Сол күні Семей қаласының №49 мектебінің ұстазы, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Қуат Айтқалиев жаңажылдық шыршаны безендіру кезінде биіктен құлап, ауыр жарақат алды. Жедел жәрдем оны түрлі жарақаттармен, ауыр күйде ауруханаға жеткізген. Шұғыл операция жасалған.
2025 жылғы 8 қаңтарда Қуат Айтқалиевтің ауруханадан шығарылғаны анықталды. 9 қаңтардан бері оны емхана дәрігерінің бақылауына тапсыра салған. Сөйтіп, шенеуніктер бұл оқиғаны жылы жаба салғандай болды. Ақпарат құралдары қазақ тілі мұғалімінің әлі күнге өтемақы алмағанын жазды.
Оқу-ағарту министрлігі осы оқиғаға байланысты былтыр арнайы тексеріс басталғанын мәлімдеген еді. Алайда оның нәтижесі белгісіз.
Есесіне, кімдердің қандай жаза алғанын депутаттарға хатында еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов хабарлады. Ол Бас прокуратура педагогтардің құқықтарын қорғау, соның ішінде зардап шеккен мектеп ұстазы, Абай облысының Семей қаласындағы №49 мектептің Қазақ тілі және әдебиеті пəнінің мұғалімі Қ.Айтқалиевке қатысты мəселелерді қарағанын жеткізді.
"Қуат Айтқалиев 2024 жылғы 21 желтоқсанда Семей қаласының орталық алаңындағы қалалық шыршаны безендіру кезінде жоғары биіктіктен құлаған. Салдарынан бас сүйек-ми, ошақты бас миының жарақаты жəне басқа ауыр жарақат алған. Осыған байланысты оған резекциялық краниотомия хирургиялық отасы жасалды. 2025 жылғы 9 қаңтарға дейін ауруханада медициналық ем алды", – деп хабарлады Берік Асылов.
Ол қазіргі кезде жəбірленуші Айтқалиев емделу мекемесінен шығып, үй жағдайында жалпы практика дəрігерінің патронажына тапсырылғанын мәлім етті. Жарақаты толық жазылмаған, бірақ "жалпы жағдайы тұрақты" деп танылыпты. Денсаулық сақтау министрлігі оны өз бақылауына алған көрінеді.
Бас прокурордың мәліметінше, Қ.Айтқалиевтің жарақат алу фактісі бойынша қалалық Полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 632-бабының 4-бөлігіне (ауыр зардаптарға əкеп соққан билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) сәйкес, 2024 жылғы 22 желтоқсанда іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.
Қылмысқа жол берген шенеуніктердің қайсысы бүгінде қандай жазаға тартылды?
Негізінен, ұсақ-түйек жауапкершілікпен құтылғанға ұқсайды.
Біріншіден, тергеп-тексеру барысында мұғалімдерді кəсіби міндеттерімен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берген қала əкімінің орынбасары А.Хамзаев 27 желтоқсанда күдікті ретінде танылды.
Екіншіден, Семейдің №19 жəне №40 мектептерінің басшылары да қалалық шыршаны безендіруге өз мұғалімдерін (жалпы саны 5) заңсыз тартып, білім беруден тыс қара жұмысқа жеккені әшкере болды. Алайда Бас прокуратураның дерегінше, бұл қылмысқа жол берген аталған мектептердің директорлары А.Жүнісова және Г.Сүлейменова тəртіптік жауапкершілікпен құтылды.
Нақтылағанда, Семей қалалық Білім бөлімі 23 желтоқсандағы №01-06/62-1 бұйрығымен оларға "сөгіс" жариялады.
Үшіншіден, қалалық мұғалімдердің құқығы аяққа тапталып келгені үшін жергілікті Білім бөлімінің басшысы Б.Булабаев қызметінен босатылды. Осыған қатысты облыстық Білім басқармасының басшысы 23 желтоқсанда №01-02/447 бұйрығын қабылдады.
Төртіншіден, Қуат Айтқалиев жұмыс істейтін білім ордасының басшысы "больничный" алып кетіпті. Заң бойынша еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеген шенеунікке одан шыққанша жаза қолданылмайды. №49 мектеп директоры Г.Тоқтаубаеваның денсаулығына байланысты уақытша еңбекке жарамсыз болуына орай директордың міндеттерін атқару оның орынбасары Н.Құрмановқа жүктелген.
Бесіншіден, өз кезегінде Абай облысының Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 409-бабы 7-3-тармағының 1-тармақшасына сәйкес, яғни, "заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, педагогты кəсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартқаны" үшін жергілікті білім беру мекемелерінің басшыларын əкімшілік жауаптылыққа тартты. Бірақ оның қандай жаза екенін нақтыламады.
Алтыншыдан, Еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаменті жазатайым оқиға бойынша арнайы тергеп-тексеру жүргізді. Қорытындысында Қуат Айтқалиевтің жарақат алуына жұмыс берушісі толық – 100% кінəлі екені анықталды. Тиісті акт 2025 жылғы 10 қаңтарда шығарылған.
Соның негізінде мұғалім жауапты тұлғаларды, ұйымдарды сотқа беріп, өтемақы, моральдық зиянды ақшалай нысанда өтеуді талап ете алады.
"Осыған байланысты тексеру комиссиясы зардап шегуші Айтқалиевке əлеуметтік көмек алу құқықтарын түсіндірді. Іс жүргізудегі сотқа дейінгі тергеп-тексерумен қатар, жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру актісі биылғы 16 қаңтарда тікелей жұмыс берушіге қатысты шара қабылдау үшін қалалық Полиция басқармасына жолданды. 10 қаңтарда сот-медициналық сараптамасы тағайындалды", – деді Бас прокурор Берік Асылов.
Ол сотқа дейінгі тергеп-тексеру прокуратураның бақылауында екенін хабарлады.
Бұдан бөлек, жоғарыдан Оқу-ағарту министрлігін "педагог мəртебесі туралы заңнама талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге бағдарлайтын" нұсқау берілген. Себебі, жалғыз Семейде ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде мектеп қызметкерлері қалалық шыршаны орнатып, безендіруге және әкімдердің басқа да жұмыстарына тартылатыны жасырын емес.
Өз кезегінде осы оқиға бойынша Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев барлық өңірлердің білім басқармалары басшыларын жинап, жабық аппараттық жиналыс өткізгені мәлім. Онда білім шенеуніктеріне заңнаманы сақтау жөнінде ескертулер мен ұсынымдар берді.
Айта кету керек, осының алдында Мәжілістегі барлық 6 партияның фракциялары осы масқара жағдайға байланысты депутаттық сауал жариялаған болатын.
Онда депутаттар Президенттің тапсырмасымен қабылданған, ұстаздардың заңды мүддесі мен құқықтарын қорғауға арналған және оларды негізгі қызметіне жатпайтын артық жұмыстарға жұмылдыруға тыйым салатын "Педагог мәртебесі туралы" заңы қазіргі кезде өрескел бұзылып жатқанын ашық айтты.
Осыған орай Мәжіліс атқарушы билікке бірнеше рекомендация берді.
Біріншіден, ұстаздарды заңсыз жұмысқа тарту шешімін қабылдаған және "Педагог мәртебесі туралы" заңды өрескел бұзған тұлғалар анықталып, қатаң жауапкершілікке тартылуға тиіс. Бұл талап орындалмай тұр, әзірге айыптылардың бірде бірі ең құрығанда бірнеше тәулікке темірторға жабылмаған, айыппұл да төлемеген.
Депутаттар негізінен ұсақ тұлғалар жазаланғанына, заңсыз бұйрық беретін нағыз жауаптылар жоғарыда отырғанына назар аудартты.
"Бүгінде мектеп директорларын жауапкершілікке тарту және білім бөлімінің басшысын қызметінен босату қаншалықты әділетті? Педагогтарды шырша құруға тарту туралы заңсыз шешімді қабылдаған барлық тұлғалар анықталып, жауапкершілікке тартылсын", – дейді мәжілісмен Жұлдыз Сүлейменова.
Екіншіден, Мәжіліс депутаттарының айтуынша, жергілікті билік ісінен зардап шеккен педагогті емхана дәрігеріне жүктей салмай, толыққанды медициналық көмек көрсету, сауықтыру керек. Оған заңды өтемақы төлеу, оның ішінде педагогтың алған жарақатын өндірістік жарақат деп тану және оған өмір бойы өндірістік жарақатқа берілетін төлемді тағайындау қарастырылсын.
Үшіншіден, мәжілісмендер "Педагог мәртебесі туралы" заң талаптарын сақтамау жағдайларына байланысты басқа өңірлердегі барлық білім беру ұйымдарына тексеріс жүргізуді талап етті. Сондай-ақ, педагогтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған қосымша шаралар қабылданғаны жөн.