Петициялар мен наразылық толқынының астында қалған Парламент тарай ма?

2461

Мемлекет басшысы қол қойғанымен, петиция туралы заң күшіне енбеді. 

Петициялар мен наразылық толқынының астында қалған Парламент тарай ма? Фото: inbusiness.kz

Бұдан бұрын Inbusiness.kz Президенттің петиция ұғымын енгізіп, оны реттейтін "Қоғамдық бақылау туралы" және оған ілеспе заңдарға қол қойғанын хабарлады. Содан бері тура он күн өтті. Алайда мамандардың  түсіндіруінше, ол заңдар сол бойы күшіне енбеген. Неге?

Жалпы, сарапшылар "Жаңа Әділетті Қазақстанның" петиция тетігінен сонша шошынғанына қайран қалады. Мысалы, оның күшіне енетін мерзімін де әріге, келесі жылға ысырыпты.

Бизнес-консультант, қоғам белсендісі Станислав Глазковтың айтуынша, "Қоғамдық бақылау туралы" және оған ілеспе заңдар тек "алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі". Тиісінше, биыл және келесі жылдың бірінші тоқсанында халық арасында резонанс тудырып, кең қолдау тапқан бірде бір петицияны билік қабылдамайды.

Билік, соның ішінде ел Перламенті бұл фактіні жасырып қалмағанымен, оны ауызға алмауға тырысты. Керісінше, "Қоғамдық бақылау туралы" заңға Президент қол қойған күні, 2 қазанда депутаттар, министрлер, биліктің қолынан ет асайтын блогерлер "бүгін маңызды оқиға болды" деп жарыса жазды.

Бұған қоса, сарапшылардың айтуынша, биліктің барлық тармағы петиция соққысынан өзін қорғап қалды, алынбас қамал салды. 

"Қынжылтатыны сол, біздің халықтың басым көпшілігі саясатқа селсоқ қарайды, заңдарды іш пыстырады деп санап, оның жобаларын талқылауға қатыспайды. Олар ыржалақтайтын видео көріп, әлдебір жұлдызсымақтардың не істеп, не қойып жатқанын қызықтауға ғана ынтық. Билік осыны өз пайдасына жаратады. Қоғамымыздың тек саяси белсенді азшылығы ғана билікпен айтысып, әр нәрсеге шырылдайды. Мына заң да олардың аузына қақпақ қоятын тетіктің бірі", – деді түңілісін жасыра алмаған С.Глазков.

Оның айтуынша, "Қоғамдық бақылау туралы" заңын және сонда регламенттелген, биліктің қалауынша тәртіпке келтірілген петиция рәсімін түсіну үшін бір нәрсені ғана білу керек: заңда ірі 17 тыйым бар. Олар қандай мәселелер бойынша петиция жариялауға болмайтынын нық бекітті. Яғни, бұдан былай халық қанша жерден қалап тұрса да, петицияларда ол мәселелерді көтеруге құқығы жоқ.

Мысалы, қазақстандық парламентаризм тарихында ең көп петицияның, яғни халық наразылығының астында қалғаны – "Әділетті Қазақстанның" жаңа Парламенті болып отыр. 2023 жылғы наурыздағы сайлаудан соң қалыптасқан жаңа Мәжілістің жұмыс істегеніне бір жыл да толған жоқ. Ал қазақстандықтар жаңа Парламентке қатысты түрлі тақырыптағы жиырмаға дейін петиция жариялап үлгерді.

Қазақстандықтар биыл Мәжіліс депутаттары Жигули Дайрабаевтың, Қарақат Әбденнің, Азамат Әбілдаевтың, Ринат Зайытовтың өкілеттігін тоқтату туралы петициялар жариялады.

Басқаны айтпағанда, биылғы наурыз айының соңында "Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын заңсыз, легитимді емес деп тануды және аталған сайлаудың нәтижелерін жоюды" қарастыратын петиция 36 мыңға жуық қол жинады. Айтпақшы, ең жанжалды өткен бірмандатты округтердегі сайлаудың қорытындыларын жоюды талап етіп, әлі күнге соттасып жүрген кандидат бар.

Яғни, келесі жылы бүкіл Парламентті тарату туралы петицияны 50 мыңнан астам қазақстандық құптаса, Мәжіліс пен Сенат таратыла ма? Сарапшылар таратылмайтынын айтады. Себебі, жаңа заң ондай талабы бар петиция жариялауға тыйым салады. Дәл осы норма ұнаса керек, депутаттар аталған заңдарды қызу қолдады.

Парламент депутаттарының, сондай-ақ шенеуніктердің жалақысын 85 мың теңгеге дейін түсіруді талап еткен петиция да ел арасында танымал көрінеді: бүгінде оған 68 мыңға жуық дауыс берілген. Олай болса, ең құрығанда осы петицияны билік назарға алып, қарастыратын шығар? Жоқ. Себебі, Парламентке қарсы енді ешқандай петиция беруге болмайды.

Мұның бәрі негізгі заңға ілеспе және "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңында бекітіліпті.

Осы заңның 90-2-бабына сәйкес:

  • сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот төрелігін жүзеге асыруға,
  • прокуратура органдарының заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауына,
  • сыртқы барлауға, қарсы барлауға,
  • жедел іздестіру, құқық қорғау қызметіне,
  • күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, күзет іс-шараларын жүргізуге,
  • Қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және қоғамдық тәртіпті сақтауға,
  • Қазақстан Президентінің, Парламент палаталарының (Мәжіліс пен Сенаттың), Үкіметтің қарауына жататын тұлғаларды лауазымнан босатуға;
  • Мемлекеттік органдардың құзыреттерін, өкілеттіктерін, функциялары мен міндеттерін өзгерту мәселелеріне және басқасына қатысты петициялар жариялауға жол берілмейді. Тыйымдар 17 тармақшадан тұратын ұзын тізімді толтырып тұр.

Яғни, биліктің барлық тармақтарының қауіпсіздігі қамтамасыз етілгені байқалады.

Билік тіпті "Қазақстанның халықаралық шарттарынан туындайтын міндеттемелерді орындау мәселелеріне" қатысты петициялар да қабылданбайтынын жазып қоюды ұмытпапты. Әйтпесе, қазақстандықтар "Қазақстанның ҰҚШҰ және Еуразиялық одақтан шығуын талап етеміз" деген петиция да жариялаған болатын. Оған бүгінде 70 мыңдай адам жақтап, дауыс берді. Яғни, бұл тыйым болмағанда, қолдаушылар саны 50 мыңнан асқандықтан, оны Үкімет қарауға міндетті болатын ба еді.

Алматы әкімі Ерболат Досаевты отставкаға жіберу туралы петиция 60 мыңдай қол жинады. Билік енді ресми түрде халықтың бұл талабын да құлаққа ілмейтін болады. Өйткені заңда "Президентінің қарауына жататын тұлғаларды лауазымнан босатуға" қатысты петиция жариялауға рұқсат етпейді делінген.

Тағы бір тыйым: сенатор Руслан Рүстемовтың айтуынша, Қазақстан азаматтары петицияны тек арнайы интернет портал арқылы бере алады. Алайда әзірге ол портал белгіленбеген.

Азаматтар Alash.online, Change.org сияқты мамандандырылған порталдар арқылы петиция жариялап жүр. Бірақ олардың нәтижелерін мемлекет мойындамайтын болады. Билік тек өз бақылауындағы порталды ғана басшылыққа алады. Ал онда шенеуніктерге жақпаған әлдебір әлеуметтік, экономикалық, экологиялық мәселеге қатысты петицияның есептегіші тосыннан істен шықпасына еш кепіл жоқ.

Осының алдында Қазақстан халқы петиция тетігі арқылы әлдебір министрді, әкімді орнынан кетіруге қол жеткізе алмайтынын Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Данияр Қадыров растады.

"Қазақстандықтар петиция арқылы әкімнің не министрдің отставкасына қол жеткізе алмайды. Себебі, заң бар, Президенттің құқығы бар. Бұл бағытта тіпті референдум өткізуге болмайды. Президент пен Парламент тағайындайтын лауазымдарға қатысты петиция беруге болмайды. Бұл процеске азаматтар жанама әсер ете алады: бүгінде ауылдық округтер мен аудандардың әкімдері сайланады. Кез келген министр өз лауазымына кіріспес бұрын міндетті түрде өз кандидатурасына Парламенттің келісімін алады. Парламентті халық сайлаған. Мұнда да азаматтар жанама қатысып отыр. Ал тікелей ықпал ете алмайды. Заңда бұған қатысты нақты жазылған: жоқ, болмайды!" – деді вице-министр.

Осылайша, бұл тұрғыда "Жаңа Қазақстанда" да халық "жанама" күйде қалып отырғанға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу