Павлодардағы 19 мектепте әлі күрделі жөндеу жүріп жатыр

Сондықтан балалар мәдениет үйінде оқып жүр.

Павлодардағы 19 мектепте әлі күрделі жөндеу жүріп жатыр

Биыл Павлодар облысында бірден 46 мектепті жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Ол үшін мемлекеттік қазынадан 9,2 млрд теңге қаражат бөлінді. Алайда білім ордаларының жартысына жуығында жұмыстар әлі жалғасуда, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

60 жыл жөндеу көрмеген

Бұған дейін мектептердің басым бөлігіне аз-маз қаржы бөлініп, ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілетін. Ал биыл облыс басшылығы кеңестік кезеңнен бері жөндеу көрмеген оқу орындарын заман талабына сай жаңғыртуға бел буды. Сөйтіп 60 жылдан астам уақыт бойы балаларды қабылдап келген төрт мектепті, осыдан жарты ғасыр бұрын ашылған 15 ғимаратты, 40 жыл бұрын қолданысқа берілген 11 оқу орны мен 30 жылдан бері жөндеусіз жұмыс істеп келген 10 білім ордасын жаңғыртуды жөн деп шешті. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы бұл мақсатқа 9 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылды. Осы жылдың ақпан-наурыз айларында мемлекеттік конкурс нәтижесінде анықталған мердігелермен келісімшарттар жасалып, олар өз кезегінде оқу жылы аяқтала салысымен іске кірісті.

Мұндай бастама ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар қауымын қуантқаны рас. Олар жаңа оқу жылын түрленіп, жаңарған мектепте бастауды ойлады. Алайда көпшіліктің үміті ақталған жоқ. Себебі өңірдегі екі бірдей мектептің шәкірттері әдеттегідей мектептегі емес, мәдениет үйіндегі парталарға отырды. Атап айтқанда, Ертіс ауданы Абай атындағы орта мектептің 113 оқушысы бүгінде ауылдағы клубты жағалауға мәжбүр. Ал Ақсу қаласына қарасты Сарышығанақ ауылындағы бастауыш сынып оқушылары көршілес жатқан Суаткөл ауылындағы мектепке барып оқиды. Орта және жоғары буын шәкірттері жергілікті мәдениет үйінің ғимаратында білім алады.

Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, Ертістегі мектепте жөндеу жұмыстары 15 қыркүйекте, Сарышығанақ ауылындағы оқу мекемесінде қараша айының ортасында бір-ақ аяқталмақ. Оған дейін мұғалімдер мен балаларға шыдамдылық танытуға тура келеді.

Сонымен қатар күрделі жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталмауы салдарынан Павлодар және Ақсу қалаларындағы үш мектептің оқушылары ыстық тамақсыз қалды. Қазір үлкен қоңырау кезінде буфеттегі тоқаштармен жүрек жалғап жүр. Өңірдің бас ұстазы бұл оқу орындарындағы асханаларды қалпына келтіру ісі де созбалаңға салынса, ыстық түскі астар сырттан жеткізілетінін айтты.

Мемлекеттің ақшасы "майшелпек" пе?

Жалпы биыл Павлодар облысында ауылдардағы 38, қалалардағы 8 мектепті жөндеу көзделген болатын. Ол үшін 32 мердігермен келісімшарт жасалды. Әйтсе де, бүгінгі таңда 19 ғимаратта тиісті жұмыстар аяқталған жоқ. Олардың қатарында жоғарыда аталған екі ауылдың мектебі бар. Мұндағы оқушыларға басқа ғимараттарды уақытша паналаудан басқа амал қалмай отыр. Ал қалған 17 мектептің шәкірттері жөндеудің ортасында оқуға мәжбүр. Аталмыш ғимараттарда оқу мен жөндеу процесі қатар жүріп жатыр.

Самал Айтқазинаның сөзінше, ғимараттарды келісімшартта көрсетілген мерзімде тапсырмаған мердігерлерге қатысты сотқа арыздар жолданды. Осы уақытқа дейін 10 нысанға қатысты шағым сотқа түссе, тағы 12 мекеменің жөндеуіне байланысты мердігерлер үстінен арыз дайындалуда. Бірақ жөндеудің сағызша созылуына мердігерлерден басқа да факторлар әсер еткенге ұқсайды.

"Мысалы, Павлодар қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №22 мектепте жөндеуге кіріскен соң спорт залдың төбесі түсіп тұрғаны анықталып, қосымша тексеріс жұмыстарын жасауға тура келді. Сол себепті уақыт жоғалтып алдық", – дейді Самал Айтқазина.

Бұл мектептің жөндеуіне жергілікті "ҚазЕвроСтрой" ЖШС жауапты. Аталмыш компания бірден 11 мектептің тендерін ұтып алған. Ол үшін мемлекеттен 3,4 млрд теңге төленеді. Ал шымкенттік "ГрадСтройСервис" ЖШС 13 мектептің жөндеуін өз міндетін алды. Жобалардың жалпы құны – 2,1 млрд теңге. Алайда 46 мектептің жартысынан астамын өзара бөлісіп алған екі компания белгіленген істі уақытылы әрі сапалы атқаруға селқос қарап отыр.

"Бұл компаниялар тендер кезінде төмен баға ұсынумен қатар, техникалары мен жұмыс күші жеткілікті екенін көрсетті. Десе де, жұмыстарының нәтижесі көңілден шықпай отыр. Сол себепті "КазЕвроСтрой" кәсіпорнына қатысты сотқа бір арыз беріліп, алтауы дайындалуда. Сол сияқты "ГрадСтройСервис" ЖШС үстінен алты арыз сотқа жолданып, тағы үшеуі әзірленіп жатыр", – дейді басқарма басшысы.

Қалай болған күнде де жөндеудің дер кезінде аяқталмауы мектеп ұжымы мен шәкірттерге қолайсыздық тудырып отыр. Бұған кім кінәлі? Жауапкершілік жүгін түсінбеген мердігерлер ме, әлде дер кезінде қатаң бақылауға алмаған басшылар ма?

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу