаздары ауыстырылып, жаңа кейіпке енді. Инвестор емхананың өзекті мәселелерін саралап, ең қажетті жабдықтарын сатып алуға ден қойды. Күту залдары да заманға сай жабдықталды. Бұл – бір ғана мысал", – дейді ол.

Жалпы, жекешелендірудің кешенді жоспары аясында функциялары мемлекетке тән емес ұйымдар да бәсекелестік ортаға шығарылған. Мәселен, "Екібастұз лифт" ЖШС, "Екібастұзкоммунсервис" ЖШС, "Горкомхоз-Ақсу" ЖШС, Екібастұз қаласына қарасты "Полигон" коммуналдық кәсіпорны, Павлодар ауданы әкімдігі балансында болған "Коммунсервис" ЖШС жекеге өткізілген.

Айта кету керек, республикалық жоспардан бөлек, облыстың өзінің де жеке жоспары бар. Яғни, коммуналдық меншіктегі мекемелер қатарын азайтып, бәсекелестік ортаға беру жүргізілуде. Коммуналдық меншікте болған 4 кәсіпорын қазір сатып алу құқығынсыз сенімді басқаруда. Мәселен, кеншілер шаһарындағы "Горводоканал" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 14 жылға сенімді басқаруға өткізілсе, Ертіс ауданындағы аграрлық-техникалық колледж 2018 жылы жергілікті шаруа қожалықтарының біріне 5 жылға берілді. Тереңкөл ауданындағы аграрлық-техникалық колледж де 5 жылға жекенің сенімді басқаруында болады. Тағы бір білім ордасы – Қ.Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен-техникалық колледжі 2028 жылға дейін 10 жыл бойы сенімді басқару арқылы ісін ілгерілетуге тиіс.  Ал сенімді басқаруға берілген "Сапаржай-Павлодар" ЖШС иесі 5 жылдан кейін нысанды толық сатып алуға құқылы.

Облыста коммуналдық меншіктегі көліктерді, нысандарды да жекешелендіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Биылдың өзінде жалпы сомасы 121,7 млн теңгенің 92 нысаны бәсекелестік ортаға берілген. Оның 31-і – жылжымайтын мүлік. Қалғаны – тозығы жеткен көліктер.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу