Павлодарлық кәсіпорындар өз өнімдерін Қытайға жеткізе алмай әлек (Видео)

4434

Тауарлар жарты жылдан астам уақыт бойы шекарада тұр. 

Павлодарлық кәсіпорындар өз өнімдерін Қытайға жеткізе алмай әлек (Видео)

Пандемияға байланысты Қазақстан мен Қытай арасында тауар алмасу қиындап кетті, деп жазады inbusiness.kz тілшісі . Әсіресе, теріскейдегі кәсіпкерлер шекарадағы шектеулердің зор зардабын шегіп отыр. "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы жергілікті бөлімінің мәселеге жүрдім-бардым қарауы онсыз да шығынға батқан бизнес өкілдеріне "жығылған үстіне жұдырық" боп тиюде.

Тауарды тапсырыс берушіге жеткізе алмай, әлекке түскендердің бірі – "УПНК-ПВ" ЖШС. Қыздырылған мұнай коксын шығаратын бұл зауыт өнімді Қытайға экспорттап, табыстың басым бөлігін сол арқылы тауып келген-ді. Кәсіпорын өкілі Дамир Бейсембаеавтың айтуынша, 250 вагон былтырдан бері діттеген жерге жете алмай, жарты жолда қалып қойды.

"Бұл мәселеде "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясымен екі арада түсініспеушілік бар. Теміржол арқылы жіберген өніміміз тапсырыс берушілерге жеткен жоқ. Ал "ҚТЖ" өкілдері "мұнай коксын қайтадан алып кетіңдер, ар жағында шаруамыз жоқ" дегендей сыңай танытады. Бірнеше рет осы мағынадағы ескерту хатты жіберді. Бірақ теміржол арқылы жөнелтілген тауарды қайтып алып, сақтап қоятын мүмкіндік жоқ. Қойманың барлығы өнімге толы. Жергілікті компания жеткізу қызметін атқара алмайтын болса, бұл туралы алдын-ала ескертуі керек еді", – дейді Дамир Бейсембаев.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер де осындай қиындыққа тап болып отыр. "Арго" фирмасының директоры Олег Литвиненконың сөзіне қарағанда, қытайлық тараптан қойылатын талаптар қисынға келмейді. Олар талап етіп отырған жеткізу түрін "Қазақстан темір жолы" ұсына алмайды.

"Астық өнімдерін қапталған күйде тасымалдау қиын. Оның үстіне контейнерлердің бетінде үйінді болуы керек екен. Бұл қалай болғаны? Осындай ойға сыймайтын талаптар, тасымалдағы қиындықтар салдарынан ірі тапсырыс берушілерге өнімді жеткізе алмай әуре-сарсаңға түсіп отырмыз", – дейді фирма басшысы.

"Қазақстан темір жолы" – жүк тасымалы" ЖШС Павлодар бөлімі директорының орынбасары Дәурен Мигуновтың айтуынша, астықты контейнерлермен жеткізуде еш қиындық жоқ. Ал мұнай коксын тасымалдаудың жалғыз жолы – оларды өндірістік қаптарға салу.

"Павлодарда өндірілген қыздырылған мұнай коксының Қытайға жетпеуі – біздің кінәміз емес. Көршілес мемлекет өнімді вагондармен қабылдаудан бас тартып отыр. Мұндай ережені ескерген павлодарлық "Бозшакөл", "Қазақстан алюминийі" сынды өндіріс орындары өз өнімдерін биг-бэгтерге салып, қытайлық серіктестеріне сол күйде салуға көшті. Себебі шекараның арғы жағындағы мемлекет өнімдерді осылай ғана қабылдайды", – дейді директор орынбасары.

Карантинге байланысты шектеулердің, қытайлық тараптың импорттық өнімдерге қатысты талаптарының құбылып тұратыны рас. Бірақ мұндай жағдайда отандық ірі тауар жеткізуші бас ала қашпай, кәсіпкерлерге қолғабыс етіп, мәселенің мәнісін түсіндіріп, тығырықтан шығар жолдарды көрсетсе игі еді.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу