Павлодарлықтар МӘМС жүйесіне 10,2 млрд теңге аударды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4412

Жаңа жүйеге жергілікті халықтың 61,4 пайызы оң көзқарас танытқан.   

Павлодарлықтар МӘМС жүйесіне 10,2 млрд теңге аударды

Келер жылы елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Бүгінде осы бағытта қызу жұмыстар жүргізілуде. Павлодар облысында да ауқымды жұмыстар қолға алынды. Әсіресе, емхана тіркеуіне алынбаған адамдарды анықтау, халықты ақпараттандыру жұмыстарына басымдық берілуде.

Осы жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша Павлодар облысы адамдардың емханаға тіркелу деңгейі бойынша 15-орынды алған еді. Өйткені 49 043 адам тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуге тұрмаған екен. Жауапты мамандар бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, 38 447 адамның мәртебесі анықталған. Оның ішінде 35 928 адам мемлекетімізден қоныс аударған, 1 579-ы қайтыс болған, 15-і із-түссіз жоғалған, 823-і тіркеуге алынған. Нәтижесінде облысымыз тұрғындардың емханаға тіркелу деңгейі бойынша 4-орынға көтерілді. Қазіргі уақытта қалған 10 590 адамды анықтау бағытында жұмыстар жалғасуда. Кез келген адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жемісін көруі үшін жұмыс істеуімен қатар емханаға тіркелуі шарт.

"Жергілікті медициналық ұйымдар жаңашылдықты қабылдауға әзір. Бұл ретте техникалық база нығайтылған. Барлық ұйым компьютермен жабдықталып, интернетпен қамтылған. Аймақ дәрігерлері электронды жүйеде еркін жұмыс істейді. Тұрғындардың 100 %-ында электронды төлқұжат бар. Бұл да жұмысты жеңілдетеді", – дейді Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Күзеков.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітқазиновтің айтуынша, облыстың жұмыс берушілері мен жеке кәсіпкерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 10,2 млрд теңге қаржы аударған. Бұл ретте аймағымызда Павлодар қаласы көш бастап тұр. Сонымен қатар, Баянауыл, Шарбақты және Павлодар аудандары үздіктер қатарында.

"2017 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін қаражат аударып келеді. Жеке кәсіпкерлер де қарамағында жұмысшыларына төлем жасайды. Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Барлық ақша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық қызметтер пакетін қаржыландыруға бағытталады", – дейді Айдар Сейітқазинов.

Деректерге сүйенсек, бүгінде медициналық сақтандыру қорына 224 млрд теңге жарна түскен. Оның 215 млрд теңгесі жұмыс берушілердің аударымдары болса, 8,8 млрд теңге жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.

"Сондай-ақ  2019 жылдың қаңтарынан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар бірыңғай жиынтық төлемін төлей алады. Оған төрт салық түрі – жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, әлеуметтік сақтандыру жарнасы және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарна кіреді. Бірыңғай жиынтық төлем жеке тұлғаларға қызмет көрсететін азаматтарға арналған. Бірыңғай жиынтық төлем ай сайын төленеді. Бұл ретте қала тұрғындары 1 айлық есепткі көрсеткіш (2525 теңге) аударса, аудан мен ауыл тұрғындары 0,5 айлық есептік көрсеткіш (1263 теңге) көлеміндегі қаржыны төлеуге тиіс", – деп нақтылады Айдар Сейітқазинов.

Бұл бағыттағы жұмыстар облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің тұрақты бақылауына алынған. Аталмыш кеңестің әлеуметтік-мәдени даму мәселесі жөніндегі комиссия төрайымы Гүлбарам Наурызбаеваның айтуынша, биыл көктем және күз айларында арнайы мониторинг тобы құрылып, өңірдегі қала-аудандардағы дайындық барысымен танысқан. Оның сөзінше, аймақ тұрғындарының 92,9 %-ы жаңашылдық туралы құлақтандырылған. Жаңа жүйеге жергілікті халықтың 61,4 %-ы оң көзқарас танытқан.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу