Pegasus: мемлекеттік құпиялардың таралу қаупі бар ма?

7586

Шпиондық софт айналасындағы дау-жанжал ары қарай өрбуде.

Pegasus: мемлекеттік құпиялардың таралу қаупі бар ма?

Pegasus көмегімен телефондары тыңдалуы ықтимал тұлғалардың тізіміндегі қазақстандықтар саны артып келеді, деп жазады Inbusiness.kz. 

"Қазақстандық тізімде" кімдер аталды?

"Пегасусты" әзірлеп, сататын, бұрынғы әскерилер негізін қалаған израильдік NSO Group компаниясы жанжалдан кейін кейбір елдерді төл тыңшылық құралынан айырып, оны пайдалануына уақытша тыйым салды. Бұған ол Израильде осы компанияның технологияларды теріс пайдалануына қатысты тергеу басталуына орай барып отыр. Дегенмен, дәл қандай елдердің құзырлы органдары үшін Pegasus қолжетімсіз болып қалғанын компания нақтыламады.

Таяуда жиырма шақты беделді шетелдік басылым ауқымды журналистік зерттеуді жариялады: онда әртүрлі елдердің үкіметтері осы тыңшылық құралды мемлекет басшыларының, белгілі саясаткерлердің, бизнесмендердің журналистердің, қоғам белсенділерінің телефондарын тыңдау үшін пайдаланғаны айтылған. Осыдан кейін NSO Group айналасында халықаралық жанжал туды.

БАҚ аңдуға іліккен 50 мыңнан астам телефон нөмірін анықтады. Олар негізінен, бірқатар Еуропа елдерінің, Венгрияның, Әзербайжанның, Үндістанның, Мексиканың, Марокконың, Бахрейннің, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Қазақстанның азаматтары болып табылады-мыс.

Washington Post дерегінше, арнайы қызметтер Марокко патшасы VI Мұхаммедтің, Франция Президенті Эммануэль Макронның (сондай-ақ Францияның біраз министрінің), Оңтүстік Африка Республикасының көшбасшысы Сирил Рамафосаның, Ирак президенті Бархам Салихтің, Пәкістанның премьер-министрі Имран Ханның, Египеттің премьер-министрі Мостафа Мадбулидің, Марокконың үкіметінің басшысы Саад-Эддин Эль Османидің, Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуровтың (ол осы жайтты 2018 жылдан бері білгенін мәлім етті), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшыларының, Еуропа Кеңесінің, бас-аяғы жүздеген саясаткер мен үкіметтік шенеуніктердің қоңырауларына құлақ түрген деседі.

Қазақстанда Пегасус тыңшылық бағдарламасының көмегімен "қадағалауға" душар болуы мүмкін делінген белгілі адамдар қатарында Қазақстанның қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкімет басшысы Асқар Мамин, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ Әсет Исекешев, Владимир Божко, Сауат Мыңбаев, Ахметжан Есімов, Абай Сарқұлов, Кеңес Рақышев, қашқын банкир Мұхтар Әбілязов, бизнесмендер Нұрлан Смағұлов пен Ғалымжан Есенов аталды. Бұл жайында Сыбайлас жемқорлық және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) өз зерттеуінде хабарлады.

Оның мәліметінше, Б.Сағынтаев Премьер-Министр болған кезде "нысанаға" алынуы ықтимал. Владимир Божконы тыңдау 2018 жылы жүргізілген, ол кезде Божко Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары лауазымын атқарған, яғни мемлекеттік құпиялармен жұмыс істеген. Сауат Мыңбаев "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясын басқарған. Ал Әсет Исекешев астана әкімі қызметінен босап, Президент әкімшілігінің басшысы қызметіне тағайындалған.

Бұдан бөлек, OCCRP тізімінде Central Asia Monitor газетінің бұрынғы бас редакторы Бигелді Ғабдуллин, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, Францияның гуманитарлық ұйымының еліміздегі қызметкері Мартин Вильём және басқасы бар.

Pegasus шпиондық софтының тұзағына ілігуі мүмкін қазақстандықтар тізімінде көрсетілгендердің ішінде тұлғасы анықталғандар саны 20-ға жуықталды. Әйткенмен, аңдуға ұшырауы ықтимал тізімде шамамен 2 мыңдай қазақстандық телефон нөмірі бар көрінеді.

Пегасус: аңыз бен ақиқат арасындағы дүние

Жалпы, көп шу тудырған журналистік зерттеуде нақтылық жетіспейді. Бұған осының алдында Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев та назар аудартқан болатын.

Біріншіден, тізімдегі тұлғаларды қандай елдердің арнайы қызметтері тыңдауы ықтимал екені белгісіз. Мысалы, Эммануэль Макронның телефон нөмірі бағдарламаға марокколық оператор арқылы енгізіліпті.

Екіншіден, егер шынымен тыңдалған болса, ол тұлғалардың сыртқа сыр шашқан-шашпағаны туралы ештеңе айтылмайды. Себебі, билікте тәжірибелі, аса сақ, телефонмен тілдесуде маңызды жайттарды талқыламайтын, ол жайында тіс жармайтын адамдар жетерлік.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев "телефонды тыңдаумен ірі тұлғаларды таңғалту қиын екеніне, сондықтан олар құпия немесе салмақты әңгімелерді телефонмен айтпайтынына" назар аудартады.

Израильдік NSO Group өзінің Pegasus бағдарламалық қамтылымын тек адам құқығын қорғайтын жауапты үкіметтерге ғана сататынын айтып, табандауда. Оның үстіне бұл құрал тек қылмыстарды тергеу және терроризммен күрес мақсатында қолданылатын көрінеді. Тұтастай алғанда, оның қызметін 40 елдегі 60 шақты ұйым – арнайы қызметтер, құқық қорғау органдары және әскерилер пайдаланады. NSO Group байламынша, ақпарат құралдарында жарияланған тізімнің "Пегасуске" ешқандай қатысы жоқ. БАҚ-та аттары аталып жатқан тұлғалар "Pegasus арқылы індетілетін әлеуетті нысаналарға жатпайды".

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі цифрлық дәуірде ешкім де өзін қауіпсіз сезіне алмайды. Pegasus болмағанымен, өзге шпион-бағдарламалар кез келген телефонға кіріп кете алады. Америкалық техникалық маман, арнайы агент, Орталық барлау басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдуард Сноуден Twitter-дегі парақшасында интернет-шпионажға арналған бағдарламалар индустриясы бақылаудан шығып кетті деп жазады.

"NSO-ның америкалық телефон нөмірлерін тыңдау техникалық тұрғыдан мүмкін емес деген тұжырымдамасы – дөрекі түрдегі өтірік. Макронның iPhone-ын бұзған бағдарлама Байденнің iPhone-ына да баса-көктеп ене алады. Ол кез келген елдің заңсыз бұзуға тосқауыл қоятын кез келген кодын жоя алады", – деген пікірде Э.Сноуден.

"Бұл бағдарлама қосымшалардағы, мессенджерлердегі болар-болмас ақауларды пайдаланып, еніп кетеді. Бейғам құрбаннан тіпті әлдебір сілтемемен өту де талап етілмейді. Ештеңе басуы қажет емес. Қарау ниетті қаскүнем ол адамның жай ғана телефон нөміріне қол жеткізсе болды, оның ұялы телефонындағы барлық деректі алақанға салғандай анық көре алады", – дейді Amnesty International жобасының Венгриядағы басшысы Арон Деметер.

Жанжалға Қазақстан мен әлем елдерінің реакциясы

Бірқатар елдер бұл хабарды салмақты қабылдап, тиісті шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, Франция лидері Э.Макрон өзінің телефон нөмірінің тыңдалуына қатысты "тергеулер сериясын" жүргізу туралы тапсырма берді. Ол осыдан кейін барлық телефон нөмірлерін дереу ауыстырғанын мәлімдеді. Өзге елдердегі тұлғалар да осылай жасапты.

Көптеген ІТ-компаниялар орналасқан Люксембургтің билігі NSO group-пен ынтымақтасқан бағдарламашылардан түсініктеме талап етіп, хат жолдаған. Үндістан Парламенті де осы зерттеуге жете мән беруде.

Бұл оқиғаға байланысты Қазақстанда тек Премьер-Министр Кеңсесі мен Алматы әкімдігі ғана түсініктеме берді. Олар Pegasus жөнінде БАҚ-та жарияланғаннан басқа қосымша ақпарат өздерінде жоқтығын хабарлады. Үкіметтің баспасөз қызметі ешқандай құпия ақпараттың сыртқа шықпағанын білдірді.

"Премьердің Үкімет мүшелерімен телефондық әңгімелері мұқият қорғалған арнайы үкіметтік байланыс арқылы жүргізіледі", – деді журналистерге баспасөз қызметі басшысының орынбасары Думан Хамит.

"Алматы әкімі мен әкімдігінің жұмысы қалалықтардың көкейкесті мәселелерін және өзекті проблемаларын шешуге бағытталған, барлық әңгімелер соған байланысты өрбиді. Сондықтан дәлел-дәйектемелері жоқ ақпаратқа түсініктеме беру әкімдік үшін мұқият пысықтауды талап ететін ағымдағы міндетке жатпайды", – деді ірі мегаполис әкімдігінің жұртшылықпен байланыс қызметінің басшысы Әсет Мұқажанов.

Қорыта айтқанда, әзірге журналистік зерттеуде келтірілген нөмірлердің тыңдалған-тыңдалмағаны да белгісіз қалуда. Мұндай екұдай жағдайда қандай да бір мемлекеттің құпияның сыртқа шығып кеткен-кетпегеніне болжам жасау – әбестік, әрі ағат іс болар еді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу