Денсаулық сақтауға жұмсалған шығындардың 42%-ы азаматтардың өз қалтасынан шыққан

4905

Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген межеден екі есе көп екен. 

Денсаулық сақтауға жұмсалған шығындардың 42%-ы азаматтардың өз қалтасынан шыққан

Мәселен 2013 жылы кепілдік берілген тегін медициналық көмекке 608,1 млрд теңге бөлінген болса, биыл бұл қаржы 972,7 млрд теңгеге жеткен.

Бұл жайында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін көпшілікке түсіндіру мақсатында Жамбыл облысында арнайы құрылған жұмыс тобының алғашқы отырысында сөз болды. Онда өңірімізге жұмыс сапарымен келген "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов республика бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық барысын баяндады.

Оның айтуынша, елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізіп, тегін медициналық көмек пакетінің жаңа үлгісін жасауға бірқатар жағдайлар түрткі болды. Негізгілеріне тоқталсақ, бірінші, демографиялық жағдай. Соңғы 10 жылда республика халқының саны 15%-ға көбейіпті. Нәтижесінде қарттар –  27,  балалар саны 24 %-ға артқан. Екіншісі – эпидемиологиялық өзгерістер. Бүгінде 5 түрлі топқа жататын қант диабеті, психикалық ауытқулар, респираторлық (астма, ХОБЛ), онкологиялық аурулар мен инсульт, инфракт сынды жүрек-қан тамыры аурулары 2,5 есеге көбейген. Үшіншісі – ем-дом бағасының 1,5-2,5 есеге дейін қымбаттауы. Төртіншісі – жаңа медициналық технологияның 450-ден астам түрінің қолданысқа енгізілуі.

"Мемлекет денсаулық сақтау саласына яғни, халыққа көрсетілетін тегін медициналық қызметтерге жыл сайын бір триллион теңгеге жуық қаржы бөледі және қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Мысалы, 2013 жылы кепілдік берілген тегін медициналық көмекке 608,1 млрд теңге бөлінсе, 2019 жылы бұл сома 972,7 млрд теңгеге жетті. Өкініштісі, денсаулық сақтауға жұмсалған шығындардың 42 %-ы ел азаматтарының қалтасынан шыққан. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген межеден екі есе көп", – деді басқарма төрағасы.  

Ал Жамбыл облысы бойынша сатып алу жоспарына сәйкес биылғы қаржыландыру көлемі 51,7 млрд теңгені құраса, келесі жылы ол 73,2 млрд теңге болмақ. Демек, қаржыландыру деңгейі 1,4 есеге өседі екен.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу